Германия Қазақстан экономикасына $5,5 млрд жуық инвестиция салды

Германия Қазақстан экономикасына $5,5 млрд жуық инвестиция салды

17 жыл ішінде Германияның Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестициясының көлемі 5 млрд АҚШ долларынан асты. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді.

"2005 жылдан бастап Германияның біздің экономикаға тікелей инвестицияларының көлемі шамамен 5,5 млрд АҚШ долларын құрады. Олардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне бағытталған", – деді Роман Скляр Нұр-Сұлтандағы Қазақстан-Герман бизнес-форумы барысында.

Вице-премьердің айтуынша, пандемиядан туындаған шектеулер жағдайында Қазақстан мен Германия екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамыту үрдісін сақтап қана қоймай, онлайн-форматты пайдалана отырып, нақты жобалар мен ұсыныстарды ілгерілетуді жалғастыра алды. Вице-премьер бүгінгі таңда ГФР Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі болып табылатынын атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, Инвестицияларды көтермелеу мен өзара қорғауға бағытталған бірқатар үкіметаралық келісімдер жұмыс істейді.

"Біздің елдеріміздің ынтымақтастығы табысты дамып келеді, бұл Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 және 2020 жылдары Германияға жасаған екі сапарынан кейін жаңа серпін алған өзара қарым-қатынас серпінін көрсетеді. Бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде туындайтын мәселелер мен проблемаларды шешуге арналған Үкіметтік жұмыс тобы құрылды", – деп толықтырды Роман Скляр. Сондай-ақ, оның айтуынша, германиялық компаниялармен ағымдағы ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін ай сайынғы негізде кездесулер, оның ішінде онлайн-форматта да өткізіледі.