Астанада ТМҰ елдерінің денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту жөніндегі панельдік сессия өтті

Астанада ТМҰ елдерінің денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту жөніндегі панельдік сессия өтті

Астана, 2025 жылғы 8 ақпан – Астанада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау министрлерінің іскерлік кездесу аясында «ТМҰ елдерінің денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту» тақырыбында панельдік сессия ұйымдастырылды.

 

Сессия жұмысына мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, инвестициялық қауымдастық пен бизнес өкілдері қатысты. Қатысушылар медицина, фармацевтика және денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.

 

Іс-шара барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, халықаралық медициналық компаниялардың, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов пен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айбол Арғынғазиновтың баяндамалары тыңдалды.

 

Өз сөзінде Ғабидолла Оспанқұлов денсаулық сақтау саласы Қазақстанның инвестициялық күн тәртібіндегі басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Ол медициналық саладағы ұлттық бастамалар туралы, оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы және 2030 жылға дейінгі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы туралы жан-жақты баяндады.

 

«2025–2028 жылдар аралығында жеке инвесторлар қаражаты және мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы көпсалалы ауруханалар мен медициналық орталықтар салуды көздейтін 30-дан астам жобаны іске асыру жоспарлануда», — деді ол.

 

Айбол Арғынғазинов өз кезегінде Қазақстанның фармацевтика бизнесі үшін бәсекелік артықшылықтарына назар аударды: өңірлік нарықтарға қолжетімділік, дамыған логистика, салықтық және кедендік жеңілдіктер. Ол Қазақстанның қазіргі таңда әлемдік дәрі-дәрмек өндірушілермен ынтымақтастық орнатып жатқанын және жаңа өндірістерді жергіліктендіруге дайын екенін атап өтті.

 

«Халықаралық фармацевтикалық компаниялар тарапынан қызығушылықтың артқанын байқап отырмыз. Біздің міндетіміз — инвесторлар үшін түсінікті және ашық орта қалыптастыру. Қазақстан инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерінде нақты алаңдар мен жан-жақты қолдау ұсынуға дайын», — деп атап өтті ол.

 

Панельдік сессия денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік әрі технологиялық тұрғыда маңызды салада түркітілдес елдер арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

Дереккөз: invest.gov.kz