Қазақстан мен Болгария сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтуге ниетті

Қазақстан мен Болгария сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтуге ниетті

Қазақстан астанасында Қазақстан мен Болгария Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Румен Радевтің қатысуымен қазақстан-болгар бизнес-форумы өтті. Іс-шара екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын, екі елдің іскер топтары арасындағы өзара әрекеттестікті кеңейтуді және бірлескен инвестициялық бастамаларды ілгерілетуді талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.

Форумның ашылуында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Болгариямен экономикалық ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін атап өтіп, серіктестік өзара инвестициялар мен практикалық өзара іс-қимылға негізделуі тиіс екенін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан бірлескен өндірістерді іске қосуға және екі ел компанияларының жаңа нарықтарға шығуына мүдделі.

Болгария тарапынан Болгарияның шағын және орта бизнесті қолдау агенттігінің атқарушы директоры Бойко Таков құттықтау сөз сөйлеп, елдер арасындағы іскерлік ынтымақтастықтың жоғары әлеуетіне, әсіресе инновациялар, АКТ, туризм және агроөнеркәсіп салаларында сенім білдірді.

Панельдік сессия барысында мемлекеттік органдардың, бизнес пен салалық бірлестіктердің өкілдері бірлесіп іске асыруға болатын нақты жобалар мен бағыттарды талқылады. Талқылауға «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек, Болгария жұмыс берушілер мен инновациялық технологиялар қауымдастығының төрағасы Доброслав Димитров, София қаласы мэрінің орынбасары Иван Василев және форумның басқа да қатысушылары қатысты.

Форумның маңызды сәттерінің бірі — екі келісімге қол қойылуы болды. «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы мен болгарлық «Acta Climate» компаниясы Қазақстан аумағында заманауи климаттық технологияларды пайдалана отырып, орманды қалпына келтіру жөніндегі бірлескен жобаны іске асыруға уағдаласты. Екінші құжат — «Шымкентмай» АҚ мен «Lekkerbek» компаниясы арасындағы келісім. Ол консервантсыз, ұзақ сақталатын азық-түлік өндіруге бағытталған заманауи тағам кешенінің құрылысын көздейді. Жобаға салынатын инвестиция көлемі $20 млн, іске асыру жақын арада басталады.

Форум екі елдің іскер топтары арасындағы B2B кездесулер сериясымен аяқталды, онда серіктестіктің нақты форматтары, өндірістерді жергіліктендіру және технологиялармен алмасу мүмкіндіктері талқыланды. Бизнес-форум форматындағы диалог Қазақстан мен Болгария арасындағы жаңа инвестициялық жобаларды қалыптастыру мен сауда-экономикалық байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды.

Дереккөз: https://invest.gov.kz