«Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдығына арналған салтанатты шара өткізілді

«Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдығына арналған салтанатты шара өткізілді

«Қазақ әдебиеті» газетінің жарыққа шыққанына 90 жыл толып отыр. Салтанатты шара Алматы қаласындағы «Достық» үйінде өтті.

Басылымның мерейтойына арналған шараның шымылдығы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзінен басталды. Министр ғасырға жуық тарихы бар басылымды мерейтойымен құттықтай келе, көпшілікке Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді.

«Ғасырға жуық уақыт ішінде газет қалың оқырманы бар беделді басылым ретінде қалыптасып, төл тарихымыздың жаршысына айналды. Алғашқы сандары «Қазақ әдебиеті» ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын!" деген ұран сөзбен жарық көрген апталық әрдайым осы үдеден шыға білді. Басылым ұлттық құндылықтарды, қазақ қаламгерлерінің туындыларын кеңінен дәріптеп, руханиятымыздың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді», - делінген Президенттің құттықтау хатында.

Министр журналист ардагерлерге «Еңбек ардагері» медалін табыс етті, олардың арасында Исраил Сапарбай, Гүлжамал Темиреева және басқа да журналистер бар.

«Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі Мөлдір Райымбек марапатталды.

Сонымен бірге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары берілді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі