Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 24 сәуір

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 24 сәуір

Мазмұны:

  • Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің «Орталық Азия – Қытай» форматындағы Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысуы туралы;
  • Чехия Премьер-Министрінің Қазақстанға сапары туралы;
  • Қазақстан Премьер-Министрінің Иранға алдағы сапары туралы;
  • ҚР Сыртқы істер министрі бірінші орынбасарының Америка Құрама Штаттарына алдағы сапары туралы;
  • Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы алдағы саяси консультациялар туралы;
  • Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның сыртқы саяси ведомстволары арасындағы алдағы консулдық консультациялары туралы;
  • БҰҰ Бас хатшысының БҰҰ-дің бірқатар мүше мемлекеттерінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілдерімен кездесуі туралы.

 

  1. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің «Орталық Азия – Қытай» форматындағы Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысуы туралы

2023 жылғы 26-27 сәуірде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация Сиань қаласында өтетін «Орталық Азия –Қытай» диалогтық форматтағы Сыртқы істер министрлерінің 4-ші отырысына қатысады.

Орталық Азия мен Қытай елдерінің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының алдағы отырысының негізгі мәселелерінің бірі - 2023 жылғы мамырда Сиань қаласында жоспарланған «Орталық Азия – Қытай» алғашқы саммитіне дайындық.

Бұдан басқа, кездесуге қатысушылар алтыжақты ынтымақтастықтың әртүрлі салаларындағы перспективаларын, атап айтқанда көлік-логистикалық инфрақұрылым саласындағы өзара байланысты нығайтуды, Орталық Азия елдерінен Қытайға ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын ұлғайтуды, электрондық коммерцияны дамытуды, сондай-ақ осы форматқа қатысушы елдердің құзыретті органдары арасында өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін құруды талқылайды.

Басқосу барысында өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелеріне ерекше назар аударылады. Тараптар жан-жақты пікір және ұлттық ұстанымдар бойынша ой алмасады деп көзделуде.

 

  1. Чехия Премьер-Министрінің Қазақстанға сапары туралы

Бүгін Астанаға ресми сапармен Чехия Республикасының Премьер-министрі Петр Фиала келіп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды және Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайыловпен келіссөздер өткізді.

Сонымен қатар, сапар аясында екі елдің премьер-министрлері мен бірқатар ірі компаниялардың, оның ішінде «Škoda Transportation», «Excalibur International a.s.», «Transco, Telmo a.s.», «Vrgineers Inc.» пен басқалардың қатысуымен қазақстандық-чех бизнес-форумы өтті. Бұл іс-шара инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту, тәжірибе алмасу және екі елдің кәсіпкерлері арасындағы байланыстарды кеңейтуге арналған алаң болды.

Осы ретте бизнес-форум шеңберінде Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мен «Škoda Transportation» АҚ арасында 80 млн еуро сомасына Әріптестік және инвестициялық жобаларды іске асырудың базалық қағидаттары туралы негіздемелік келісімге қол қойылды. Бұған қоса ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Прага зообағы арасында Қазақстанда Пржевальский жылқыларын жерсіндіру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

 

  1. Қазақстан Премьер-Министрінің Иранға алдағы сапары туралы

2023 жылғы 26 сәуірде Иран тарапының шақыруымен Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Иран Ислам Республикасына сапары өтеді.

Сапар бағдарламасына сәйкес Иран Президенті Ибрахим Раисимен және Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбермен кездесулер көзделген.

Сапар шеңберінде Иран Ислам Республикасына қазақстандық сауда-экономикалық миссиясы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, бірқатар ведомствоаралық меморандум мен бизнес келісім-шарттарға қол қойылады деп күтілуде.

 

  1. Қазақстан сыртқы істер министрі бірінші орынбасарының Америка Құрама Штаттарына алдағы сапары туралы

2023 жылғы 25-26 сәуірде Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаровтың Нью-Йоркке сапары өтеді.

Сапар шеңберінде Қазақстанның Ұйыммен бірқатар мәселелері бойынша сағаттарды теңестіру мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымы басшылығымен кездесулері жоспарланған. Атап айтқанда, 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған күн тәртібі, Ауғанстандағы ахуал, құқықтық, бітімгершілік, Орталық Азия өңіріндегі даму және қауіпсіздік, сондай-ақ Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құруды қоса алғанда, қазақстандық бастамаларды ілгерілету бойынша ынтымақтастық талқыланатын болады.

Сонымен қатар, Қайрат Омаров Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің Таяу Шығыс бойынша ашық пікірталастарына қатысады.

2023 жылғы 27-28 сәуірде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Вашингтонға барады. Сапар барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы әрекеттестіктің жағдайы мен перспективаларын талқылау үшін АҚШ Әкімшілігінің өкілдерімен және Мемлекеттік департамент басшылығымен бірқатар кездесулер жоспарланған.

 

  1. Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы алдағы саяси консультациялар туралы

2023 жылғы 25 сәуірде Астанада Қазақстан мен Тәжікстан сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде саяси консультациялары өтеді.

Қазақстан тарапын Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев, тәжік тарапын Сыртқы істер министрінің орынбасары Содик Имоми басқарады.

Саяси консультациялардың басты тақырыбы Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға алдағы мемлекеттік сапарын дайындау мәселелерін талқылау болмақ.

Консультациялар барысында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы екіжақты қатынастардың ағымдағы жай-күйі мен одан әрі даму перспективалары да қаралатын болады.

 

  1. Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның сыртқы саяси ведомстволары арасындағы алдағы консулдық консультациялар туралы

2023 жылғы 26 сәуірде Сеул қаласында Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының сыртқы саяси ведомстволары арасында консулдық консультациялардың 7-ші раунды өтеді.

Аталған іс-шарада Оңтүстік Кореядағы Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, соның ішінде біздің азаматтарымыз үшін еңбек рұқсаттары жүйесін құру мәселелерін талқылау жоспарлануда.

Тараптар сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан азаматтары болып табылатын еңбекші-мигранттардың еңбек қызметі және олардың құқықтарын қорғау туралы келісімнің жобасын қарайды.

 

  1. БҰҰ Бас хатшысының БҰҰ-дің бірқатар мүше мемлекеттерінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілдерімен кездесуі

2023 жылғы 1-2 мамыр аралығында Доха қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Біріккен Ұлттар Ұйымына бірқатар мүше мемлекеттерінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілдерімен кездесуі өтеді.

Аталған кездесудің мақсаты Ауғанстандағы ахуал бойынша ортақ мақсаттар төңірегінде өзара әрекеттесуді жандандыру болып табылады.

Қазақстан Республикасы атынан бұл іс-шараға ҚР Президентінің Ауғанстан бойынша Арнайы өкілі – Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Талғат Қалиев қатысады.