Нұр-Сұлтанда қазақстандық-британ ынтымақтастығы талқыланды

Нұр-Сұлтанда қазақстандық-британ ынтымақтастығы талқыланды

Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 4 қарашасы – Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров пен Ұлыбританияның халықаралық сауда жөніндегі мемлекеттік министрі Ранил Джаяварденаның тең төрағалығымен Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) сегізінші пленарлық отырысы өтті.

ҮАК-тің 6 жұмыс тобының отырыстары 21 қазан мен 2 қараша аралығында онлайн-форматта ұйымдастырылды.

Тараптар ҮАК қызметінің өткен жылғы нәтижелерін қарастырып, екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады. Сондай-ақ, отырыс барысында қаржы секторы, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, білім беру, ауыл шаруашылығы және цифрландыру жөніндегі жұмыс топтарының есептері тыңдалды.

Өз сөзінде А. Айдаров пандемияға қарамастан 2020 жылы Қазақстанға тартылған Британ инвестицияларының көлемі 36% өсіп, 620-дан 849 АҚШ млн. долл. Құрағанын ерекше атап өтті.

«Бұл оң үрдіс 2021 жылы да жалғасын тауып отырғанын қуана атап өткім келеді. Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанның экономикасына құйылған британдық инвестициялардың көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32% өсіп, 612 АҚШ млн. долл. Құрады» - деді Министрдің орынбасары.     

Өз кезегінде Р. Джаявардена Қазақстанның өңірде бизнесті жүргізу үшін барынша қолайлы жағдай жасау бойынша күш-жігерін жоғары бағалап, британдық тараптың цифрландыру, ауыл шаруашылығы, жасыл экономика және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге мүдделігін растады. 

Іс-шараның қорытындысы бойынша 8-ші ҮАК отырысының хаттамасы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «Astra Zeneca» ірі британ фармацевтикалық компаниясы арасында респираторлық, онкологиялық және жаңа технологияларды енгізу арқылы басқа да ауруларды емдеудегі өзара іс-қимылдың одан әрі даму мүмкіндіктерін ашатын ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.  

Тараптар кезекті 9-шы ҮАК отырысын 2022 жылы Лондонда екі елдің бірқатар іскерлік топтарының қатысуымен өткізуге уағдаласты.

ҚР Сыртқы істер министрлігі