Астанада Австрия Федералдық экономикалық палатасының делегациясы сапары аясында Қазақстан-Австрия іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Іс-шара экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және басым салаларда бірлескен жобаларды іске қосу мүмкіндіктерін талқылауға арналған алаңға айналды.
Қазақстан тарапынан отырысқа ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Көлік министрлігі, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Атамекен» ҰКП Сыртқы сауда палатасы және өзге де мемлекеттік органдар мен ұлттық даму институттарының өкілдері қатысты. Австрия тарапынан машина жасау, энергетика, экологиялық технологиялар, цифрлық шешімдер, логистика және инжиниринг салаларында жұмыс істейтін 15-тен астам компанияның өкілдері қатысты.
Кеңес төрағалары – Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пшембаев пен Австрия Федералдық экономикалық палатасының вице-президенті Филипп Гади, сондай-ақ екі елдің ресми тұлғалары – ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Қазақстанның Австриядағы Елшісі Мұхтар Тілеуберді және Австрияның Қазақстандағы Елшісі Андреа Бахер құттықтау сөз сөйледі.
Қазақстанның инвестициялық әлеуеті туралы презентациямен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында Қазақстан жоғары технологиялық өндірістерді жергіліктендіру үшін кең мүмкіндіктер ұсынатынын, әсіресе жасыл энергетика, машина жасау, шикізатты өңдеу және цифрландыру сияқты салаларда әлеуеттің жоғары екенін атап өтті.
«Австрия – Қазақстанның Еуропалық одақтағы сенімді серіктестерінің бірі. ҚР ұлттық статистикасы бойынша, 2005 жылдан бері Австриядан тікелей инвестициялар көлемі 3 млрд АҚШ долларынан асты, елімізде австриялық капиталы бар 177 компания тіркелген. Біз жоғары технологиялық өндірістерді жергіліктендіру мен экспортқа бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру арқылы сауда саласынан шығып, терең өнеркәсіптік ынтымақтастыққа көшуге дайынбыз», – деді ол.
Отырыста екі елдің компаниялары қысқаша таныстырылым жасады. Австрия тарапынан Andritz Hydro, AFRY, AVL, Ecocom, Felder Group, Frequentis, ILF Consulting Engineers, PlanRadar, Primetals Technologies және басқа да компаниялар қатысты. Қазақстандық компаниялар машина жасау, энергетика, қайта өңдеу, логистика және құрылыс салаларындағы өзекті жобаларын таныстырды.
Іс-шара соңында екі елдің бизнес өкілдері арасында B2B кездесулер өтті. Жобаларды іске қосу тетіктері, Қазақстан мен Австрия арасындағы Үкіметаралық комиссия желісі бойынша ынтымақтастық, Транскаспий бағыты аясындағы байланыстар және «жасыл» өнеркәсіптік күн тәртібіндегі пилоттық бастамаларды пысықтау мәселелері талқыланды.
Дереккөз: https://invest.gov.kz