Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2024 жылғы 8 сәуір

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2024 жылғы 8 сәуір

Мазмұны:

  1. Терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі Қазақстан-Үндістан жұмыс тобының 5-ші отырысы туралы;
  2. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясы делегациясының Қазақстанға сапары туралы;
  3. Қазақстан мен Шри-Ланка арасындағы сімаралық консультациялар туралы;
  4. Грузия Парламенті Төрағасының Қазақстанға ресми сапары туралы;
  5. Қазақстан Сыртқы істер министрінің ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысуы туралы;
  6. Қазақстан азаматтары үшін Шенген визаларын алу мәселелері туралы.

 

  1. Терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі Қазақстан-Үндістан жұмыс тобының 5-ші отырысы туралы

Бүгін, 2024 жылғы 8 сәуірде Астана қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Талғат Қалиевтің төрағалығымен Терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі Қазақстан-Үндістан бірлескен жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.

Іс-шараға екі елдің сыртқы саяси ведомстволары мен мүдделі министрліктерінің өкілдері қатысты. Қатысушылар аймақтық және жаһандық қауіп-қатерлерді өзара бағалаумен алмасты, сондай-ақ терроризмге, экстремизмге және радикалдануға қарсы күрестегі қазіргі сын-қатерлерді, соның ішінде есірткінің таралуы мен жаңа технологияларды қолданудан туындаған қауіптерді талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты негізде және халықаралық ұйымдар шеңберінде ынтымақтастықты нығайту туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

 

  1. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясы делегациясының Қазақстанға сапары туралы

2024 жылғы 8-9 сәуірде Орталық Азия бойынша арнайы өкіл Фарах Карими бастаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік Ассамблеясы (ЕҚЫҰ ПА) делегациясының Қазақстанға сапары өтеді. Делегация құрамына Аустрия, Испания және Нидерланд ұлттық парламенттерінің мүшелерімен қатар Қырғызстан мен Өзбекстан депутаттары да кіреді.

Сапардың мақсаты – парламентаралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ климаттың өзгеруіне қарсы күрес, трансшекаралық су ресурстарын пайдалану, таза энергияны дамыту және еліміздің саяси өміріндегі әйелдер мен жастардың рөлін ілгерілету мәселелері бойынша тәжірибе алмасу.

Сапар бағдарламасында Ф. Каримидің Парламент Сенаты мен Мәжілісінің, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, сыртқы істер, денсаулық сақтау, экология және табиғи ресурстар, мәдениет және ақпарат министрліктерінің басшылығымен кездесулер өткізу жоспарланған. Сонымен бірге ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы делегациясының Орталық Азияның өңірлік экологиялық орталығы мен Аралдың халықаралық құтқару қорының басшылығымен келіссөздері жоспарлануда.

Сапар қорытындысы бойынша Қазақстанға ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының жыл сайынғы сессиясының (2024 жылғы 29 маусым – 3 шілде) алаңдарында Бухарестте (Румыния) Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару тақырыбына сайд-ивент өткізу, сондай-ақ аталған іс-шарада қаралатын тиісті қарардың жобасын әзірлеу күтілуде.

 

  1. Қазақстан мен Шри-Ланка арасындағы сімаралық консультациялар туралы

2024 жылғы 11-12 сәуірде Астана қаласында Қазақстан мен Шри-Ланка арасында сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде сімаралық консультациялар өткізу жоспарлануда.

Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев, Шри-Ланка тарапынан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Аруни Яшода Виджевардане болады.

Отырыстың күн тәртібіне сәйкес тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын талқылайды.

 

  1. Грузия Парламенті Төрағасының Қазақстанға ресми сапары туралы

2024 жылғы 11-13 сәуір аралығында Грузия Парламентінің Төрағасы Шалва Папуашвилидің Астанаға ресми сапары жоспарлануда.

Алдағы сапар барысында ел басшылығымен, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевпен және Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановпен екіжақты келіссөздер жоспарланған. Олардың шеңберінде екі елдің парламентаралық өзара іс-қимылы, сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланатын болады.

 

  1. Қазақстан Сыртқы істер министрінің ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысуы туралы

2024 жылғы 12 сәуірде Минск қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысады.

Іс-шара барысында өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті аспектілерін, ТМД шеңберіндегі өзара іс-қимылдың жай-күйі мен перспективаларын талқылайды.

Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында саяси және мәдени-гуманитарлық салалардағы, туризм және спорт саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған бірқатар шешімдер қабылдау, сондай-ақ ТМД мемлекеттері басшыларының қарауына енгізу үшін құжаттардың жобаларын мақұлдау көзделуде.

Сонымен қатар, сыртқы саяси ведомстволарының басшылары бірқатар бірлескен мәлімдемелер қабылдауды жоспарлап отыр.

 

  1. Қазақстан азаматтары үшін Шенген визаларын алу мәселелері туралы

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Еуропалық одақ елдерімен визалық режимді жеңілдету бойынша жұмыс жүргізуде.

Еуропа елдері консулдарының ақпараты бойынша, Қазақстанда жалған құжаттарды ұсыну фактілері жиілеп кетті, бұл өз кезегінде Шенген визасын беруден бас тарту фактілерінің өсуіне алып келеді.

Виза алу үшін жалған фактілері бар құжаттарды ұсыну Қазақстан Республикасының имиджіне елеулі зиян келтіріп, визалық режимді либерализациялау бойынша келіссөздерді жүргізуді қиындатады, сондай-ақ болашақта визадан бас тарту мүмкіндігін арттыра отырып, азаматтарымыздың визалық тарихын нашарлатады.

Сонымен қатар, мұндай ұсынылған құжаттар, олардың мұқият тексеру қажеттілігіне байланысты, визалық өтініштердің қарау мерзімін ұзартады және нәтижесінде азаматтардың визаны кешіктіру туралы шағымдары жиілеп кетті.

Осыған байланысты қажетті құжаттарды ұсыну, визаға өтініш беру, қажетті алымдарды төлеу процесін мұқият бақылауға шақырамыз.