Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 18 мамыр – Бүгін Халықаралық музейлер күніне орай елордадағы Нәзір Төреқұлов атындағы № 35 мектеп-лицейдің жоғары сыныптарының оқушылары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне келіп кетті.
Мектеп оқушылары ведомство музейін аралап, тарихи жәдігерлер мен тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған фотокөрмені тамашалады, протокол қызметінің негіздерімен танысты, еліміздің сыртқы саясатының қалыптасуындағы маңызды кезеңдерге арналған деректі фильмді қарады, ал дипломаттар қызметтерінің ерекшеліктері туралы айтып берді.
Өз кезегінде ұстаздар «экскурсияның мазмұнды және қызықты өткенін» атап өтіп, ұйымдастырушыларға жылы лебізбен алғыстарын білдірді. Мектеп оқушылары СІМ қызметіне зор қызығушылық танытып, дипломаттарға өзекті мәселелер бойынша мазмұнды сұрақтар қойды.
Сонымен бірге, осы аптаның басында «Қазақстандық дипломаттар бірлестігі» қызметінің аясында СІМ қызметкерлері № 35 мектеп-лицейдің жоғары сынып оқушыларымен сабақтан тыс форматтарда бірқатар кездесулер өткізді. 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының шешімімен аталған оқу орнына ХХ ғасырдың басындағы көрнекті мемлекет қайраткері, дипломат және филолог-ғалым, Түркістан АКСР-нің Ағарту істерінің халық комиссары, КСРО-ның Неджд және Хиджаз корольдігіндегі (кейінірек – Сауд Арабиясы) Өкілетті уәкілі Нәзір Төреқұловтың есімі берілді.
Осы орайда, тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметінің 30-жылдығы мен Нәзір Төреқұловтың 130-жылдығы қарсаңында және Мемлекет басшысы жариялаған Балалар жылы аясында өтіп жатқан мұндай кездесулердің ерекше мәнін атап өткен жөн.