2023 жылдың қорытындысы: Отандық медиасфераны жақсарту бойынша тиімді шаралар қабылданды

2023 жылдың қорытындысы: Отандық медиасфераны жақсарту бойынша тиімді шаралар қабылданды

2023 жылы Қазақстанның медиасферасы айтарлықтай өзгерістерге ұшырады.

Биыл наурыз айында Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ақпараттық доктрина» бекітілді. Оны іске асыру отандық бұқаралық ақпарат құралдарын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік берді.

Президент мемлекет мүддесі, қоғамның сұранысы мен медиасаланың даму үрдісін ескере отырып сөз бостандығы, әсіресе шекара маңындағы аудандарда тиімді мемлекеттік ақпараттық саясатты қамтамасыз ету және журналистердің мәртебесін арттыру мақсатында БАҚ туралы заңды қайта қарауға тапсырма берді.

«Масс-медиа туралы» заң жобасы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдарды біріктіре отырып әзірленді. Жұмыс барысында Еуропа елдерінің халықаралық тәжірибесі және БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ның стратегиялық құжаттары жан-жақты зерттелді.

Заң жобасы 30 қарашада өткен Парламент Мәжілісінің бірінші оқылымында мақұлданды.  

Сондай-ақ «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» ҚР Заңы қабылданды. Аталған заң жобасы әлеуметтік желідегі мәселелерді реттейтін халықаралық стандарттарға сәйкес ұлттық заңнама мен құқықтық қамтамасыз ету тәжірибесін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.

Министрлік интернет-кеңістікте балалардың мемлекеттік тілде шығармашылық контент жасауына ерекше көңіл бөледі. Алдағы жылдары балалар арасында танымал болған телебағдарламалар мен анимациялық өнімдер қазақ тілінде жарыққа шығады.  

Телерадио хабарларын тарату саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді.

2023 жылы Қазақстан халқының 93% - дан астамы цифрлық эфирлік хабар таратумен қамтамасыз етілді. «24kz» телеарнасын жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Телеарналарды шетелде таратуды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Қазірдің өзінде «Хабар 24» арнасы Қырғызстан, Әзірбайжан, Моңғолия, Грузия, Германия, Өзбекстан және Түркіменстан аумағында қолжетімді.

Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында 43 серия жарыққа шықты. Сондай-ақ биыл алғаш рет «Nauryz» ұлттық телехикаялар бәйгесі ұйымдастырылды.  Бәйгенің мақсаты - отандық және халықаралық онлайн – платформаларда қазақстандық телехикаяларды теледидар көрермендері арасында танымал ету.

Қазақстанның медиасферасын жақсарту жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі