Шетелдік журналистер: «Қазақстан ең талғампаз туристерге де қызықты»

Шетелдік журналистер: «Қазақстан ең талғампаз туристерге де қызықты»

НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 21 тамыз – Қазақстан астанасы шетелдік журналистер үшін ұйымдастырылған арнайы «мәдени» баспасөз турының соңғы нүктесі болды. Іс-шара барысында олар Алматы, Шымкент қалалары және Алматы мен Түркістан облыстарын аралап қайтты.

Бір аптаға созылған баспасөз турының басты мақсаты – әлемдік қауымдастыққа «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында еліміздің бай мәдениеті мен тарихын таныстыру. Сапарға Аустрия, Германия, Италия, Корея, Қытай, Швеция, Швейцария, Франция, Жапония және т.б. елдерден «Le Figaro», «Die Presse», «Global Times», «Korean Broadcasting System», «Specchio Economico» және басқа басылымдардың 15 тілші қатысты.

Сыртқы істер министрлігі өңірлік әкімдіктердің қолдауымен ұйымдастырған баспасөз турының барысында шетелдік БАҚ өкілдері Қазақстанның заманауи мәдениетімен, өнерімен, тарихымен және көрнекті жерлермен танысты.

«Оңтүстік астанада» шетелдік журналистер бірқатар мәдени және тарихи мекемелерге, соның ішінде Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайына, «Qazaq Oner» қолөнершілер орталығына барып, Қазақстанның көркем мәдениетімен, дәстүрлі қазақ музыкалық аспаптарымен және дәстүрлі музыкалық бағыттарымен танысты. Өнер орталығында келушілерге қолөнершілер өзінің шағын «шеберлік сабағын» өткізді.

Көктөбеде серуендеуден, Медеу мұз айдыны мен Шымбұлақ тау-шаңғы курортынан және үлкен Алматы көліне саяхаттан ұмытылмас әсер алған журналистер болашақта Алматыға достарымен және отбасыларымен оралуға уәде берді. Шарын шатқалына жасалған келесі күнгі саяхат та әсерлі болды.

Шымкентте және Түркістан облысында жергілікті әкімдіктердің қолдауымен қонақтар ежелгі Отырар қаласына, Арыстанбаб пен Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне, сондай-ақ облыстың басқа туристік орындарына барды.

Нұр-Сұлтан қаласында журналистер Мәдениет және спорт министрі Ақтота Раимқұлова, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман және Мәжілістің өзге де бірқатар депутаттарымен кездесулер Қазақстандағы мәдени мұраны сақтау, дамытуға, сондай-ақ туризмді және шет елдерде тарихи және мұрағат деректерін зерттеу үшін халықаралық қатынастарды нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясат туралы молырақ мағлұмат алуға мүмкіндік берді.

Елордада журналистер «ЭКСПО-2017» қазақстандық павильоны мен Ұлттық мұражайда болып, «Астана Опера» театрында өтетін Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының «Алқызыл желкендер» музыкалық қойылымын тамашалады.

Журналистердің басым бөлігі сапардың арқасында терең тарихы мен бай мәдениеті, қонақжай халқы, таза көшелері мен заманауи инфрақұрылымы бар жас мемлекетпен танысқанын атап өтті. «Бұл елде талғампаз туристке де табылатын қызықтар бар» деген қонақтар Қазақстанға келіп, елді жаңа жағынан тану керек деген пікірге бірауыздан келісті.