Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Нұр-Сұлтан, 2020 жылғы 24 қаңтар

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Нұр-Сұлтан, 2020 жылғы 24 қаңтар

Мазмұны:

1. ҚР Сыртқы істер министрінің Германия, Орталық Азия және Ауғанстан СІМ басшыларының конференциясына қатысуы туралы;

    2. БҰҰ Бас хатшысы орынбасарының Қазақстанға сапары туралы;

    3. Қытайдағы коронавирустың өршуі туралы.

 

1. ҚР Сыртқы істер министрінің Германия, Орталық Азия және Ауғанстан СІМ басшыларының конференциясына қатысуы туралы

 

28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Берлинге сапары жоспарлануда.

Жұмыс сапарының мақсаты - Еуропалық Одақтың Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға арналған жаңа стратегиясын іске асыру аясындағы Германия бастамашылық еткен климатты қорғау жөніндегі «Жасыл Орталық Азия» жобасының тұсаукесеріне арналған конференцияға қатысу.

Іс-шараға Германияның Сыртқы істер министрі Хайко Маас, Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Джозеп Боррел, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Ауғанстанның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен зерттеу институттары өкілдерінің қатысуы күтілуде.

Конференция қорытындысы бойынша Орталық Азия аймағындағы экологиялық проблемаларды шешу туралы бірлескен шараларды қарастыратын декларацияға қол қою жоспарлануда.

Мұхтар Тілеубердінің сапары бағдарламасында Германияның Сыртқы істер министрі Хайко Маас және Германияның Экономика және энергетика министрі Петер Альтмайермен екіжақты кездесулері жоспарланған, олар Қазақстан-Германия ынтымақтастығының өзекті мәселелерін және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың желтоқсан айындағы Германияға жасаған ресми сапарында қол жеткізілген екіжақты келісімдердің орындалуын талқылайды деп күтілуде.

Сонымен қатар, Мұхтар Тілеубердінің Берлинге жұмыс сапары аясында неміс бизнесінің басшылығы және аға өкілдерімен кездесуі жоспарлануда.

 

2. БҰҰ Бас хатшысы орынбасарының Қазақстанға сапары туралы

 

31 қаңтар - 1 ақпан аралығында Қазақстан Үкіметінің шақыруы бойынша БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ-ның 75-жылдық мерейтойын ұйымдастыру жөніндегі Арнайы кеңесшісі Фабрицио Хохшильдтің сапары күтілуде.

Сапар барысында 31 қаңтарда Фабрицио Хохшильдтің «Digital Almaty» форумына қатысуы, Цифрлық даму, иновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевпен кездесуі, сондай-ақ Алматы қаласында орналасқан Халықаралық ұйымдардың ғимаратына баруы жоспарлануда. 

1 ақпанда БҰҰ өкілінің сапары Нұр-Сұлтан қаласында жалғасып, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен екіжақты кездесуі, инновациялар жөніндегі «Астана хабына» баруы және Қазақ мемлекеттік заң университетінің студенттерімен кездесуі жоспарланған.

 

3. Қытайдағы коронавирустың өршуі туралы

 

Ухань қаласында (Хубэй провинциясы, ҚХР) қоздырғышы коронавирустың жаңа түрі болып табылатын пневмония ауруының көптеген жағдайлары тіркелген. Бүгінгі күні жұқтырғандар саны 830 адамнан асып, 25 адам қаза тапты.

Қазіргі уақытта Қытайдың денсаулық сақтау органдары осы вирустың провинциядан тыс жерлерде кең таралуын болдырмау жөнінде тиісті шаралар қабылдауда. Ухань қаласында және Хубэй провинциясының басқа да жақын қалаларында карантин режимі енгізілді және көлік қатынастарының барлық түрлері тоқтатылды. 

Осыған байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қытайдағы және сол елге баруды жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарына тиісті сақтық шараларын қабылдауды және эпидемиологиялық қауіпті жойғанға дейін жұқтырып алу қаупі жоғары Ухань қаласы мен Хубэй провинциясына барудан уақытша бас тартуды ұсынады.

Сонымен қатар, адамдар көп жиналатын орындарға барудан аулақ болу, жергілікті биліктің талаптарын қатаң сақтау қажет. Ауруға күдік туындаған жағдайда дереу медициналық мекемеге барып, Қазақстанның Қытайдағы елшілігіне хабарласу қажеттілігіне назар аударамыз.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, Қытайдағы эпидемиологиялық жағдайды мұқият қадағалауда. Аурудың елімізге әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасында санитарлық-эпидемиялогиялық және профилактикалық шаралар кешені қабылданып жатыр, атап айтқанда Қазақстан әуежайларында санитарлық-карантиндік бақылау жүзеге асырылуда, барлық жолаушылар тепловизормен сканерден өтіп, Қытайдан келетін рейстерге мониторинг күшейтілді.

Карантиннің енгізілуіне байланысты Қытай аумағындағы біздің азаматтар үшін Пекиндегі Қазақстан Елшілігі +86 10 65324189 телефоны бойынша тәулік бойы жедел желі ашты.

Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің және ҚР Сыртқы істер министрлігінің веб-сайттарында жедел ақпаратты қадағалауға және жергілікті билік органдарының ұсыныстарын нақты ұстануға кеңес береміз.

Сонымен қатар, Ухань қаласында 230 қазақстандық студент тіркелген. Бүгінгі таңда қалада 98 студент қалып отыр, ал қалғандары демалыс басталуына байланысты Қазақстанға және басқа да үшінші елдерге кеткен.

Біздің дипломаттар Уханьдағы барлық студенттермен байланыс орнатқан. Мессенджерлер арқылы біздің студенттер Ухань қаласында да, Қытайдың басқа қалаларында да қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайларда қабылдау қажет сақтық шаралары мен тәртіп ережелері туралы хабардар етілген. Біздің студенттер тұратын жоғарғы оқу орындарының басшылығымен тікелей жұмыс байланыстар орнатылған. Сондай-ақ, Қазақстан елшілігі Хубэй провинциясының Сыртқы істер басқармасымен байланысып, өзекті ақпарат алмасу және азаматтарымызды іздестіруге барынша көмек көрсету жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді. 

Елшілікте бар ақпарат бойынша, Қытай аумағында анықталған коронавирустың жаңа түрінен туындаған ауру пациенттердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ.