Астана, 2025 жылғы 18 ақпан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі елімізде аккредиттелген дипломатиялық корпус, шет елдердегі ҚР мекемелері (бейнеконференц байланыс арқылы), сондай-ақ БАҚ өкілдері үшін Neo Nomad Visa, Digital Nomad Visa, B9 сияқты визалардың жаңа санаттарының артықшылықтары туралы брифинг ұйымдастырды.
Брифингке ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Мирас Закиев қатысты.
Брифингтегі алғысөзінде Р.Василенко Neo Nomad Visa, Digital Nomad Visa және B9 сияқты визалардың жаңа санаттарын енгізу Қазақстанда тұрып, жұмыс істегісі келетін шетелдік азаматтар үшін мүмкіндіктерді едәуір кеңейтетінін атап өтті.
«Еліміз 80-нен астам мемлекеттің азаматтары үшін визасыз кіруді, 109 ел үшін жеңілдетілген электрондық визаны ұсына отырып, халықаралық кәсіпқойларды тарту үшін қажетті жағдайлар жасауда. Әуе қатынасын кеңейте отырып, Қазақстан 30-дан аса елге аптасына 700-ден астам халықаралық рейсті орындайды. Сондай-ақ мемлекет «ақылды» қалаларды іске қосып, жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, цифрлық инфрақұрылымды белсенді дамытуда», – деп атап өтті қазақстандық дипломат.
Сонымен қатар Р.Василенко икемді визалық саясатты қолдану Қазақстанға ғана емес, оның серіктестеріне де қашықтан жұмыс істейтін кәсіпқойлардың салықтары мен ақша аударымдары, сондай-ақ елімізде жұмыс барысында жинаған дағдылар мен бірегей тәжірибе түрінде пайдалы екенін жеткізді.
Е.Еркінбаев өз сөзінде визаларды енгізудің уақыттылығы мен өзектілігіне назар аударып, «Қазақстан халықаралық қонақтар үшін ашық және қолжетімді бағыт ретінде өз рөлін нығайтуды жалғастыруда. Бұл ашықтыққа деген ұмтылыс туризм өсуінің негізгі факторына айналды. 2024 жылы Қазақстанға 15,3 млн адам келді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 66%-ға артық көрсеткіш», – деп атап өтті.
Neo Nomad Visa, Digital Nomad Visa және B9 сияқты визалардың жаңа санаттарын енгізу цифрлық көшпенділер мен білікті мамандар үшін тартымды бағыт ретінде мемлекеттің рөлін нығайтуға бағытталған, осылайша Қазақстанның жаһандық экономикаға интеграциялануына, туристік саланы дамытуға және білім мен мәдениетпен алмасу үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді.
Neo Nomad Visa (B12-1) цифрлық көшпенділерге, қашықтан жұмыс істейтін және еңбек қызметін саяхатпен біріктіретін шетелдік азаматтарға арналған. Визаның бұл түрін енгізу Қазақстанның туристік бағыт ретінде танылуын және қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Digital Nomad Visa (B9-1) кез келген елден келген «цифрлық көшпенділерге», атап айтқанда мамандарға (фрилансерлерге, өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіпкерлерге, стартаптардың негізін қалаушыларға) Қазақстанда ұзақ уақыт болуға бірегей мүмкіндік береді.
Residence Visa (B9) елге медицина, ғылым, инновация, білім беру және шығармашылық индустрия сияқты салаларда арнайы дағдыларға ие шетелдік мамандарды тарту үшін арнайы әзірленген, бұл виза шетелдік азаматтарға елде 90 күнге дейін болуға мүмкіндік береді.
Астана, 2024 жылғы 9 желтоқсан – Қазақстан Республикасының сыртқы саяси ведомствосында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің қатысуымен «Қазақстанның ізгі ниет елшілерінің» екінші пулын тағайындау салтанатты рәсімі өтті.
Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Қазақстанның ізгі ниет елшілері» жобасы мәдениеттер пен халықтар арасындағы диалогты дамытуға және еліміздің жетістіктерін шет елдерде дәріптеу мен танымалдылығын арттыруға бағытталған.
Бұл жобаға қатысу үшін Қазақстанның қоғам және мәдени қайраткерлері шақырылды, олардың арасында Халық әртісі Димаш Құдайберген, опера әншісі Мария Мудряк, тележүргізуші және мәдени жобалардың продюсері Майя Бекбаева, археолог және Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Дмитрий Воякин, «Qazaq Geography» басқарма басшысы, этнограф-ғалым Айгерім Мұсағажинова бар.
А.Рахметуллин өзінің алғы сөзінде Қазақстан әлемде бейбітшілікке ұмтылатын және прогрессивті мемлекет, сондай-ақ жаһандық және өңірлік мәселелерді шешуде сенімді серіктес ретінде қабылданатынын атап өтті.
Қазақ дипломатының айтуынша, Сыртқы істер министрлігі шетелдік аудиторияны еліміздің мәдени мұрасы мен ұлттық алуан түрлілігімен таныстыру және оларды ілгерілету бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде. Осыған байланысты А.Рахметуллин еліміздің танымалдылығын одан әрі арттыруға бағытталған «Kazakhstan: Born Bold» халықаралық имидждік науқанының басталғанын хабарлады.
Қазіргі уақытта цифрлық коммуникациялар әлеміндегі мәдени-гуманитарлық дипломатияның маңыздылығы мен өзектілігін атап өтіп, А.Рахметуллин қатысып отырған қоғам қайраткерлерінің Қазақстанның түрлі салалардағы жетістіктерін дәріптеудегі күш-жігерін жоғары бағалады.
«Ізгі ниет елшісінің мәртебесі тек бедел ғана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Жоба аясында біз мәдениетіміз, өнеріміз, ғылыми жетістіктеріміз, инновациялар, спорттық жеңістер, креативті шешімдер, туристік әлеует пен Қазақстан халқының басты құндылығы – бейбітшілік пен келісімді сақтаумен таныстыруды жалғастыруға ниеттіміз», − деп атап өтті А.Рахметуллин.
Өз сөзінде Д.Воякин Қазақстанның күші оның мәдени әртүрлілігінде, мұрасында және біз оны сақтауға және ұлғайтуға міндеттіміз деді. «Ізгі ниет елшісі болу – шабыттандыруды білдіреді. Біздің ортақ еңбегіміз ғылым, мәдениет және адамдардың өзара түсіністігінің күшіне сенетіндер үшін бірлік пен шабыттың символына айналсын», – деді ол.
Артылған сенім үшін алғысын білдіре отырып, М.Бекбаева еліміздің ежелгі мәдениеті мен бай тарихымыздың негізінде жатқан бірлік, төзімділік және бейбітшілік құндылықтарды атап өтті. Ол жоба аясында осы қағидаттар мен құндылықтарды, сондай-ақ СІМ-мен тығыз байланыс арқылы Қазақстанның шет елдермен мәдени және гуманитарлық ынтымақтастығын ілгерілетуге ниетті екенін атап жеткізді.
Қазақстанда Ізгі ниет елшілері қызметінің сәтті халықаралық тәжірибесін енгізу бүгінгі таңда ел беделін ілгерілетуде өз нәтижесін көрсетуде. «Ізгі ниет елшілерінің» пулын кеңейту әлемнің әр түкпіріндегі азаматтардың Қазақстанды одан да жақынырақ тануы үшін шабыттандыруға арналған.
Бұған дейін Ізгі ниет елшілері мәртебесін скрипкашы-виртуоз Марат Бисенғалиев, Олимпиада чемпионы, велошабандоз Александр Винокуров, суретші және антиядролық қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіков, кардиохирург Юрий Пя, саясаттану ғылымының докторы және тарихи карталарды зерттеуші Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, Н. Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар Сазы» оркестрінің бас дирижері Динзухра Тілендиева, «Adam» лақап атымен әлемдік танымалдылыққа ие болған эстрада әншісі Мирхидай Мирфарух, әлем рекордын жаңартқан алып күш иесі және Гиннес кітабының рекордшысы Сергей Цырульников иеленген болатын. Олар өздеріне сеніп тапсырылған миссияны сәтті орындауда және мәдени-гуманитарлық салада, экологияны қорғау, жасөспірімдер спортын дамыту және басқа салаларда әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруда.
Астана, 2024 жылғы 24 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінде ауқымды халықаралық іс–шара - V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындауға және өткізуге қатысқан еріктілерге сыртқы саясат ведомствосы басшылығының Алғыс хаттарын тапсыру рәсімі өтті. Осымен, ойындарды сәтті өткізуге үлес қосқан еріктілердің еңбекқорлығы және олардың адалдығы атап өтілді. Еріктілер іс-шараны өткізу кезеңінде шетелдік қонақтар мен журналистерге көмек көрсете отырып, дайындықтың жоғары деңгейін көрсетті.
Әлеуметтік даму мен азаматтық жауапкершіліктің маңызды элементі ретінде еріктілік қозғалыстың маңыздылығын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым атап өтеді. Еріктілердің үлесі осындай ауқымды іс-шараларды табысты іске асыруға ықпал етіп қана қоймай, қоғамдағы өзара көмек, жәрдем және ынтымақтастық рухын нығайтады. Еріктілердің жұмысы әлеуметтік белсенділік пен қолдаудың үлгісі болып табылады, бұл елдің дамуы мен халықаралық байланыстарға едәуір әсер етеді.
Сыртқы істер министрлігі еріктілер алған тәжірибе олардың одан әрі жеке және кәсіби дамуына ықпал ететініне сенім білдіреді, сондай-ақ болашақта ынтымақтастықты жалғастыруға үміттенеді.
Астана, 2024 жылғы 26 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко даниялық зерттеуші, «Ботай – көлеңкелер іздері» атты тарихи фэнтези жанрындағы романының авторы Леонора ван Деурсты қабылдады.
Кездесу барысында екі тарап мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Р. Василенко Л. ван Деурсты кітаптың шығуымен құттықтап, оның Солтүстік Еуропа елдерінде және жалпы әлемде Қазақстанның тарихы мен мәдениетін зерттеуді дәріптеудегі маңыздылығын атап өтті.
Кітапты 15 жасында жаза бастап, 18 жасында аяқтаған Л. ван Деурс қазақ зерттеушісі Нұрбол Баймұхановтың «Equus: Жылқы тарихы» атты ерекше деректі фильмі оның «Ботай – көлеңкелер іздері» алғашқы романын жазуға шығармашылық шабыт бергенін атап өтті.
«Ботайлар жылқыны әлемде бірінші болып қолға үйреткен, бұл оларға ұзақ қашықтықты өте қысқа мерзімде жүріп өтуге мүмкіндік берді, сонымен қатар адамзатқа жаңа өңірлерге қоныстануға жол ашты. Ботай мұрасына деген құштарлық маған әйгілі генетик, ДНҚ зерттеушісі және профессор Эске Виллерслевтің қасында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік берді», – деді кездесу барысында Л. ван Деурс.
Кітаптың дат тіліндегі тұсаукесері 2024 жылғы 20 қаңтарда Копенгагенде өтті. Данияның «Vild Maskine» баспасы шығарған роман Ботай мен Ямная халықтарын терең зерттеуге негізделген.
Қазіргі уақытта 20 жастағы Леонора Қазақстанға ата-анасымен бірге елімізбен танысу және шығармашылық жұмысқа материалдар жинау үшін ұшып келді. Жас жазушының жоспары – романның екінші бөлігін жазу.
Таяу Шығыстағы жағдайдың ұшығуына байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарына аталған өңірдегі ахуал тұрақтанғанға дейін Израиль мен Ливанға барудан уақытша бас тартуға ұсыным береді.
Қазіргі уақытта аталған елдерде жүрген Қазақстан азаматтарынан аса қажеттілік болмаса үйлерінен шықпауды, қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді, сақтық пен қырағылық танытуды, соңғы жаңалықтарды қадағалауды, сондай-ақ Қазақстан Сыртқы істер министрлігі және Израиль мен Ливандағы елшіліктерімен байланыста болуды сұраймыз.
Қосымша ақпарат алу немесе төтенше жағдайлар туындаған жағдайда аталған елдерде жүрген Қазақстан азаматтары мен олардың Қазақстандағы туыстары төмендегі байланыс нөмірлері арқылы шұғыл байланысқа шыға алады:
ҚР СІМ-нің байланыс нөмірлері:
+7 7172 720111 (кезекші дипломат)
+7 705 4433332 (ұялы телефон, WhatsApp)
Қазақстан Республикасының Израильдегі Елшілігінің байланыс нөмірлері:
+972 (3) 503 78 85 (кезекші)
+972 53 635 19 83 (ұялы телефон, WhatsApp)
Қазақстан Республикасының Ливандағы Елшілігінің байланыс нөмірлері:
+ 961 04 713 447 (кезекші)
+ 961 70 069 977 (ұялы телефон, WhatsApp)
+ 961 71 116 004 (ұялы телефон, WhatsApp)
Астана, 2024 жылғы 5 шілде – «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметі күніне және Халықаралық спорт баспасөз қауымдастығының (AIPS) 100 жылдық мерейтойына орай «Спорт – бейбітшілік елшісі» атты көрме өтті. Іс-шараға Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус, көрнекті қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік БАҚ өкілдері қатысты. Көрме ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дирекциясының және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен өткізілді.
ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Мұрагер Сауранбай кіріспе сөзінде бұл көрме елдер мен халықтар арасындағы бейбітшілік пен достықты нығайтудың негізгі құралы болып табылатын спорт пен дипломатияның бірлігін көрсетеді. «Ірі спорттық іс – шаралар көбінесе дипломатиялық өзара әрекеттесу мен диалог үшін платформа ретінде қызмет етуде, спорттың өзара түсіністікті нығайту күшін көрсетеді», – деді ол. Сондай-ақ, М. Сауранбай «Қазақстанның ізгі ниет елшілері» жобасы жақында іске қосылғанын атап өтті. Осы құрметті атаққа ие болған Сергей Цырульников көрмеге қатысып, қонақтарға күш спортының элементтерін ұсынды.
Іс-шара барысында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев сөз сөйлеп, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу бойынша ауқымды іс-шараларды таныстырды.
Сонымен қатар, Халықаралық спорт баспасөз қауымдастығының президенті Джанни Мерлот Қазақстанда осындай көрмелерді өткізудің маңыздылығын атап өтіп, бейне үндеу жолдады.
Іс-шарада спорттың әмбебап тілі мен олардың тарихының рухын бейнелейтін экспонаттар ұсынылды.
Мазмұны:
2024 жылғы 18 маусымда Жапония Сыртқы істер министрлігінің Еуропа істері жөніндегі бюросының бас директоры Масаши Накагоме Қазақстанға сапармен келеді.
Сапар аясында жапондық дипломат Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевпен кездеседі.
Тараптар Жапония Премьер-Министрі Фумио Кишиданың алдағы ресми сапары және ағымдағы жылдың жазында Астанада өтетін «Орталық Азия + Жапония» диалогының бірінші саммитіне дайындық барысы туралы мәселелерді талқылау жоспарлауда.
«Орталық Азия + Жапония» форматы өңірлік ынтымақтастықты дамыту мақсатында 2004 жылы құрылған.
Женевада Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің (Кеңес) 56-шы сессиясы 2024 жылғы 18 маусымда басталып, 12 шілдеде аяқталады. Биыл еліміз БҰҰ-ның басты құқық қорғау органындағы үш жылдық мүшелігін аяқтап жатқаны белгілі (2022-2024 жж.).
Ағымдағы сессия барысында Қазақстан келесі басым бағыттар бойынша жұмыс жүргізуді жоспарлауда.
Қазақстан делегациясы Кеңестің басқа елдерімен бірге отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен мәлімдеме ұсынуды жоспарлап отыр. Мемлекет басшысы жақында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға қол қойғаны белгілі. Аталған прогрессивті заңды қабылдау жөніндегі біздің тәжірибемізді ескере отырып, бүкіл әлемдегі осы өзекті мәселені әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою жөніндегі бірлескен күш-жігерді пысықтау үшін жаһандық құқық қорғау алаңына шығару маңызды деп санаймыз.
Бұдан басқа, Қазақстан Кеңес қарарларының келесі жобаларының негізгі авторлары тобына кірді:
- Люксембург және «Human Rights Watch» бастамасымен білім алу құқығы бойынша қарар жобасы. Құжаттың басты мақсаты – мектепке дейінгі және орта білім беруді төлемақысыз қамтамасыз ету бойынша мемлекеттердің заңды міндеттемелерін бекіту үшін БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі конвенциясына жаңа Факультативтік хаттаманы әзірлеу. Жобаға қатысудың тарихи маңызы бар және елімізге алғаш рет адам құқықтары саласындағы жаһандық әмбебап шарттың негізгі бастамашыларының (авторларының) қатарына кіруге мүмкіндік береді.
- «Балалардың цифрлық тұрғыда қауіпсіздігін нығайту» атты Мысыр бастамасымен болған жаңа қарар жобасы. Құжат түрлі сын-қатерлер мен қауіп-қатерлердің туындауына байланысты цифрлық кеңістікте балаларды қорғау мәселелеріне халықаралық қоғамдастықтың көбірек назарын аударуға бағытталған.
- Сонымен қатар, Бельгия бастамасымен болған «Онлайн жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылық» қарар жобасы.
2024 жылғы 19 маусымда Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің Алматы қаласына жұмыс сапары аясында штаттық саны 120 қызметкерден асатын, 18 агенттіктері орналасқан Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимараты – «UN Plaza»-ға барады.
Қазақстанда аккредиттелген БҰҰ агенттіктері мен өкілдіктерінің басшыларымен кездесу барысында Ұйым шеңберіндегі өңірлік ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің алдында тұрған өзекті мәселелер бойынша жобалық қызметті талқылау жоспарланған.
2024 жылғы 19 маусымда Қазақстан Республикасының төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымында бейнеконференция форматында Ұйымға мүше мемлекеттердің ғылым және техника жөніндегі министрліктер мен ведомстволар басшыларының 8-ші кеңесі өтеді, оның барысында ағымдағы басым бағыттар бойынша ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланады.
2024 жылғы 20 маусымда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің көлік министрлерінің кеңесі бейнеконференция форматында өтеді.
Қазақстанның бастамасымен әзірленген Ұйымға мүше мемлекеттердің порттары мен логистикалық орталықтарын дамытудағы ынтымақтастық тұжырымдамасын қабылдау жоспарланған.
2024 жылғы 20 маусымда Клайпеда қаласында (Литва) Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Литва Сыртқы істер вице-министрі Йонас Сурвиланың төрағалығымен Қазақстан-Литва саяси консультацияларының 10-шы раунды өтеді.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жолдарын талқылауды, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуды жоспарлап отыр.
Литваға сапар шеңберінде Р. Василенконың Клайпеда қаласының мэрі Арвидас Вайткуспен және Клайпеда теңіз портының Бас директоры Алгис Латакаспен кездесулері жоспарланған.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылғы 20-22 маусым аралығында Қызылорда және Түркістан облыстарының әкімдері Нұрлыбек Нәлібаев пен Дархан Сатыбалды Қазан қаласында (Ресей) «БРИКС+» форматында өтуі жоспарланған Қалалар мен муниципалитеттер мэрлері форумының құрылтай жиналысына қатысады. Қазақстан өңірлерінің басшылары БРИКС аясында іс-шараларға қатысып, Татарстан Республикасының астанасында орналасқан бірқатар өнеркәсіптік нысандармен, сондай-ақ қалалық инфрақұрылыммен танысатын болады.
БРИКС (BRICS – Brazil, Russia, India, China, South Africa) – Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африканың саяси-экономикалық альянсы. 2006 жылы маусымда Санкт-Петербург экономикалық форумы аясында құрылған. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мысыр, Иран, БАӘ және Эфиопия бірлестіктің жаңа мүшелері болды.
Бірлестіктің әр мүшесі бір жыл бойы төраға қызметін атқарады. Биылғы жылы БРИКС төрағалығы Ресей Федерациясына өтті. Осылайша, Ресейдің бірлестіктегі төрағалығы шеңберінде 700-ге жуық іс-шаралар жоспарланған, оның ең бастысы ү.ж. қазан айында Қазан қаласында БРИКС және БРИКС+ Мемлекет басшыларының саммиті.
2024 жылғы 20 маусымда Астана қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер мен байқаушы мемлекеттері жастарының кездесуі өтеді.
ШЫҰ Жастар кеңесінің XVII отырысы аясында жастар экологиялық ортадағы жастар көшбасшылығы және Ұйым шеңберінде орнықты болашаққа жол құру мәселелері талқыланады.
2024 жылғы 21 маусымда Астана қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің 4-ші кеңесі өтеді.
Энергетика ведомстволарының басшылары Қазақстанның бастамасымен әзірленген «ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің энергетикалық ынтымақтастығын дамытудың 2030 жылға дейін кезеңге арналған стратегиясын» қарастырып, бекітеді.
Сонымен қатар делегация басшылары Ұйым аясындағы энергетикалық ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық тәсілдерін де талқылайды.
2024 жылғы 21 маусымда Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (Ұйым) Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтеді.
Отырыс барысында халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін, сондай-ақ Ұйымға төрағалық ету кезеңінде Қазақстан Республикасының басымдықтарын орындау жөніндегі іс-шараларды іске асыру барысын талқылау жоспарланған.
Отырыс қорытындысы бойынша Ұйым қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған құжаттарға қол қою, сондай-ақ бірқатар саяси мәлімдемелер қабылданады деп күтілуде.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Бас редакторлар клубымен өзара серіктестік шеңберінде Қазақстан туралы материалдарды жазатын/түсіретін шетелдік журналистер үшін «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» атты 9-шы байқауына (бұдан әрі – байқау) өтінімдерді қабылдауды бастағаны туралы хабарлайды.
2014 жылдан бастап байқау қазақстандық болмыстың әртүрлі аспектілерін барынша креативті, шынайы және объективті түрде жариялайтын шетелдік авторлардың жазба және бейнематериалдарын іріктейді. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер сапалы контентті ұсынуда неғұрлым маңызды рөл аткаруда, сондықтан біз блогерлер мен әлеуметтік платформалардың белсенді пайдаланушыларының Қазақстанға бірегей көзқарасымен бөлісуге қатысуын шын жүректен құптаймыз.
Байқауға қатысуға 2023 жылғы 1 тамыздан 2024 жылғы 1 тамызға дейінгі аралықта Қазақстан туралы шетелдік БАҚ-та немесе әлеуметтік желілерде жарияланған ақпараттық (аналитикалық, мәдени ойын-сауық, деректі және т.б.) материалдарды қамтитын өтініштер қабылданады.
Жеңімпаздар Астана, Алматы қалалары мен Маңғыстау облысына сапар шегу жүлдесіне ие болады. Сапар барысында мазмұнды мәдени бағдарлама жоспарланған.
Биыл «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің (АӨСШК) Хатшылығы, «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі», Ұлттық спорт Қауымдастығы және «Jibek Joly» Ұлттық телеарнасы байқаудың серіктестері атанды.
Негізгі тақырыптан басқа осы жылы «KazAID» және Ұлттық спорт Қауымдастығы атынан жаңа номинациялар ұсынылады, олардың аясында екі жеңімпаз айқындалатын болады.
Байқау қорытындысы бойынша бес географиялық аймақтан бес жеңімпаз анықталады:
– Солтүстік және Оңтүстік Америка;
– Еуропа;
– ТМД;
– Таяу Шығыс және Африка;
– Азия-Тынық мұхит өңірі
және туризм, АӨСШК, «KazAID» пен ұлттық спорт түрлері тақырыптарына қатысты номинациялар бойынша төрт лауреат.
Сонымен бірге, қалыптасқан дәстүрге сәйкес, байқау жеңімпаздарына арнайы мемлекеттік сектор өкілдерімен, сарапшылар және журналистермен, Қазақстанның ғылым және мәдениет қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастырылатын болады.
Байқау жеңімпаздарының құрамына ҚР Сыртқы істер министрлігінің, Қазақстанның Бас редакторлар клубының, «Kazakh Tourism», АӨСШК, «KazAID», Ұлттық спорт Қауымдастығының, сондай-ақ «Jibek Joly» телеарнасының басшылары мен жауапты қызметкерлері кіретін қазылар алқасы айқындайтын болады.
Барлық жұмыстар 2024 жылғы 1 тамыздан кешіктірілмей mediacontest2024@mfa.kz электронды поштасына жіберілуі тиіс.
Байқау нәтижелерін 2024 жылғы 5 тамызға дейін жариялау жоспарлануда.
Қосымша ақпарат алу үшін mediacontest2024@mfa.kz поштасына немесе +77172720987 жұмыс телефонына хабарласуға болады.
Мазмұны:
2024 жылғы 7-13 маусым аралығында Женевада (Швейцария) өтіп жатқан Халықаралық еңбек конференциясының 112-ші сессиясына Қазақстандық үшжақты делегациясы қатысуда. Қазақстан делегациясы құрамына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Кәсіподақтар федерациясының және «PARYZ» ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясының өкілдері кіреді.
Сессияның пленарлық отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Қазақстанда әлеуметтік-еңбек саласын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат береді.
Сонымен қатар А.Сарбасов халықаралық ұйымдардың өкілдерімен, соның ішінде Халықаралық еңбек ұйымының (Ұйым) Бас директоры Жильбер Унгбомен бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді.
Конференция шеңберінде Ұйым конвенцияларын имплементациялауға бағытталған «Лайықты еңбекті ілгерілету жөніндегі жол картасына» қол қою жоспарланған.
2024 жылғы 9-11 маусым аралығында Конго Республикасы Президентінің Стратегиялық мәселелер және халықаралық келіссөздер жөніндегі Жеке өкілі Франсуаза Жолидің Астанаға сапары өтуде.
Конго делегациясының сапары барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту жолдары қаралатын болады.
Астанаға сапар аясында мемлекет басшылығымен және бейінді министрліктермен кездесулер жоспарланған.
2024 жылғы 10-11 маусымда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың шақыруымен БРИКС-тің дамушы елдермен диалогының Министрлік сессиясына қатысу үшін Ресей Федерациясына сапармен барады.
Іс-шара Нижний Новгород қаласында «Әділетті жаһандық даму мен қауіпсіздік үшін көпжақтықты нығайту» тақырыбымен өтеді.
Сессияға БРИКС-қа мүше елдері – Ресей, Бразилия, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы, Мысыр, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Эфиопия сыртқы саяси ведомстволарының басшылары, сондай-ақ шақырылған елдер – Алжир, Бангладеш, Бахрейн, Беларусь, Венесуэла, Вьетнам, Индонезия, Куба, Лаос, Мавритания, Нигерия, Таиланд, Түркия және Шри-Ланканың сыртқы істер министрлері де қатысады.
Министрлік сессиясы аясында Қазақстан Сыртқы істер министрі бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді.
БРИКС (BRICS – Brazil, Russia, India, China, South Africa) – 2006 жылы маусымда Санкт-Петербург экономикалық форумы аясында құрылған Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка саяси-экономикалық альянсы. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мысыр, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Эфиопия бірлестіктің жаңа мүшелері болды.
Әр мемлекет бірлестіктің мүшесі бір жыл бойы төраға қызметін атқарады. Биылғы жылы БРИКС төрағалығы Ресей Федерациясына өтті. 16-шы Саммит 2024 жылғы 22 қазанда Қазан қаласында өтеді.
Қазақстан Республикасы БРИКС+ форматындағы саммиттердің тұрақты қатысушысы. Осылайша, еліміз 2015, 2022 және 2023 жылдары өткен Саммиттерге қатысты.
2024 жылғы 10-12 маусым аралығында «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі «Достық – дипломатия» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының алаңында біліктілікті арттыруға және тәжірибе алмасуға бағытталған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан келген 14 дипломат үшін оқу курстарын ұйымдастырады.
Бағдарламаға орнықты даму, даму мақсаттарына ресми көмекте мемлекеттік органдардың рөлі, Орталық Азияда Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру кезіндегі міндеттердің өзара байланысы, су сын-қатерлерін шешу және өңірлік ынтымақтастықтың перспективалары бойынша курстар кіреді. Халықаралық Аралды құтқару қоры мен экономикалық зерттеулер институтының спикерлері білімдерімен бөліседі.
Бағдарлама өз елдерінің саясатына белсенді қатысатын орта және жоғары буын дипломаттарына арналған. Оқыту KazAID грантының арқасында өтеусіз негізде ұсынылады.
2024 жылғы 10-13 маусымда Душанбе қаласында (Тәжікстан) Душанбе су процесі шеңберінде 2018-2028 жылдарға арналған «Су тұрақты даму үшін» халықаралық іс-қимыл онжылдығы бойынша жоғары деңгейдегі үшінші халықаралық конференциясы өтеді.
Іс-шараның мақсаты Біріккен Ұлттар Ұйымының су ресурстары жөніндегі Конференциясы – су күн тәртібінде тіркелген ерікті міндеттемелерді қадағалау, ілгерілету және жүзеге асыруды қолдау, сондай-ақ жаңа әріптестік қатынастарды ынталандыру және 2030 жылға дейінгі кезеңге тұрақты даму саласындағы күн тәртібінің мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі іс-қимылдарды жеделдету үшін – платформаны қамтамасыз ету.
Сондай-ақ, Конференцияға әлемнің 50-ден астам мемлекеттердің, үкіметтердің және бейінді министрліктердің басшылары қатысады деп күтілуде.
Сыртқы істер, су ресурстары және ирригация, энергетика, денсаулық сақтау, экология және табиғи ресурстар министрліктерінің өкілдері құрамындағы Қазақстан делегациясын Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.
2024 жылғы 11-12 маусымда қазақстандық делегация ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде өтетін Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттер Бас Ассамблеясының оныншы сессиясына қатысады.
Іс-шара шеңберінде Конвенцияның 18-бабының қолдану, Жедел директиваларға түзетулер енгізу, Материалдық емес мәдени мұра қорының қаражатын пайдалану және үкіметтік емес ұйымдарды аккредиттеу мәселесі талқыланады, сондай-ақ Комитеттің жаңа мүшелерін сайлауы өтеді.
2024 жылғы 11-15 маусым аралығында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының (ЮНЕП) Еуропа үшін Директоры және Өңірлік өкілі Арнольд Крайльхубердің Қазақстанға сапары өтеді.
Сапар барысында ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зульфия Сүлейменовамен, Алматы қаласында орналасқан БҰҰ агенттіктерінің өкілдерімен кездесулер өткізеді.
Астанада экологиялық ынтымақтастық мәселелерін талқылау мақсатында А.Крайльхуберді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Халықаралық Аралды қорғау қорының Атқарушы комитетінің Төрағасы Асхат Оразбай қабылдайды.
2024 жылғы 12-14 маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының Арнайы өкілі – БҰҰ Орталық Азия үшін превентивті дипломатия бойынша Өңірлік орталығының басшысы Каха Имнадзенің Қазақстанға сапары өтеді.
Сапар барысында Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен өтетін 7-ші Орталық Азия сарапшылар форумына қатысады.
2024 жылғы 7 маусымда Нью-Йорк қаласында (АҚШ) Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою жөніндегі Конвенциясына қатысушы мемлекеттердің 23-ші кеңесі шеңберінде БҰҰ штаб-пәтерінде 2025-2028 жылдарға арналған әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою жөніндегі комитет (CEDAW) мүшелерінің сайлауы өтті.
Алғаш рет Қазақстаннан кандидат – белгілі қазақстандық дипломат Мәдина Жарбосынова аталған комитеттің құрамына сайланды. Бұл маңызды тарихи сәт, себебі бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының осы маңызды органында Орталық Азия елдерінің бірі де ұсынылмаған.
2024 жылғы 3-4 шілдеде Астанада Қазақстан Республикасының төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтетіні мәлім.
Аталған Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерінің кең ауқымын қарастырады.
Іс-шараға бақылаушы елдер көшбасшылары мен диалог бойынша серіктестер қатысады деп күтілуде.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі аталған ірі іс-шараға аккредитацияны ашуда. Толық ақпарат біздің ресми ресурстарымызда жарияланады.
Астана, 2024 жылғы 6 маусым – Қазақстан Республикасының сыртқы саяси ведомствосында Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің қатысуымен «Қазақстанның ізгі ниет елшілері» жобасын іске қосуға орайластырылған салтанатты рәсім өтті.
Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Қазақстанның ізгі ниет елшілері» жобасы мәдениеттер пен халықтар арасындағы диалогты дамытуға және еліміздің жетістіктерін шет елдерде дәріптеу мақсатында танымалдылығын арттыруға бағытталған.
Министр өз алғы сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы мен халықаралық құқық негізіндегі көпвекторлы және сындарлы сыртқы саясатқа айқын балама жоқ екенін атап өтті.
«Бұрын-соңды болмаған геосаяси жағдайда, халықтық және мәдени-гуманитарлық дипломатияның алар орны бөлек. «Әлемдік сахналарда, ареналарда және конференцияларда Сіздердің жеңістеріңіз бен тамаша өнер көрсетулеріңіздің арқасында еліміздің көк туы әлемнің түкпір-түкпірінде көтеріліп, мемлекеттік әнұран салтанатты түрде шырқалады», – деп атап өтті ҚР СІМ басшысы.
Бұл жобаға халықаралық қоғамдастықта Қазақстан туралы оң пікір қалыптастыруға зор үлесін қосып жүрген еліміздің қоғам қайраткерлері шақырылды. Олардың арасында – скрипкашы-виртуоз, дирижер, Азия-Тынық мұхиты өңірі оркестрлері Альянсының директоры Марат Бисенғалиев; Олимпиада чемпионы, велошабандоз Александр Винокуров; суретші және антиядролық қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіков; University Medical Center корпоративтік қорының басқарма төрағасы, кардиохирург Юрий Пя; саясаттану ғылымының докторы және тарихи карталарды зерттеуші Мұхит-Ардагер Сыдықназаров; Н. Тілендиев атындағы Мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар Сазы» оркестрінің бас дирижері Динара Тілендиева; Adam лақап атымен әлемдік танымалдылыққа ие болған эстрада әншісі Мирхидай Мирфарух; әлем рекордын жаңартқан алып күш иесі және Гиннес кітабының рекордшысы Сергей Цырульников бар.
Өз сөзінде А.Винокуров Astana Qazaqstan Team командасының барлық мүшелерімен бөлісетін «Ізгі ниет елшісі» мәртебесін алу Париж олимпиадасы қарсаңында рухты көтеріп, жеңіске деген сенім-күшті арттыратынын айтты.
Шығармашылық интеллигенция атынан сөз сөйлеген Д.Тілендиева артылған сенім үшін алғысын білдірді және шетелдік жұртшылық алдында қазақстандық мәдениетті ілгерілету қаншалықты маңызға ие екенін ерекше атап өтті.
Өнер, спорт, ғылым, медицина және басқа да салаларда жетістіктерге жеткен отандастарымызды тарту арқылы Қазақстандағы Ізгі ниет елшілері қызметінің сәтті халықаралық тәжірибесін еңгізу еліміздің беделін нығайтып, бейбітшілік, достық және халықаралық ынтымақтастықтың негізі болатын мәдени-гуманитарлық байланысты арттыруға ықпал етеді.