Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 2 мамыр

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 2 мамыр

Мазмұны:

  1. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің «Орталық Азия – Қытай» форматындағы Сыртқы істер министрлері кеңесіне қатысуының қорытындылары туралы;
  2. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің алдағы отырысына қатысуы туралы;
  3. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясының 15-ші отырысы туралы;
  4. БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитетінде Қазақстанның Төртінші мерзімді баяндамасын қорғауы туралы.

 

  1. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің «Орталық Азия – Қытай» форматындағы Сыртқы істер министрлері кеңесіне қатысуының қорытындылары туралы

2023 жылғы 26-27 сәуір аралығында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация «Орталық Азия – Қытай» форматындағы Сыртқы істер министрлерінің 4-ші кеңесінің жұмысына қатысты.

Министрлік кездесуіне қатысушылар күн тәртібіне сәйкес мамыр айында Сиань қаласында өтетін «Орталық Азия – Қытай» алғашқы Саммитіне дайындық мәселелерін, осы диалог форматына қатысушы мемлекеттер арасындағы түрлі бағыттар бойынша одан әрі өзара іс-қимылдың перспективалары мен контурларын талқылады, сондай-ақ өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты.

Министр М. Нұртілеу өз сөзінде сауданы арттыру, экспорттық тауарлар номенклатурасын кеңейту, көлік инфрақұрылымын жетілдіру, азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өзара іс-қимылды нығайту, су мәселелері бойынша ынтымақтастықты жолға қою жөніндегі күш-жігерді біріктіру, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту және Орталық Азия мен Қытай арасындағы өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері мен Қытай сыртқы істер министрлерінің Ақпараттық коммюникесі қабылданды.

2023 жылғы 26 сәуірде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Цинь Ганмен де келіссөздер жүргізді.

Қытай әріптесімен келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланды. Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Сол күні СІМ басшысы М. Нұртілеу Шэньси провинциясы парткомының хатшысы Чжао Идэмен кездесті. Бұл аймақ ҚХР-дың негізгі көлік-логистикалық хабтарының бірі. Келіссөздер барысында «Қытай-Еуропа-Қытай» трансконтиненталдық бағыты бойынша тиімді жүк тасымалдарын қамтамасыз ету саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту және нығайту, сондай-ақ өңіраралық өзара іс-қимылды жолға қою мәселелері талқыланды.

Тараптар Сиань-Астана-Сиань бағыты бойынша тікелей әуе қатынасының ашылуын қанағаттанушылықпен атап өтті, бұл екі елдің азаматтары мен бизнес өкілдері арасындағы алмасулардың кеңеюіне оң әсерін тигізетіні сөзсіз.

 

  1. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің алдағы отырысына қатысуы туралы

2023 жылғы 5 мамырда Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысады.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының алдағы кеңесінің негізгі мәселелерінің бірі – ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесінің отырысына шығарылатын құжаттарды дайындау. Сондай-ақ, елдердің түрлі салалардағы, оның ішінде Ұйым қызметін жетілдіру мәселелеріндегі одан әрі өзара іс-қимылының перспективалары талқыланады.

 

  1. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясының 15-ші отырысы туралы;

Бүгін, 2023 жылғы 2 мамырда Астанада Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 15-ші отырысы өтуде.

Үкіметаралық комиссиясының тең төрағалары – Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев және Францияның Еуропа және сыртқы істер министрі жанындағы Сыртқы сауда және экономикалық тартымдылық мәселелері жөніндегі министр-делегат, Министрлер кабинетінің мүшесі Оливье Бешт.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен тереңдету перспективаларын талқылайды, сондай-ақ бірқатар келісімдерге қол қояды деп күтілуде.

 

  1. БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитетінде Қазақстанның Төртінші мерзімді баяндамасын қорғауы туралы

2023 жылғы 2-3 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов бастаған қазақстандық делегация Женевада өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының Азаптауға қарсы комитетінің 76-шы сессиясына қатысады.

Аталған сессия барысында Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияның орындалуы туралы Қазақстанның Төртінші мерзімді баяндамасы қорғалады.

Аталған конвенция шеңберіндегі міндеттемелерге сәйкес, барлық қатысушы мемлекеттер өз мерзімді баяндамаларын ұсынады, содан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Комитетінде қорғайды.

Қорғаудан кейін Комитет қорытынды ескертулерін жариялайды, олардың негізінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары келесі есеп дайындайды.