Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев «ExxonMobil» компаниясының аға вице-президенті Питер Ларденмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар «ExxonMobil» компаниясының Қазақстандағы қызметін, соның ішінде негізгі энергетикалық жобаларға қатысуын талқылап, сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және өзара тиімді экономикалық байланыстарды ілгерілету бағыттарын қарастырды.
Е.Көшербаев «ExxonMobil»-дың Қазақстанның мұнай-газ саласындағы негізгі әріптестерінің бірі ретіндегі маңызды рөлін атап өтіп, компанияның стратегиялық жобаларды іске асыруға, энергетикалық нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің қызметіне қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Өз кезегінде П.Ларден Қазақстанның инвестициялық ахуалды жақсарту және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалап, республиканың энергетика саласын орнықты дамыту мүддесінде ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдірді.
ExxonMobil компаниясы Қазақстанда 1993 жылдан бері қызмет атқарып келеді және елдің мұнай-газ секторындағы ірі шетелдік инвесторлардың бірі. Компания көмірсутектерді барлау, өндіру және тасымалдауды қамтитын Теңіз, Қашаған және Каспий құбыр консорциумы сияқты стратегиялық маңызы бар жобаларды іске асыруға қатысады.