Варшава, 2025 жылғы 23 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов Польша Республикасының ғылыми және бизнес өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.
Атап айтқанда, Станислав Сташица атындағы Краков тау-металлургия академиясының (AGH) делегациясымен кездесу өтті. Польша тарапы «CompLithium» жобасын таныстырды. Жоба құрамында литий бар қабат суларынан металлды тиімді бөлуді қамтамасыз ететін инновациялық сүзгі технологиясын пайдалануға бағытталған. Тараптар қазақстандық жоғары оқу орындарымен бірлескен зерттеулер жүргізу және технология сәтті сынақтан өткен жағдайда оны коммерцияландыру мүмкіндігін талқылады.
Сондай-ақ азық-түлік және балық шаруашылығы салаларында жұмыс істейтін Польша кәсіпорындарының жетекшілерімен келіссөздер өтті.
«Polryb sp. z o.o.» компаниясының президенті Лукаш Парфиановичпен келіссөздер барысында балық шаруашылығы саласындағы қазақ-поляк ынтымақтастығының келешегі талқыланды. Польша тарапы форель өсірудің бірегей технологиясын беру және балық шаруашылығы саласындағы мамандарды оқыту бойынша қазақстандық кәсіпорындармен ынтымақтастыққа мүдделілігін білдірді.
«Мощиброди ет комбинаты» компаниясының президенті Кшиштоф Борковски Қазақстанда күркетауық өсіру және қайта өңдеу саласында қазақстандық компаниялармен ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Кездесу барысында Польша құс шаруашылығы өнімдерінің Қазақстан нарығына шығуына кедергі келтіретін бірқатар мәселелер қаралды.
Польша тамақ өнеркәсібі саласындағы ғылыми-техникалық қауымдастығының Бас кеңесінің төрағасы Марек Мажец Қазақстанның азық-түлік өнімдерін Еуропалық Одақ, соның ішінде Польша нарығына шығару үшін сертификаттау саласындағы ынтымақтастыққа дайын екенін, сондай-ақ жасанды интеллектке негізделген заманауи шешімдерді енгізуге мүдделі екенін атап өтті.
«Trans Rach» компаниясының бас директоры Марта Лагодамен логистика саласындағы мәселелер, соның ішінде «Орта дәліз» инфрақұрылымын дамыту және жүктерді жеткізу уақытын қысқарту үшін электрондық кезек жүйесін құру мәселелері талқыланды.
Польша-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Петр Гузовскиймен кездесу барысында Польша инвесторларының Қазақстандағы жобаларын іске асыру барысында туындайтын өзекті мәселелер, соның ішінде кадрларды даярлау мәселелері қаралды. Сондай-ақ алдағы инвестициялар үшін жағдайды жақсарту, бизнес-процестерді оңтайландыру және екіжақты экономикалық ынтымақтастықты нығайту маңыздылығы айтылды.
Кездесулер қорытындысы бойынша екі ел үшін басым салаларда бірлескен ғылыми және инвестициялық бастамаларды дамыту мақсатында диалогты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.