Дербес деректерге қатысты құқық бұзу фактілері бойынша тексеру жүргізіледі

Дербес деректерге қатысты құқық бұзу фактілері бойынша тексеру жүргізіледі

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі азаматтардың дербес деректеріне қатысты құқықтарының бұзылу фактілері бойынша тексерулер жүргізеді.

Азаматтар жеке деректерінің заңсыз жария болу фактілерін анықтаған жағдайда министрлікке хабарласып, арнайы тексеру жүргізуін сұрай алады. Ол үшін moap@mdai.gov.kz электронды поштасына хат жолдауға немесе "электрондық үкімет" порталындағы ("Электрондық өтініштер" бөлімі) министрдің жеке блогына жазуға болады.

Өтініш берген кезде әкімшілік құқықтың бұзылуы туралы нақты мәлімет болуы керек: растайтын материалдар, құқық бұзушылық субъектісі туралы ақпарат және мерзімі. Анонимді өтініштер қаралмайды.

Министрлік өз кезегінде құқық бұзушыға қатысты тексеру жүргізеді. Әр тексеру ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінде тіркеуден өтеді және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында ҚР Кәсіпкерлік кодексіне және ҚР ӘҚБК сәйкес жүргізіледі.

Факт расталған жағдайда әкімшілік жаза қолдану туралы шешім шығарылады.

Бұл ретте уәкілетті орган 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын бизнеске жоспардан тыс тексерулер жүргізбеу туралы мораторийге қарамастан, шағын бизнес субъектілеріне тексеру жүргізбей-ақ, әкімшілік іс қозғауға құқылы. Ең бастысы, құқық бұзушылық фактісін растайтын қажетті материалдардың жеткілікті болуы.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы маусымда Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Бұл заңда Министрлік дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті орган ретінде айқындалған болатын.