Ыстанбұлда Түркі кеңесі Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтті

Ыстанбұлда Түркі кеңесі Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтті

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Түркі кеңесінің VIII Саммиті қарсаңында өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің (ТМЫК) Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты.

Жыл сайынғы министрлік кездесулерде Түркі кеңесі мемлекеттері басшыларының кездесулері мен шешімдерін дайындаудың мазмұнды және ұйымдастырушылық мәселелері талқыланады. Осы кездесу барысында министрлер Мемлекет басшылары кеңесінің алдағы отырысында қол қою және бекітуі жоспарланған күн тәртібі мен қорытынды құжаттардың жобаларын келісті.

Кездесу қорытындысы бойынша СІМ басшылары бірқатар құжаттарды, соның ішінде Түркі кеңесі хатшылығының қызметі мен қаржылық мәселелері, ТМЫК Ақсақалдар кеңесінің ережесі, Түркі әлемінің қалаларына белгілі бір мәртебе беру және т.б. құжаттарды қабылдады және оларға қол қойды.

Сонымен қатар, іс-шара аясында Түркия Республикасы мен түркітілдес елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша  «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы жылына ортақ көзқарас» тақырыбында конференция ұйымдастырылды.  Конференция барысында әлемдік экономикадағы заманауи үрдістерге және түркітілдес елдер арасындағы сауданы дамыту перспективаларына, сондай-ақ инвестициялық ортаны жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстан тарапы Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында құрылып жатқан «TURANSEZ» арнайы экономикалық аймағын таныстырды. Бұл аймақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы көктемде ТМЫК бейресми Түркістан саммиті барысында бастамашылық еткен болатын.

Панельдік сессия барысында ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев конференция қатысушыларына Қазақстанда бизнес жүргізу мүмкіндіктері, инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде шетелдік кәсіпкерлерге үкімет тарапынан ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып, еліміздің инвестициялық әлеуетін таныстырды.

«Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасына $370 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Осы уақыт ішінде Қазақстан бірқатар кең ауқымды реформалар жүргізді, салық, кәсіпкерлік және Кеден кодексіне қажетті түзетулерді қабылдады, бұл экономиканы жоспарлы түрде әртараптандыруға және бизнесті табысты жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді. Халықаралық тәжірибені зерттей келе, Қазақстан әлеуетті инвесторларға жан - жақты қолдау көрсетеді: заттай гранттар беру, салықтар мен кедендік баждарды төлеуден босату және т.б.», - деп атап өтті өз сөзінде ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің басшысы.

Айта кету керек, Түркия Қазақстан Республикасының стратегиялық серіктестерінің бірі болып табылады. Соңғы 6 айдың қорытындысы бойынша Түркиядан Қазақстанға шамамен 390 млн.

Бүгінгі таңда Қазақстанға инвестиция салған жетекші түрік холдингтері арасында «Yildiz Holding», «Yildirim Holding», «YDA Holding», «Abdi Ibrahim», «Aselsan», «Anadolu Endustri Holding», «Borusan Holding», «TAV Havalimanlari Holding», «Ulkar Holding» және «Okan Holding» және т. б. Аталған жобалар жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және өнеркәсіп, фармацевтика, АӨК, ТМК, инфрақұрылым салаларын және т. б. қамтиды

Анықтама: Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылы Нахычеван қаласында (Әзербайжан) құрылды. Түркі кеңесінің хатшылығы Ыстанбұл қаласында (Түркия) орналасқан. 7-ші саммиттің қорытындысы бойынша Өзбекстан қосылғаннан кейін Кеңес мүшелерінің саны беске жетті (Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан). Түрікменстан ТМЫК байқаушы мемлекет ретінде алғаш рет қатысып отыр.

Ақпарат көзі: ҚР Сыртқы істер министрлігі