Алматы қаласының инвесторларымен форумы

Алматы қаласының инвесторларымен форумы

Ү.ж. 17 ақпанда Алматы қаласында инвесторлар форумы өтіп, іс-шара мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылауға, сондай-ақ мегаполистің инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту жөніндегі бірлескен шешімдерді әзірлеуге арналған ашық алаң болды.

Іс-шара Алматы қаласының әкімі Д.Сатыбалдының төрағалығымен өтті. Форумға Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Б.Ералы, ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитеті төрағасының орынбасары А.Ақсубаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Г.Бижанова, Алматы қаласының прокуроры С.Кәріпбеков, сондай-ақ «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары А.Арғынғазинов қатысты. Сонымен қатар форум жұмысына инвестициялық қауымдастық өкілдері, салалық сарапшылар және іскерлік бірлестіктер қатысты.

Д.Сатыбалды форумды аша отырып Алматының орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін инвестициялар тартудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Ол қалада қолайлы іскерлік ортаны қалыптастыру жөніндегі шаралар жүйелі түрде іске асырылып жатқанын, инвесторларды қолдау инфрақұрылымы жетілдіріліп, инвестициялық жобаларды сүйемелдеудің цифрлық құралдары белсенді енгізіліп жатқанын жеткізді.

Өз кезегінде Инвестиция комитеті төрағасының орынбасары А.Ақсубаев Алматының инвестициялық ахуалын жақсарту жөніндегі негізгі шаралар туралы хабарлап, цифрландырудың және инвестициялық жобаларды онлайн-мониторингтеуді қамтамасыз ететін, инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтетін, оның ішінде «прокурорлық сүзгі» тетігі арқылы қорғауды жүзеге асыратын Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның (ҰЦИП) маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Өңірлік инвестициялық штабтың жұмысы, «инвестицияларға тапсырыс» форматының тиімділігі және мемлекеттік қолдау құралдарының кеңеюі баяндалды.

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары А.Арғынғазинов Қазақстанның шетелдік инвестицияларды тарту және ұстап қалу жөніндегі жаңа цифрлық және институционалдық тәсілдерін таныстырып, «бір терезе» қағидаты мен инвесторларды проактивті сүйемелдеудің рөлін атап өтті.

Форум барысында қатысушылар инвестициялық жобаларды іске асырудың ағымдағы мәселелерін, бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын, сондай-ақ инвесторлардың құқықтарын қорғаудың практикалық тетіктерін талқылады. Құқық қолдану практикасы, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл рәсімдерінің ашықтығы және инвесторларды сүйемелдеудің институционалдық тетіктерін күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Іс-шара инвесторлардың қала басшылығымен және мемлекеттік органдар өкілдерімен жобаларды іске асыру барысында туындайтын проблемалық мәселелерді талқылаған, сондай-ақ іскерлік ортаны жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізген ашық сұрақ-жауап сессиясымен аяқталды.