Меню
Страницы
Құжаттар
Комитет туралы
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпарат
Қызметі
Онлайн қабылдау
Все материалы
23 июня 2025
Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.Смадияровтың брифингі, Астана, 2025 жылғы 23 маусым

Мазмұны:

  1. ҚХР Төрағасының Қазақстанға жұмыс сапарының және «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитінің қорытындылары туралы;
  2. Қазақстанның Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы еуропалық конвенцияға қосылуға шақыруы туралы;
  3. Су ресурстары мен қалдықтарды басқару жөніндегі «Қазақстан – ЕО» диалогтық алаңының отырысы туралы;
  4. Сутегі энергетикасын дамыту бойынша акселерация жүргізу туралы;
  5. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 51-ші сессиясына қатысуы туралы;
  6. Грекия Парламенті депутаттарының Қазақстанға сапары туралы;
  7. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Моңғолияға ресми сапары туралы;
  8. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысуы туралы;
  9. ЮНКТАД-тың «World Investment Report» баяндамасы туралы.

 

  1. ҚХР Төрағасының Қазақстанға жұмыс сапарының және «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитінің қорытындылары туралы

2025 жылғы 16-18 маусым аралығында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға жұмыс сапары өтті. Сапар аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасында екіжақты келіссөздер өтті. Келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-қытай ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелері, сондай-ақ өзекті халықаралық және өңірлік мәселелер талқыланды.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша энергетика, ғарыш, цифрландыру, кедендік ынтымақтастық, ауыл шаруашылығы, электрондық коммерция, туризм, денсаулық сақтау, бұқаралық ақпарат құралдары, ғылым және өңіраралық өзара іс-қимыл салаларында 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды. Іскерлік ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің маңызы ерекше. Жабайы табиғатты қорғау мақсатында экологиялық өзара іс-қимыл аясында 1500-ге дейін ақбөкен беру туралы шешім қабылданды.

16 маусымда Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімге қол қойылды, ол 1992 жылғы шартты өзектендіреді, инвесторларға кепілдік береді және сауда-экономикалық байланыстарды ынталандырады.

17 маусымда Астана қаласында өңір елдері мен Қытай көшбасшыларының, сондай-ақ алғаш рет Бас хатшысының қатысуымен «Орталық Азия – Қытай» форматындағы екінші саммит өтті. Саммит шеңберінде Астана Декларациясына, Мәңгілік тату көршілік туралы шартқа және экономика, сауда, өнеркәсіп, инвестициялар, көлік, мәдениет және гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі 12 құжатқа қол қойылды. Кедейлікпен күрес, білім беру, шөлейттену мәселелері бойынша ынтымақтастық орталықтары және кедергісіз сауда платформалары ашылды.

Екінші индустриялық және инвестициялық ынтымақтастық форумы мен Іскерлік кеңес отырысы барысында жалпы сомасы 24,17 млрд АҚШ долларын құрайтын 58 құжатқа, сондай-ақ 17,39 млрд АҚШ доллары сомасына 21 құжатқа қол қойылды. Бұл құжаттар инвестициялар, технологиялар және инфрақұрылым саласындағы келісімдер мен келісім-шарттарды қамтиды.

 

  1. Қазақстанның Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы еуропалық конвенцияға қосылуға шақыруы туралы

2025 жылғы 18 маусымда Еуропа Кеңесінің Министрлер комитеті Қазақстан Республикасын Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы еуропалық конвенцияға (№30 Конвенция) қосылуға шақыру туралы шешім қабылдады.

Аталған құжат қылмыстық сот ісін жүргізу аясында қатысушы мемлекеттер арасында құқықтық көмек көрсету мәселелерін реттейді. Конвенцияның мақсаты – тиісті процестерді жеңілдету және жеделдету, соның ішінде экстрадициялау, дәлелдемелерді беру, куәгерлер мен сарапшылардан жауап алу.

Еліміздің Конвенцияға қосылуы қатысушы елдермен, соның ішінде Қазақстан Республикасымен екіжақты келісімдері жоқ мемлекеттермен құқықтық көмек туралы сұрау салуларды орындау үшін сенімді құқықтық негіз құрайды. Бұл заңсыз жолмен әкетілген активтерді қайтару мәселесінде өте маңызды.

Сонымен қатар Қазақстан Еуропа Кеңесінің құқықтық ынтымақтастық жөніндегі сараптамалық комитеттеріне қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерлерді қудалауды қоса алғанда, ұлттық мүдделерді қорғаудың тиімділігін арттырады.

20 жылдан астам Қазақстан аталған конвенцияға қосылу үшін қадамдар жасады, алайда Еуропа Кеңесінің жекелеген елдерінің қарсылықтарына байланысты алдыңғы өтінімдер үнемі қабылданбады.

Конвенцияға қосылу Қазақстанның қылмысқа қарсы күресте заң үстемдігі мен халықаралық ынтымақтастық қағидаттарына бейілділігін көрсетеді, «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасына толықтай сәйкес келеді және қазақстандық дипломаттар мен прокурорлардың көп жылғы қажырлы еңбегінің нәтижесі. Бұл – әділ, қауіпсіз әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы тағы бір маңызды қадам.

Анықтама: Конвенцияға Еуропа Кеңесіне мүше 46 мемлекет, сондай-ақ Израиль, Корея Республикасы, Моңғолия және Чили қатысады.

 

  1. Су ресурстары мен қалдықтарды басқару жөніндегі «Қазақстан – ЕО» диалогтық алаңының отырысы туралы

2025 жылғы 19 маусымда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссиялары басшыларының қатысуымен «Су ресурстары мен қалдықтарды басқару» тақырыбына арналған «Қазақстан – Еуропалық Одақ» диалогтық алаңының жоғары деңгейдегі 17-ші отырысы өтті.

«Қазақстан – Еуропалық Одақ» алаңы – Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы саяси және іскерлік қатынастарды нығайтуға бағытталған саясат, экономика және Қазақстан Республикасының заңнамасы салаларындағы мәселелерді талқылауға арналған платформа. Ол Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімді тиімді іске асыру мақсатында құрылған.

Отырыс барысында тараптар су ресурстарына түсетін салмақтың артуы жағдайында су ресурстарын ұтымды және тұрақты басқарудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестікті нығайту, экологиялық инновацияларды енгізу, инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру және «жасыл» күн тәртібін ілгерілету үшін жаңа мүмкіндіктерді қарастыру қажеттілігі айтылды.

Еуропалық тараптан баяндамашылар ретінде Еуропалық Одақтың, Германияның, Финляндияның, Нидерландтың Сыртқы істер министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ Aqualia (Испания), Water&Soil (Мажарстан), Xylem (Швеция), MicroStep-MIS (Словакия) компанияларының өкілдері сөз сөйледі.

 

  1. Сутегі энергетикасын дамыту бойынша акселерация жүргізу туралы

2025 жылғы 20 маусымда Астанада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ-мен бірлесіп, Қазақстан Республикасының сутегі энергетикасы саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін факторларды анықтау және инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша акселерациялық бағдарлама ұйымдастырды.

Іс-шара барысында озық технологияларды енгізу, әлемдік тәжірибелерді бейімдеу және инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары сияқты сутегі энергетикасын дамытудың негізгі мәселелерін талқылаған жұмыс топтары құрылды.

Акселерацияның мақсаты – инвестициялық жобаларды іске асыру жолындағы кедергілерді анықтау және жою, инвестициялық климатты жақсарту және елдегі бизнесті жүргізу жағдайларын оңтайландыру. Бұл бастама инвестициялардың келуін ынталандыруға және Қазақстандағы сутегі энергетикасының перспективалы саласын дамытуға бағытталған.

 

  1. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 51-ші сессиясына қатысуы туралы

2025 жылғы 21-22 маусымда Ыстамбұл қаласында (Түркия Республикасы) Ислам ынтымақтастығы ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің 51-ші сессиясы өтті. Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы қатысты. Аталған сессия «Өзгермелі әлемдегі Ислам ынтымақтастығы ұйымы» ұранымен өтті.

Кездесуге қатысушылар Ислам әлеміндегі ағымдағы әскери-саяси жағдайға қатысты кең ауқымды мәселелерді, оның ішінде қазіргі дағдарыстар мен қақтығыстарды реттеу шараларын талқылады. Иран-Израиль текетіресті тез арада шешу және Газа секторындағы атысты тоқтату қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Ұйымның халықаралық аренадағы рөлін нығайтуға бағытталған бірқатар ұсыныстарды ортаға салып, Қазақстанның осы процеске өз үлесін қосуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ Ұйымды одан әрі реформалау, қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, мұсылман азшылықтарының жағдайы, исламофобиямен күрес мәселелері талқыланды.

Сессия аясында саяси, экономикалық, құқықтық, гуманитарлық және басқа да салалар бойынша бірқатар қарарлар қабылданды. Қазақстандық тараптың бастамалары Сыртқы істер министрлері кеңесінің тиісті құжаттарында көрініс тапты.

Сонымен қатар сессия барысында М.Нұртілеу Түркия, Әзербайжан, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Иран, Сирия Сыртқы істер министрлерімен, сондай-ақ БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілімен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулерде екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын басқа да мәселелер қарастырылды.

 

  1. Грекия Парламенті депутаттарының Қазақстанға сапары туралы

2025 жылғы 23-26 маусым аралығында Грекия Республикасы Парламенті депутаттарының делегациясы Қазақстан Республикасына сапармен келеді.

Сапар аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Әйгүл Құспанмен және «Қазақстан-Грекия» парламентаралық достық тобының мүшелерімен кездесулер жоспарланған.

Сондай-ақ бағдарламада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен, Туризм және спорт вице-министрімен және Көлік вице-министрімен кездесулер қарастырылған.

Аталған кездесулер барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ парламентаралық диалогты кеңейту перспективаларын талқылау жоспарлануда.

 

  1. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Моңғолияға ресми сапары туралы

2025 жылғы 26-27 маусымда Моңғолия Сыртқы істер министрінің шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Моңғолияға ресми сапары өтеді.

Сапар аясында Министр Мұрат Нұртілеудің Моңғолия Сыртқы істер министрі Батмунхийн Батцэцэгпен келіссөздері, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен кездесуі жоспарланған.

Алдағы келіссөздер Қазақстан мен Моңғолия арасындағы саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық байланыстарды жандандыруға және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге септігін тигізеді деп күтілуде.

Ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, ғарыш салаларындағы ынтымақтастыққа, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылға баса назар аударылатын болады.

 

  1. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысуы туралы

2025 жылғы 29-30 маусымда Чолпан-Ата қаласында (Қырғыз Республикасы) Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ҰҚШҰ СІМК) кезекті отырысы өтеді.

Қазақстан Республикасының делегациясын Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу басқарады.

Отырыс барысында халықаралық және өңірлік ахуалдың өзекті мәселелері, сондай-ақ оның Ұйымға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне әсері жөнінде пікір алмасу жоспарлануда. ҰҚШҰ-ның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығымен (ТМД) және Шанхай ынтымақтастық ұйымымен (ШЫҰ) көпжоспарлы ынтымақтастығын дамыту перспективалары қарастырылады.

Ұйым СІМК отырысының қорытындысы бойынша Халықаралық ақпараттық қауіпсіздік, терроризм мен экстремизмге әкелетін радикалдануға қарсы іс-қимыл туралы, сондай-ақ Алматы қаласында орналасқан Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму саласындағы мақсаттар бойынша БҰҰ Өңірлік орталығы туралы мәлімдемелерді қоса алғанда, бірқатар құжаттар қабылданады деп жоспарлануда.

 

  1. ЮНКТАД-тың «World Investment Report» баяндамасына және «өңірлік көшбасшылықты жоғалту» мәселесіне қатысты.

2025 жылғы 19 маусымда ЮНКТАД-тың жыл сайынғы Дүниежүзілік инвестициялық баяндамасы жарияланды, оның деректері әрбір елдің ұлттық банктері мен статистикалық агенттіктері ұсынған есептердің негізінде құрылады.

Соңғы 25 жылда Қазақстанға 151,3 млрд АҚШ доллары тартылғаны туралы есепте көрсетілген. Бұл Орталық Азиядағы барлық таза инвестицияның шамамен 70% құрайды.

2024 жылы Қазақстандағы ірі жобалардың белсенді инвестициялық кезеңі аяқталғанына орай, минус 2,6 млрд АҚШ доллары таза тікелей шетелдік инвестициялардың теріс мәнінің қалыптасқанын түсіндіреді.

ҚР Ұлттық Банкі ЮНКТАД-қа ақпаратты кері инвестицияларды ескере отырып жолдайды, яғни ол нақты қаржылық ағындарды көрсетеді, онда сіз қайта инвестициялау, дивидендтер төлеу және несиені өтеу сомасын бақылауға болады. Осындай тәсілді барлық дамыған Экономикалық ынтымақтастық даму ұйымының елдері және кейбір дамушы елдер, оның ішінде Қазақстан да қолданады.

Инвесторлар үшін бұл тәсіл елдің әлеуетін табысты инвестициялық бағыт ретінде бағалауға мүмкіндік береді, онда табысты пайда тапқаннан кейін дивидендтер алуға болады.

Мысалы, ЭСКАТО-ның 2024 жылға арналған деректері Қазақстанның жаңа жобаларға (greenfield) тартылған инвестиция көлемі бойынша Солтүстік және Орталық Азия аймағында көшбасшыға айналғанын көрсетеді.

Инвестициялардың жалпы сомасы 15,7 млрд АҚШ долларын құрайды, бұл барлық шетелдік инвестициялардың 63% сәйкес келіп, 2023 жылмен салыстырғанда 88%-ға өскенін көрсетеді.

Анықтама: Елдер арасында есеп берудің екі нысаны бар – Төлем балансы бойынша нұсқаулық 5 және Төлем балансы бойынша нұсқаулық 6. Біріншісі кері инвестицияны есепке алады, екіншісі – кері инвестицияны қоспай есептейді.

ЮНКТАД есебінің 1-қосымшасында «b» белгісі бар кері инвестицияларды қоспайтын статистиканы екінші әдіс бойынша жүргізетін елдердің тізімі берілген. Оларға Тайвань, Вьетнам, Мальдив аралдары, Шри-Ланка, Сауд Арабия Корольдігі, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді.

19 июня 2025
Қазақстан Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан өз азаматтарын эвакуациялады

Астана, 2025 жылғы 17 маусым – Таяу Шығыстағы қарқынды шиеленіскен жағдайда Қазақстан Республикасы өз азаматтарын Иран Ислам Республикасының аумағынан эвакуациялауды жедел ұйымдастырды.

Үйлесімді жұмыс пен ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейінің арқасында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі, құзыретті мемлекеттік органдары мен шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері 109 отандасымызды елге қайтарды.

Эвакуация өңірдің достас мемлекеттерінің аумақтары арқылы транзитпен жүзеге асырылды, атап айтқанда 89 адам Ираннан Түрікменстан арқылы және 20 адам Әзербайжан арқылы өтті. Барлық азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетілді және Отанға оралу үшін қажетті жағдай жасалды.

Сыртқы істер министрлігі Иран, Түрікменстан және Әзербайжан билігіне қазақстандықтардың бүкіл бағыты бойынша қауіпсіз және уақтылы өтуін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған көмек пен нәтижелі өзара іс-қимыл көрсеткені үшін ризашылығын білдіреді.

Эвакуациялық іс-шараларды дайындау және өткізу барысында қазақстандық дипломаттар тәулік бойы жергілікті билікпен іс-қимылды үйлестіріп, маршруттардың логистикасын қамтамасыз етті, сондай-ақ құзыретті органдармен өзара іс-қимыл жасады және отандастарымызға қажетті қолдау көрсетті.

Қысқа мерзімде 200-ден астам азаматымыз хабарласып, оларға көмек көрсетілді. Ирандағы барлық қазақстандықтармен үздіксіз байланыс орнатылып, олардың алдын ала келісілген транзиттік бағыттары бойынша жүріп-тұруы ұйымдастырылды.

Отандастарымызды елге қайтару бойынша жұмыс жалғасуда және қазіргі уақытта ҚР СІМ басқа құзыретті ведомстволармен бірлесіп Қазақстан азаматтарын Израиль Мемлекетінен эвакуациялауды пысықтауда.

Шетелдегі қазақстандықтардың құқықтары, қауіпсіздігі мен амандығы – еліміздің сыртқы саяси бағытының аса маңызды басымдығы.

16 июня 2025
Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.Смадияровтың брифингі, Астана, 2025 жылғы 16 маусым

Мазмұны:

  1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық сотының жаңа төрағасын сайлау туралы;
  2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Америка Құрама Штаттарына ресми сапары туралы;
  3. Қытай Халық Республикасы Төрағасының Астанаға жұмыс сапары туралы;
  4. «Қытай – Орталық Азия» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы туралы;
  5. «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті туралы;
  6. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасарының Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумына қатысуы туралы;
  7. Қарусыздану саласындағы БҰҰ стипендиаттарының Қазақстанға сапары туралы;
  8. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің отырысы және ҰҚШҰ-ның киберқауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференциясы туралы;
  9. Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 51-ші сессиясы туралы.

 

  1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық сотының жаңа төрағасын сайлау туралы

2025 жылғы 10 маусымда Минск қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) Экономикалық сотының Пленум отырысы барысында Қазақстан Республикасының өкілі – ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Герман Кәрімұлы Нұрбаев бірауыздан ТМД Экономикалық сотының жаңа төрағасы болып сайланды.

Қазақстан өкілінің ТМД-ның негізгі құқықтық институттары бірінің басшылығына сайлануы – Достастыққа мүше мемлекеттердің еліміздің құқықтық жүйесіне деген жоғары сенімінің көрінісі әрі ТМД кеңістігінде құқықтық ынтымақтастықты нығайтудағы Қазақстанның сындарлы үлесін растайды.

Қазақстанның ТМД құрылымдарындағы институционалдық қатысуын кеңейту еліміздің стратегиялық мүдделеріне сай келеді және көпжақты өзара іс-қимыл тетіктерін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.

 

  1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Америка Құрама Штаттарына ресми сапары туралы

2025 жылғы 12 маусымда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақ делегациясы Вашингтон қаласына ресми сапармен барды.

Сапар барысында ҚР Сыртқы істер министрі АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездесті. Тараптар өзара сыйластық пен прагматикалық тәсілге негізделген кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделілігін растады. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары – сауда көлемін арттыру, америкалық технологияларды тарту, сондай-ақ Орталық Азия мен АҚШ арасындағы тұрақты диалог алаңы ретінде «C5+1» форматындағы өзара іс-қимылды ілгерілету мәселелері талқыланды. Трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы күресті қоса алғанда, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікке қатысты мәселелерге ерекше назар аударылды.

Экономикалық күн тәртібі бойынша диалог АҚШ Сауда өкілі Джеймисон Грирмен кездесуде жалғасын тапты. Келіссөздер барысында энергетика, көлік, сирек жер металдары мен жоғары технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды тереңдету мәселелері қаралды. Тараптар тарифтік және тарифтік емес кедергілерді жою тетіктерін, сондай-ақ көлік-логистикалық бағыттарды әртараптандыру жолдарын талқылады. Қазақ тарапы шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға және жетекші америкалық компаниялардың қатысуымен бірлескен жобаларды іске асыруға бейілділігін растады.

Сапар аясында АҚШ заң шығару органдарының өкілдерімен кездесулер ерекше маңызға ие болды. Сенаттың Халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы Джеймс Ришпен кездесуде қазақ-америкалық стратегиялық серіктестігінің маңыздылығы мен парламентаралық диалогты жандандыру қажеттігі аталып өтті. Сенатор Риш Қазақстанның сындарлы сыртқы саяси бағытын жоғары бағалап, екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі тереңдетуге ниетті екенін білдірді.

М.Нұртілеу сондай-ақ ҚР-АҚШ парламентаралық кокусының тең төрағасы, конгрессмен Роберт Адерхольтпен және Өкілдер палатасының Сауда жөніндегі кіші комитетінің мүшесі Кэрол Миллермен жеке кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында америкалық заң шығарушылар Джексон-Вэник түзетулерінің Қазақстанға қатысты күшін жоюға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Бұл шешім екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ықпал ететін болады.

Сапар қорытындысы бойынша жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға және жаңа бірлескен бастамаларды іске асыруға бағытталған нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұл қазақ-америкалық стратегиялық серіктестігінің барлық негізгі бағыттар бойынша дәйекті дамуын айғақтайды.

 

  1. Қытай Халық Республикасы Төрағасының Астанаға жұмыс сапары туралы

2025 жылғы 16-17 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Астана қаласына жұмыс сапары өтеді.

Сапар барысында жоғары деңгейдегі екіжақты келіссөздер өткізу жоспарлануда. Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті тереңдету, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, көлік-логистикалық байланыстарды нығайту, сондай-ақ гуманитарлық алмасу мәселелері талқыланады.

Индустрияландыру, инновациялар және «жасыл» экономиканы дамыту салаларындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ екі елдің стратегиялық бастамаларын өзара ұштастыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Сонымен қатар мемлекет басшылары «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитіне қатысады. Саммит барысында өңірлік ынтымақтастықты ілгерілету, орнықты даму, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және трансшекаралық сын-тегеуріндерге бірлескен ден қою мәселелері бойынша пікір алмасу көзделіп отыр.

 

  1. «Қытай – Орталық Азия» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы туралы

Бүгін, 2025 жылғы 16 маусымда Астана қаласында «Қытай-Орталық Азия» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастықтың екінші форумы өтуде. Форум жұмысына қазақ делегациясын Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, ал қытай тарапын ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Чжоу Хайбин бастап келеді. Іс-шараға Орталық Азия елдерінің ресми өкілдері қатысуда.

Форум аясында салалық сарапшылардың қатысуымен IT, көлік және логистика, агроөнеркәсіптік кешен мен тау-кен металлургия салаларына арналған панельдік сессиялар өткізіліп, коммерциялық құжаттарға қол қою жоспарланған.

Аталған форумның алғашқы отырысы 2023 жылғы 16 ақпанда Қытайдың Циндао қаласында гибридті форматта өткен болатын. Іс-шараны ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті мен Шаньдун провинциясының халық үкіметі ұйымдастырған. Оның қорытындысы бойынша «Қытай – Орталық Азия» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі Циндао бастамасы және «Ынтымақтастықтың табысты мысалдары» каталогы қабылданды.

Форум 2022 жылғы 25 қаңтарда қабылданған «Орталық Азия және Қытай мемлекеттері басшыларының бірлескен мәлімдемесіне» сәйкес, «Қытай – Орталық Азия» форматындағы индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық платформасын дамытуға бағытталған уағдаластықтар шеңберінде жүзеге асырылуда. Бұл бастама дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай қабылданған шешімдердің жалғасы.

 

  1. «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті туралы

2025 жылғы 17 маусымда Астана қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен «Орталық Азия – Қытай» форматындағы екінші саммит өтеді.

Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттері, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин қатысады.

Саммит аясында өңірлік өзара іс-қимылды нығайту, саяси диалогты кеңейту, сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету, көлік-транзиттік ықпалдастықты, энергетика, инновациялар мен тұрақты даму салаларын дамыту мәселелері талқыланатын болады.

Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, трансұлттық сын-қатерлерге қарсы күрестегі бірлескен күш-жігерді үйлестіру, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық алмасуларды ілгерілету мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Саммит қорытындысы бойынша Астана декларациясына және Мәңгілік достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою жоспарланып отыр. Бұл құжаттар тараптардың өзара құрмет, сенім мен ортақ жауапкершілік қағидаттарына негізделген жан-жақты серіктестікті одан әрі тереңдетуге бейілділігін бекітеді.

 

  1. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасарының Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумына қатысуы туралы

2025 жылғы 18-21 маусым аралығында Санкт-Петербург қаласында Петербург Халықаралық экономикалық форумы (ПМЭФ-2025) өтеді. Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған қазақ делегациясы қатысады.

Аталған Форум дәстүрлі түрде Ресей мен басқа мемлекеттердің мемлекеттік құрылымдары, іскер топтары мен сарапшылық қауымдастығы арасындағы диалог үшін беделді халықаралық алаң ретінде танылған.

ПМЭФ-2025-тің басты бағыты – жаһандық турбуленттілік жағдайында даму үшін ортақ бағдарларды әзірлеу, өзара іс-қимылдың қазіргі модельдерін қайта қарау және орнықты даму қағидаттарын қалыптастыру.

 

  1. БҰҰ стипендиаттарының қарусыздану саласындағы Қазақстанға сапары туралы

2025 жылғы 18-22 маусым аралығында Біріккен Ұлттар Ұйымының қарусыздану саласындағы бағдарламасына қатысушылардың Қазақстан Республикасына танысу сапары өтеді.

Аталған бағдарлама БҰҰ Қарусыздану мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып, әртүрлі елдерден келген жас мамандарды даярлауға бағытталған. Бағдарламаға қатысушылардың кәсіби қызметі болашақта қарусыздану, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау және халықаралық қауіпсіздік салаларымен тығыз байланысты болмақ.

Сапар барысында стипендиаттар Қазақстанның жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған негізгі бастамаларымен, оның ішінде бейбітшілік, сенім және ядролық қарусыздану идеяларын ілгерілетудегі көшбасшылық рөлімен танысады. Бағдарлама шеңберінде олар Абай облысындағы Курчатов қаласында орналасқан Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына барып, сондай-ақ ядролық қарусыздану жолындағы халықаралық күш-жігердің символына айналған бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағына барады.

Аталған сапар – осы бағдарлама аясында Қазақстанда өткізілетін жетінші іс-шара болып табылады. Бұған дейін мұндай таныстыру сапарлары 2013, 2015, 2017, 2019, 2022 және 2023 жылдары өткен болатын. Бұл – халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанның бейбітшілікті, тұрақтылықты және ядросыз әлем құру ісіндегі тәжірибесіне тұрақты түрде қызығушылық танытып отырғанының айғағы.

 

  1. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің отырысы және ҰҚШҰ-ның киберқауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференция туралы

2025 жылғы 19 маусымда Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің кезекті отырысы өтеді. Іс-шараға Қазақстан Республикасының делегациясын Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетов басқарады.

Кездесу барысында ҰҚШҰ жауапкершілік аймағындағы қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері қаралады. Атап айтқанда, халықаралық терроризмге, есірткі айналымының заңсыздығына, заңсыз көші-қонға қарсы күрес, сондай-ақ мүше мемлекеттердің киберқауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар талқыланбақ.

Отырыс қорытындысы бойынша ҰҚШҰ аясындағы өзара іс-қимыл тетіктерін одан әрі жетілдіруге және ұжымдық қауіпсіздік саласындағы үйлестіруді күшейтуге бағытталған бірқатар құжаттарға қол қою жоспарлануда.

Сол күні Ғ.Нұрдәулетов ҰҚШҰ-ның киберқауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференциясына қатысады. Халықаралық салалық ұйымдар мен сараптамалық қауымдастықтың өкілдері қатысатын бұл іс-шарада киберқауіпсіздікті қамтамасыз етудегі халықаралық ынтымақтастық, осы саладағы құқықтық реттеу, сондай-ақ жасанды интеллектті қоса алғанда, заманауи цифрлық технологиялардың жаһандық және өңірлік қауіпсіздікке ықтимал әсері мәселелері қаралады.

 

  1. Ислам ынтымақтастығы ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің 51-ші сессиясы туралы

2025 жылғы 21-22 маусым аралығында Ыстамбұл қаласында «Өзгермелі әлемдегі Ислам ынтымақтастығы ұйымы» тақырыбымен Ислам ынтымақтастығы ұйымының (Ұйым) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 51-ші сессиясы өтеді.

Сессия жұмысына Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған ресми делегация қатысады.

Іс-шара барысында ислам әлеміндегі қазіргі саяси жағдай, мүше мемлекеттер арасындағы мемлекетаралық өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланады.

Халықаралық қауіпсіздік, қарусыздану саласындағы бастамаларды ілгерілету, исламофобия мен дінді қорлауға (диффамация) қарсы күрес, сондай-ақ әлемнің түрлі өңірлеріндегі мұсылман азшылықтарының құқықтары мен жағдайына ерекше назар аударылатын болады.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – ұйымның институционалдық реформасын жалғастыру және қазіргі геосаяси жағдайда Ұйымның тиімділігін арттыруға бағытталған нақты шараларды қарастыру.

04 июня 2025
Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2025 жылғы 2 маусым

Мазмұны:

  1. Астана халықаралық форумының қорытындылары туралы;
  2. Қазақстанның Франция мен Италиямен экономикалық ынтымақтастығын нығайту туралы;
  3. «Сиань – Алматы» бағыты бойынша туристік пойызы туралы;
  4. Қазақстанның агроөнеркәсіптік саласына инвестициялар тарту туралы;
  5. Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар туралы;
  6. «Орталық Азия – Қытай» сараптамалық форумының бесінші отырысы туралы;
  7. Қазақстан мен Италияның заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөніндегі бірлескен шаралары туралы;
  8. Буркина-Фасо Сыртқы істер министрінің Қазақстанға сапары туралы;
  9. Африка құрлығы елдерімен ынтымақтастықты дамыту туралы;
  10. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы туралы;
  11. «Орталық Азия – Үндістан» диалогының сыртқы істер министрлерінің 4-ші кездесуі туралы;
  12. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Иранға ресми сапары туралы.

 

 

  1. Астана халықаралық форумының қорытындылары туралы

2025 жылғы 29-30 мамырда Мемлекет басшысының бастамасымен 2023 жылы құрылған диалог алаңы – «Астана халықаралық форумы» өтті. Оның басты мақсаты – жаһандық сын-қатерлерге жауап беру жолдарын бірлесіп іздеу және жаңа серіктестік бағыттарын айқындау.

Форумға 160-тан астам халықаралық спикер мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген 7 мыңнан аса қатысушы қатысты. Олардың қатарында шетелдік үкімет өкілдері, бизнес көшбасшылар мен ғылыми-зияткерлік орта өкілдері болды.

Пленарлық сессияда Руанда Президенті Поль Кагаме, Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давкова, Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсе, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының Бас директоры Цюй Дунъюй және БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун сөз сөйледі. Форумның екінші күніндегі алғашқы сессияға Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форумдағы баяндамасында Қазақстан қазіргі геосаяси турбуленттілікті конструктивті ынтымақтастық тұрғысынан қарастыратынын атап өтті. Сыртқы саясатымызда біз бөлінуден гөрі диалогқа, егемен құқықтарды құрметтеуге басымдық береміз. Қазақстан жаһандық өзгерістерге серіктес идеялар ұсынатын ел, консенсус шешімдерін ұсынушы және сенімді серіктес ретінде үлес қоса алады.

Форумға 39 елден келген 60 шетелдік БАҚ-тың 110 өкілі ақпараттық сүйемелдеу жүргізді. Олардың қатарында «CNN», «Euronews», «Al Jazeera», «Financial Times», «Nikkei Asia», «Bloomberg» және басқалары бар. CNN арнасында «What We Know with Max Foster» және «Tonight with Isa Soares» атты екі танымал бағдарлама тікелей эфирде көрсетілді.

Форум бағдарламасы үш негізгі тақырыпты қамтыды: сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік, энергетика және климаттың өзгеруі, сондай-ақ экономика және қаржы.

Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бойынша шетелдік делегаттардың қатысуы арқасында форумның ел экономикасына мультипликативтік әсері 2,6 млрд теңгеден асады.

Астана халықаралық форумы орта державалардың рөлін арттыру, көпжақтылық қағидаттарын нығайту және әлемдік сарапшылар, ғалымдар, инвесторлар мен саясаткерлерді біріктіретін маңызды алаң ретіндегі миссиясын тағы да дәлелдеді.

 

  1. Қазақстанның Франция мен Италиямен экономикалық ынтымақтастығын нығайту туралы

2025 жылғы 28 мамырда Астанада Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов төрағалығымен Қазақстан мен Франция, сондай-ақ Қазақстан мен Италия арасындағы бизнес-форумдар өтті. Бұл іс-шаралар екіжақты экономикалық серіктестікті тереңдетуге, бірлескен жобаларды ілгерілетуге және инвестициялар тартуға бағытталған маңызды платформа болды.

Қазақстан-Франция бизнес-форумына Францияның Сыртқы сауда және шетелдегі француз азаматтары мәселелері жөніндегі уәкілетті министрі Лоран Сен-Мартен қатысты. Энергетика, агроөнеркәсіп кешені, денсаулық сақтау, көлік инфрақұрылымы және тұрақты қалалық даму салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Форумға «Vinci», «Sanofi», «Schneider Electric», «EDF», «Veolia», «Limagrain», «Orano», «Danone», «Air Liquide», «Bonduelle» және басқа да ірі компаниялардың өкілдері бар 300-ге жуық делегат қатысты.

Форум аясында пленарлық және салалық төрт панельдік сессия өтті, коммерциялық келісімдерге қол қойылып, B2B және B2G кездесулер ұйымдастырылды.

Қазақстан-Италия бизнес-форумы да екі елдің үкімет, ұлттық компаниялар мен іскерлік топтар өкілдерін жинады. Италиядан «MAIRE», «ENI», «Tenaris», «Leonardo», «Danieli», «Bonifiche Ferraresi», «Confindustria» сынды ірі компаниялар мен бірлестіктер басшылары қатысты. Негізгі тақырыптар: өндірістік кооперация, логистиканы цифрландыру және экспорттық әлеуетті арттыру. Әсіресе жеткізу тізбектері мен табысты бизнес-тәжірибелерге арналған панельдік сессиялар ерекше қызығушылық тудырды.

Аталған форумдар Қазақстан, Франция және Италия арасындағы өзара тиімді, ұзақ мерзімді серіктестікті нығайтуға деген ортақ мүддені көрсетті.

 

  1. «Сиань – Алматы» бағыты бойынша туристік пойызы іске қосылуы туралы

2025 жылғы 29 мамырда «Орталық Азия – ҚХР» екінші саммиті қарсаңында және Қазақстандағы Қытай туризм жылы аясында «Сиань – Алматы» бағытында алғашқы арнайы туристік пойыз сапарға аттанды. Пойыз 9 вагоннан тұрады.

Бұл пойыз Үрімші, Қорғас шекаралық өткелі және Алтынкөл станциясы арқылы өтіп, 31 мамырда Алматыға келіп жетті. Туристік топтың құрамына 246 адам кірді – бұл бизнес, ғылым, мәдениет, спорт және басқа да салалардағы танымал тұлғалар.

Алматыда қонақтар үшін бес күндік мазмұнды бағдарлама дайындалды - қаланы аралау, мәдени және іскерлік іс-шараларға қатысу. Бұл жоба екі ел арасындағы туризм мен мәдени алмасуды дамытудағы маңызды қадам болды.

 

  1. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту туралы

2025 жылғы 29-30 мамыр күндері Астана қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде түрік «Tiryaki Agro» және португалиялық «Agrocephalus» компанияларымен кездесулер өтті.

Түрік инвесторымен құны шамамен 320 миллион АҚШ долларын құрайтын ірі агроөнеркәсіп жобасын жүзеге асыру туралы келісімшартқа қол қойылды. Жоба Байқоңыр ауданында орналасып, астықты қайта өңдеудің толық циклін қамтитын Қазақстандағы алғашқы кәсіпорын болады. Бұл жоба 500-ден астам жұмыс орнын ашуға және шикізаттық емес сектордың дамуына ықпал етеді.

Португалиялық компаниямен Ақмола облысында құны 142 миллион АҚШ долларын құрайтын ет өңдеу кешенін салу жобасы талқыланды. Бұл жоба да жаңа жұмыс орындарын ашып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.

 

  1. Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар туралы

Бүгін Байқоңыр қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мен «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Бакановтың қатысуымен Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар өтуде.

Бағдарлама аясында салтанатты жиналыс, «Байқоңыр – арман мен үміт қаласы» атты мәдени бағдарлама, сондай-ақ ашық аспан астындағы зымыран-ғарыш техникасы мұражайының ашылуы жоспарланған.

Бұл іс-шаралар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің 2024 жылғы қарашада ресейлік лидердің Қазақстанға жасаған ресми сапары нәтижесінде берген тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылуда.

 

  1. «Орталық Азия – Қытай» сараптамалық форумының бесінші отырысы туралы

2025 жылғы 3 маусымда Астана қаласында Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен Қытайдың Қоғамдық ғылымдар академиясы жанындағы Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының бірлесіп ұйымдастыруымен «Орталық Азия – Қытай» форматындағы сараптамалық орталықтардың бесінші форумы өтеді.

Форумда Орталық Азия мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің басты бағыттары талқыланады. Атап айтқанда, өңірді экономикалық хаб ретінде дамыту, сондай-ақ цифрландыру, жасанды интеллект және инновациялық экожүйелер саласындағы технологиялық өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылады.

 

  1. Қазақстан мен Италияның заңсыз көші-қонмен күрес жөніндегі бірлескен шаралары туралы

Қазіргі уақытта Қазақстан Сыртқы істер министрлігі миграция саласындағы серіктестікті, әсіресе еуропалық мемлекеттермен нығайту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Италия Премьер-министрі Джорджа Мелонидің Қазақстанға ресми сапары аясында екі ел үкіметтері арасында реадмиссия туралы маңызды келісімге қол қойылды. Бұл құжат миграциялық заңнаманы бұзған тұлғаларды қайтару, қабылдау және беру тәртібін айқындайды.

Қазақстан тарапынан бұл келісімнің күшіне енуі миграция саласындағы тәртіпті нығайту үшін маңызды қадам деп саналады. Ол шетелдіктердің заңсыз болу мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік береді және заңсыз көші-қон мен трансұлттық қылмыстармен күреске үлес қосады.

 

  1. Буркина-Фасо Сыртқы істер министрінің Қазақстанға сапары туралы

2025 жылғы 3-5 маусым аралығында Буркина-Фасо Сыртқы істер, аймақтық ынтымақтастық және шетелдегі буркинийліктер істері жөніндегі министрі Карамоко Жан-Мари Траоренің Қазақстанға ресми сапары өтеді.

Келіссөздер барысында Африка құрлығымен байланыстарды кеңейту мақсатында екіжақты саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту жолдары қарастырылады.

Буркина-Фасо делегациясының Қазақстанның мүдделі министрліктері мен ведомстволарымен кездесулері жоспарланған.

 

  1. Африка құрлығы елдерімен ынтымақтастықты дамыту туралы

Соңғы екі жылда біздің Африка құрлығы елдерімен ынтымақтастығымыз айтарлықтай белсенді дамып келе жатқанын көріп отырсыздар. Қоғамда осы байланыстар туралы сұрақтар туындауда, сондықтан Қазақстанның сыртқы саясатының осы бағытында атқарып жатқан жұмыс туралы қысқаша түсінік бергім келеді.

Сіздер «Астана халықаралық форумы» жұмысына Африка мемлекеттерінің өкілдерінің белсенді қатысқанын көрдіңіздер. Форумның ең маңызды қатысушылары арасында Руанда Президенті Поль Кагаме, Нигерияның Ифе патшасы, Конго Республикасы Президентінің арнайы өкілі Франсуаза Жоли, Буркина-Фасоның бұрынғы Премьер-министрі Лассина Зербо және Оңтүстік Африка, Марокко мен басқа да африкалық елдердің делегациялары бар.

Форум аясында алғаш рет «Қазақстан – Африка: Ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» атты арнайы панельдік сессия ұйымдастырылып, Қазақстан мен Африка елдері арасындағы байланысты нығайтуға арналды.

Арнайы тоқталғым келетіні – Руанда Президенті Поль Кагаменің ресми сапары, ол форумға тұспа-тұс өтті. Сапар барысында мемлекет басшылары деңгейінде келіссөздер жүргізіліп, сауда, IT, қаржы және білім беру салаларын қамтитын бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.

Руандадан Қазақстанға бериллий рудасын жеткізу туралы келісімді ерекше атап өткім келеді, бұл руда атом және ғарыш өнеркәсібінде пайдаланылады.

Африка құрлығы сыртқы саясатымыздың басым бағыттарының бірі болып отыр. Африка елдерімен байланыстарды дамыту – Мемлекет басшысының көпвекторлы сыртқы саясат доктринасы аясында құрлық елдерімен ынтымақтастықты күшейту туралы тапсырмасын жүзеге асыру.

Соңғы екі жылда Того, Конго Республикасы және Гвинея-Бисау президенттері ресми сапармен Қазақстанға келді, сондай-ақ Сьерра-Леоне, Бенин және Руанданың сыртқы істер министрлері келіп кетті.

2025 жылдың ақпан айында ҚР Сыртқы істер министрі М.Нұртілеу Африка елдеріне алғашқы ресми сапарын жасап, Марокко Корольдігіне барып қайтты.

Сонымен қатар, Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров жуырда Нигерияға барып, қазақ бизнес делегациясымен бірге сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жөнінде бірқатар келіссөздер жүргізді.

Жақында Буркина-Фасоның Сыртқы істер министрін қабылдауды жоспарлап отырмыз. Әрбір осындай сапар экспортқа бағытталған кәсіпорындарға баруды және ынтымақтастыққа қызығушылық танытқан қазақ бизнесмендерімен кездесуді қамтитын тығыз бағдарламамен өтеді.

IT және электрондық үкімет саласындағы өзара іс-қимыл әсіресе жемісті болды. Мемлекеттік қызметтердің цифрлануы, смарт шешімдер және инфрақұрылымды дамыту бойынша тәжірибе алмасудамыз. Біздің жобаларымыз көптеген африкалық елдер үшін практикалық мәнге ие.

Ресми сапарлар жиі өзара бизнес байланыстардың қозғаушы күші болады, мысалы, осы жылдың басында Нигериямен болған жағдай сияқты.

Қазіргі уақытта Астанада Нигериядан король Ифе басқаратын іскерлік делегация жүр. Ол батыс Африканың ең ірі этностарының бірі — йоруба халқының дәстүрлі көшбасшысы. Өткен аптада король Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездесті, ал бүгін оның Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновпен кездесуі өтті.

Мұндай қарым-қатынастардың жандануы дипломатиялық өкілдіктеріміздің кеңеюімен тікелей байланысты екенін атап өткім келеді.

2012 жылы Африка құрлығында тек Мысырда ғана елшілігіміз болды. Қазіргі кезде олардың саны алтыға жетті: Мысыр (1993), Оңтүстік Африка Республикасы (2013), Эфиопия (2015), Марокко (2021), Алжир (2024) және Кения (2025).

Дипломатиялық миссияларды ашу нақты экономикалық нәтижелер берді: егер 2012 жылы Қазақстанның Африка елдерімен тауар айналымы шамамен 100 млн АҚШ долларын құраса, 2022 жылы ол алғаш рет 1 млрд доллардан асты, бұл қазақ-африкалық сауда тарихындағы рекорд (2024 жылы – 783 млн доллар).

Сонымен қатар, дипломатиялық миссиялары жоқ елдерде құрметті консулдар институтын белсенді дамытамыз. Бұл жергілікті бизнестің беделді өкілдері, олар қоғамдық негізде өз елдері мен Қазақстан арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтеді.

Бүгінде Қазақстан Африкаға күкірт, мұнай коксы, металл өнімдері, ауыл шаруашылығы өнімдері мен минералды тыңайтқыштарды экспорттайды. Мысалы, биыл мамырдың басында 15 жылдан кейін алғаш рет қазақ дәнді дақылдарының партиясы Мароккоға жіберілді, бұл экспорт бағытын әртараптандыруда маңызды қадам болды.

Сонымен қатар, дәнді дақылдарды Мысыр, Нигерия, Сенегал, Кот-д’Ивуар және басқа да құрлық елдеріне жеткізуді кеңейту мәселелері қарастырылуда.

Африкадан Қазақстанға жемістер, кофе, какао бұршақтары, шай, сондай-ақ фармацевтикалық өнімдер, текстиль, косметика және электротехника тасымалдануда.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық – қазақ-африкалық байланыстардың маңызды бағыты.

Бүгінде бірнеше африкалық елдердің студенттері біздің жоғары оқу орындарында, негізінен медицина, инженерия, ауыл шаруашылығы және IT салаларында білім алуда.

Сонымен бірге, біздің азаматтар Африка елдерін, әсіресе Оңтүстік Африка Республикасы, Мысыр, Марокко және Кенияны туризм және саяхат үшін жиі таңдайды.

Африка елдерімен саяси ынтымақтастық та маңызды. 2013 жылдан бастап Қазақстан Африка одағының бақылаушы статусын алған және БҰҰ, ИЫҰ және басқа халықаралық ұйымдар аясында оның мүшелерімен қарым-қатынасты нығайтуда.

Африка – БҰҰ 193 мүшесінен 54 мемлекетін құрайды, яғни Бас Ассамблеяда дауыс беретін елдердің төрттен бірінен асады. Африка елдері соңғы кезде жиі бірлесе үн қосып, халықаралық ірі мәселелерге ықпал етіп келеді.

Осындай жағдайда Қазақстан Орта держава ретінде тек өңірлік өзара әрекеттестікпен шектелмей, Африканы тең құқылы серіктес ретінде қарастырады. Бізді тұрақты даму мен әділ жаһандық тәртіпке деген ортақ мүдде біріктіреді.

Бұл ынтымақтастықтың практикалық жемістерін де көріп отырмыз: соңғы жылдары африкалық серіктестер біздің бастамаларымызды қолдады, соның ішінде Астана ЭКСПО-2017 өткізу, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы, БҰҰ-ның Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құру, Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру, БҰҰ құрылымдарына біздің кадрларды ұсыну және т.б.

Барлық осы бағыттар бойынша жүйелі жұмыс үшін СІМ 2025-2030 жылдарға арналған Африка елдері мен Африка одағымен ынтымақтастықты дамыту тұжырымдамасын әзірлеуде. Онда саяси, экономикалық, гуманитарлық байланыстар, білім беру, цифрлық және экологиялық жобаларға ерекше назар аударылады.

Қорытындылай келе, Африкамен жан-жақты байланыстарды дамыту – Қазақстанның ұзақ мерзімді ұлттық мүдделеріне экономикалық және саяси тұрғыдан толық сәйкес келеді.

 

  1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы туралы

2025 жылғы 5 маусымда Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтеді. Бұл жиынға Қазақстан Республикасының делегациясын Премьер-министр Олжас Бектенов басқарады.

Күн тәртібінде – сауда-экономикалық серіктестікті кеңейту, өнеркәсіп, көлік, денсаулық сақтау, экология, туризм, жастар саясаты, гуманитарлық және қорғаныс салаларындағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелері.

Сонымен қатар, ТМД мен оның институттарының жұмысын тиімді етуге, өңіраралық байланысты нығайтуға бағытталған бірқатар құжаттарды қабылдау жоспарланып отыр. Кеңес барысында ТМД органдары жүйесіндегі кадрлық мәселелер мен 2025 жылға арналған Достастық қызметінің қаржыландырылуы да қаралады.

Отырыстың нәтижелері ТМД мемлекеттері арасындағы интеграциялық үдерістерді тереңдетуге және нақты ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады деп күтілуде.

 

  1. «Орталық Азия – Үндістан» диалогының сыртқы істер министрлерінің 4-ші кездесуі туралы

2025 жылғы 5-6 маусым күндері Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Үндістан Сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкардың шақыруымен Нью-Дели қаласына жұмыс сапарымен барады. Ол «Орталық Азия – Үндістан» диалогы аясындағы сыртқы істер министрлерінің 4-ші кездесуіне қатысады.

Кездесу барысында аймақтық қауіпсіздік, өзара сауда, инвестициялар, технологиялық ынтымақтастық және Үндістанмен көлік-логистикалық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланады.

Кездесу қорытындысы бойынша «Орталық Азия – Үндістан» диалогына қатысушы елдердің Сыртқы істер министрлерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданады деп күтілуде.

Сапар аясында СІМ басшысы М.Нұртілеу Үндістанның сыртқы істер министрімен, сондай-ақ жергілікті іскер топтар өкілдерімен кездесулер өткізеді.

Бұл диалог аясындағы бірінші кездесу 2019 жылғы 13 қаңтарда Самарқанд қаласында (Өзбекстан), екіншісі – 2020 жылғы 28 қазанда онлайн форматта, үшіншісі – 2021 жылғы 19 желтоқсанда Нью-Делиде өткен болатын.

 

  1. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Иранға ресми сапары туралы

2025 жылғы 7 маусымда Иран Ислам Республикасының шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Тегеранға ресми сапармен барады.

Сапар аясында Иран Президенті Масуд Пезешкианмен, Сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен, сондай-ақ ірі ирандық бизнес өкілдерімен кездесулер өткізу жоспарланған.

Алдағы келіссөздер екі ел арасындағы саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ бизнес құрылымдар арасындағы байланыстарды жандандыруға ықпал етеді деп күтілуде.

Көлік-логистикалық өзара байланыс, энергетика, ауыл шаруашылығы және халықаралық әрі өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.

06 мая 2025
Қазақстан жаңа инвесторлық визаны енгізеді

Астана, 2025 жылғы 30 сәуір – Қазақстан Республикасы халықаралық бизнеске жақындай түсу жолында тағы бір маңызды қадам жасады. ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және ұзақ мерзімді іскерлік серіктестікті қолдауға бағытталған инвесторлық визаны алу қағидалары бекітілді.

Жаңа талаптарға сәйкес Қазақстан компанияларының жарғылық капиталына немесе отандық бағалы қағаздарға кемінде 300 000 АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған шетел азаматтары инвесторлық визаны ресімдеу үшін электронды өтініш бере алады. Бұл «алтын виза» Қазақстанда 10 жылға дейін тұруға рұқсат алу мүмкіндігін көздейді.

Мұндай визалық бағдарламалар халықаралық тәжірибеде (соның ішінде Еуропа елдері, АҚШ, БАӘ және Сингапурда) кеңінен қолданылып, капитал, технология мен іскерлік белсенділікті тартудың нәтижелі құралы ретінде өз тиімділігін дәлелдеді. Қазақстан осы тәжірибеге қосылып, инвестициялық резиденттіктің өзіндік моделін ұсынады.

«Алтын визалар» шетелдік инвесторлар үшін қолайлы әрі болжамды орта қалыптастырып, заңды кепілдіктер беруге және елдің инвестициялық ахуалына сенімді нығайтуға бағытталған. Бұл жаңа бастама елдің ашықтыққа, капиталды қорғауға және тұрақты халықаралық экономикалық байланыстарды дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарын көрсетеді.

Құжат ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң өз күшіне енеді. Құжаттың толық мәтіні келесі сілтеме арқылы қолжетімді: https://zan.gov.kz/client/#!/doc/209576/kaz

20 марта 2025
Қазақстан СІМ-де Наурыз мерекесі аталып өтті

Астана, 2025 жылғы 20 наурыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде еліміздің ең маңызды және жарқын мерекелерінің бірі – Наурызды мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға сыртқы саяси ведомствосының басшылығы мен қызметкерлері қатысты.

Наурыз – бейбітшілік пен келісім құндылықтарына негізделген жаңаруды, жаңғыруды, өркендеу мен бірлікті бейнелейді. Бұл мереке рухани бірлікке деген ұмтылысты ғана емес, сонымен бірге мықты және гүлденген мемлекет құрудағы бірлескен күш-жігердің маңыздылығын еске салады.

СІМ басшылығы министрлік ұжымын құттықтап, әлемдік қауымдастық мойындаған, ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген және БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен қабылданған осы көктемгі мерекенің ерекше мәнін атап өтті.

Іс-шара соңында ұлттық дәстүрлерді сақтау және насихаттау СІМ-нің мәдени дипломатияны ілгерілетудегі қызметінің маңызды бөлігі екеніне назар аударылды. Наурыз ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығының символы ретінде халықаралық байланыстарды нығайтуда, ынтымақтастықты дамытуда және әлемдік аренада еліміздің бейбіт бастамаларын ілгерілетуде маңызды рөл атқарады.

14 марта 2025
Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы Бейбіт келісім бойынша келіссөздердің аяқталуына байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесі

Қазақстан Республикасы Әзербайжан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Армения Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасында Бейбітшілік және мемлекетаралық қатынастар орнату туралы келісім жобасының мәтіні бойынша келіссөздерді аяқтау жөнінде мәлімдемелерін құптайды.

Қол жеткізілген уағдаластықтар мен осы тарихи құжатқа қол қою Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіру, сондай-ақ бүкіл Оңтүстік Кавказ өңірінің тұрақтылығын, қауіпсіздігін және өркендеуін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болатынына сенім білдіреміз.

Қазақстан Республикасы берік және ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату мақсатында екі ел арасындағы конструктивті диалогты жалғастыруға бағытталған күш-жігерге өзінің табанды қолдауын тағы да растайды.

13 марта 2025
Министр иностранных дел Казахстана провёл ауызашар для дипломатического корпуса

Астана, 2025 жылғы 12 наурыз – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдеріне ауызашар өткізді.

Кездесуді аша отырып, сыртқы саяси ведомствосының басшысы ой толғауды, бірлікті және игі істерді бейнелейтін қасиетті Рамазан айының рухани маңыздылығын атап өтті.

«Рамазан – ораза айы ғана емес, рухани құндылықтарды нығайту, өзара сыйластық пен ынтымақтастық уақыты. Қазақстан әрқашан бейбітшілікті, тату көршілікті және халықаралық ынтымақтастықты жақтап келеді және бұл қағидаттар өзгермейді», – деп мәлімдеді министр өз сөзінде.

М.Нұртілеу жаһандық сын-қатерлерге қарамастан Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауға бағытталған сындарлы сыртқы саясатты жүргізуді жалғастырып жатқанын жеткізді. Ол 2024 жылғы еліміздің мұсылман елдермен ынтымақтастығын қорытындылап, 2025 жылға арналған өзара іс-қимылдың басым бағыттарын белгіледі.

Соңғы жылдары Қазақстан сауда-экономикалық серіктестікті, көлік логистикасын және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыта отырып, мұсылман әлемімен байланыстарды айтарлықтай нығайтқаны аталып өтті. Бұл күш-жігер барлық тараптар үшін жаңа перспективалар ашып, елеулі нәтиже беруде.

СІМ басшысы екіжақты және көпжақты байланыстарды дамытуға белсенді қатысқаны үшін дипломатиялық корпусқа алғысын білдіріп, Қазақстанның Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру жөніндегі бастамасына қолдау білдіргеніне ерекше назар аударды.

Шетелдік дипломаттар жылы қабылдау үшін алғыс айтып, Қазақстанмен серіктестікті одан әрі нығайтуға бейілділігін растады.

Дипломатиялық корпусқа арналған ауызашар сенім, өзара түсіністік пен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін маңызды дәстүрге айналды.

07 марта 2025
Қазақстан СІМ-де Халықаралық әйелдер күніне орай салтанатты жиын өтті

Астана, 2025 жылғы 7 наурыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға СІМ басшылығы және ведомство ұжымының әйелдер бөлігі қатысты.

Салтанатты іс-шара барысында дипломатиядағы және халықаралық аренадағы әйелдер рөлінің маңыздылығы атап көрсетілді. Олардың дипломатиялық қызметтегі жұмысы халықаралық байланыстарды нығайту және жаһандық сахнада Қазақстанның мүдделерін ілгерілету үшін шешуші мәнге ие екені аталып өтті. Министрліктің орталық аппаратында да, шет елдерде де әйелдер мемлекеттік мүдделерді қорғауға және сыртқы саяси мақсаттарды іске асыруға белсенді жәрдемдеседі.

«Әйелдердің қазіргі қоғамдағы және мемлекеттегі рөлі ұдайы өсіп келеді және олардың еліміздің жасампаз дамуына қосқан үлесі даусыз. Олардың еңбек ұжымында болуы үйлесімділікті қалыптастырады және табысты жұмысқа ықпал етеді», – деп атап өтті Қазақстан СІМ басшылығы.

Мерекеге орай ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен министрліктің барлық ерлер ұжымы атынан әйелдер қауымына денсаулық, бақыт және кәсіби қызметте табыс тілек етілді.

Сонымен қатар әйелдердің дипломатиялық саладағы қызметі Қазақстанның тұрақты және гүлденген мемлекет ретінде одан әрі дамуы үшін, сондай-ақ елдің сыртқы саяси бастамаларын іске асыру үшін шешуші мәнге ие екеніне назар аударылды. Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы оқылып, оған сәйкес СІМ-нің бірнеше қызметкері дипломатиялық қызметті дамытуға және мемлекет мүдделерін ілгерілетуге қосқан елеулі үлесі үшін мемлекеттік наградаларға ие болды.

20 февраля 2025
Қазақстан жаһандық ынтымақтастықты нығайтуда: 2024 жылғы сыртқы саясаттың негізгі жетістіктері

Қазақстан БҰҰ Жарғысына қатаң сәйкестікте кең ауқымды көпжақты ынтымақтастыққа бейілділігін айқын көрсетіп отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында мәлімдеді. Мемлекет басшысы еліміздің халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелерін шешуде белсенді рөл атқаратынын атап өтті.

2024 жылы Қазақстан бірқатар беделді халықаралық ұйымдар мен платформаларға төрағалық етті, бұл өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге ықпал етті. Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім саралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ), Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне және Халықаралық Аралды құтқару қорына (ХАҚҚ) табысты төрағалық ету Қазақстанның халықаралық ықпалын нығайтудағы маңызды қадам болды, сондай-ақ дипломатиялық мүмкіндіктерді кеңейтті.

Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету барысында экономикалық ынтымақтастықты, қауіпсіздікті, экологиялық бастамаларды және цифрлық трансформацияны қоса алғанда, кең ауқымды тақырыптарды қамтитын 160-тан астам іс-шара өткізілдіШарттық база қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Қазақстан Еуразия экономикасының, саудасының, көліктік және логистикалық байланысының континенттік белдеуін қалыптастыруға бағытталған Ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясына бастамашы болды. Төрағалықтың басты іс-шарасы ретінде алғаш рет «ШЫҰ плюс» форматында өткен Астана саммиті болды.

АӨСШК төрағалығының негізгі жетістігі институционалдық дамудың жаңа кезеңіне көшу болды. Трансформацияның жол картасы аясында Жарғы мен Рәсімдер ережелері әзірленді, Сенім шараларының каталогы жаңартылды, Даналар кеңесі, Талдау орталықтарының форумы және АӨСШК қоры құрылды. Қазақстан қатысушы елдердің өзара іс-қимылын цифрландыру бойынша бастама көтеріп, деректер мен талдамалық материалдармен алмасу платформасын іске қосты.

Түркі мемлекеттерінің ұйымына төрағалық ету «TURKTIME!» ауқымды бағдарламаның іске қосылуымен ерекшеленді, сондай-ақ мәдени және экономикалық интеграцияны нығайтуға ықпал етеді. Мемлекет басшысының осы бастамасы аясында білім беру, ғылыми зерттеулер және кәсіпкерлік саласындағы жобалар іске асырылды. Тұрақты өкілдер механизмі құрылды, мемлекеттік рәміздер біріздендірілді, стратегиялық жобаларды қолдауға бағытталған Инвестициялық қор құрылды. Қатысушы елдер арасында 45 млрд АҚШ долларынан асқан өзара сауданың айтарлықтай өсуі экономикалық ынтымақтастықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

ҰҚШҰ-ға төрағалық ету барысында Қазақстан трансшекаралық қылмыс, терроризм және есірткінің заңсыз айналымы сияқты өзекті қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі бастамаларды ілгерілетуге назар аударды. Мемлекет басшыларының кездесулерін, тақырыптық дөңгелек үстелдер мен әскери жаттығуларды қоса алғанда, 80-нен астам іс-шара өткізілді. Тәжік-ауған шекарасын нығайту бағдарламасы бойынша 10 жылдық жұмысты аяқтауға ерекше назар аударылды.

Халықаралық Аралды құтқару қорындағы қазақстандық төрағалықтың (2024-2026 жылдары) күш-жігері ХАҚҚ жетілдіру процесін аяқтауға, өңірдің су-энергетикалық ресурстарын басқарудың өзара тиімді механизмін әзірлеуге, экологиялық бағдарламалардың уақтылы және сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ климаттың өзгеруінің салдарын еңсеру мақсатында келісілген шаралар қабылдауға шоғырланған.

Қазақстанның Су дипломатиясы аясында 2024 жылы Қытаймен, Ресеймен және Орталық Азия елдерімен трансшекаралық өзендер бойынша 35-ке жуық отырыс өткізілді. Қырғызстанмен және Өзбекстанмен Шу, Талас және Сырдария трансшекаралық өзендері арқылы Қазақстанға су беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қытаймен Ертіс және Іле сияқты 20-дан астам өзендер бойынша келіссөздер жүргізілуде. Еліміздің БҰҰ-дың Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенциясына қосылуы маңызды қадам болды.

2024 жыл Орталық Азия мемлекеттерімен көпжоспарлы ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан серпінді жыл болды. Мемлекет басшысының «Орталық Азияның Ренессансы: орнықты даму мен өркендеу жолында» бағдарламалық мақаласы өңірдегі бауырластық қатынастардың, тату көршілік пен стратегиялық серіктестіктің форматын белгіледі.

Әзербайжан Президенті, БҰҰ Бас хатшысының ОА жөніндегі арнайы өкілі және БҰҰ Орталық Азия үшін превентивті дипломатиясы жөніндегі өңірлік орталығының басшысының қатысуымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінің 6-шы отырысын өткізу маңызды болды. Саммит қорытындысы бойынша «ОА-2040» Өңірлік кооперацияны дамыту тұжырымдамасына, 2025-2027 жылдарға арналған Өңірлік ынтымақтастықтың жол картасына, сондай-ақ 2025-2027 жылдарға арналған Өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарына қол қойылды.

Бұдан басқа Қазақстан қақтығыстарды реттеуде делдал бола отырып, халықаралық дипломатияда маңызды рөл атқаруды жалғастыруда. Астана процесі аясында біз Сирия дағдарысы бойынша келіссөздер алаңын ұсындық. Қазақстан негізгі қатысушыларды біріктіреді және ымыралық шешімдерге қол жеткізуге ықпал етеді. Сондай-ақ ел өңірлік қақтығыстарды шешу үшін халықаралық медиация орталығын құру туралы ұсыныс жасады, бұл профилактикалық дипломатия механизмдерін дамытудағы маңызды қадам болады.

Қазақстан әлемдік саясатқа интеграцияның жоғары дәрежесін көрсетіп отыр. Еліміз энергетика, көлік, сауда және цифрлық технологиялар салаларындағы ірі өңірлік жобаларға бастамашы болып отыр. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы ынтымақтастық және Еуразиялық экономикалық одаққа белсенді қатысу еліміздің жаһандық экономикалық байланыстарды нығайтуға бейілділігін растайды. Жасыл технологиялар мен экономиканы декарбонизациялау жөніндегі бағдарламаларды енгізу Қазақстанның халықаралық күн тәртібінің маңызды бөлігіне айналды. Еуропалық одақ және Таяу Шығыс елдерімен орнықты даму және энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту маңызды аспект болды.

Қазақстан бейбітшілікке бағытталған сыртқы саясат ұстануды жалғастырады. Ел Еуразиялық кеңістікте қауіпсіздікті, орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуда. БҰҰ, ДСҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың жаһандық бастамаларына қатысуды кеңейту, жетекші державалармен стратегиялық серіктестікті дамыту және экономикалық дипломатияны тереңдету елдің сыртқы саясатының негізгі басымдықтары болып қала береді.

Социальные сети
Telegram
facebook
twitter
Youtube
instagram
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты