Қазақстан мен Әзербайжан тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану бойынша бірыңғай платформа құрады

Қазақстан мен Әзербайжан тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану бойынша бірыңғай платформа құрады

2-5 желтоқсан аралығында Бакуде өтіп жатқан Қазақстанның Әзербайжандағы мәдениет күндері аясында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Әзербайжанның Мәдениет министрі Әділ Кәрімлімен кездесу өткізді.

Аида Балаева Қазақстанның мәдениет күндерін өткізуге көмек көрсеткені үшін министрге алғысын білдірді.

«Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз әртүрлі салалардағы, әсіресе мәдениет саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты табысты дамытып келеді. Біз балаларға арналған анимациялық фильмдер түсіру, әзербайжандық суретшілердің қатысуымен жас суретшілерімізге шеберлік сабақтарын өткізу, ғылыми жобаларды, жалпы ғылыми туризмді, мәдени волонтерлік қызметті, кітап шығаруды дамыту жұмыстарын күшейтуге мүдделіміз», - деді министр.

Өз кезегінде Әділ Кәрімлі Аида Балаеваға әзербайжандық көрерменге арнап дайындаған бай мәдени бағдарламаға байланысты алғыс білдірді.

«Біздің елдеріміздің мәдени ұқсастығы мен тамыры ортақ. Қазақстан біз үшін бауырлас ел, ал мәдени құрамдас бөлік достық қарым-қатынастарды дамытуда басты орын алады. Біз де сіздер сияқты кинематография саласындағы ынтымақтастыққа, соның ішінде бірлескен фильмдер шығаруға үміттіміз. Бұл мәселеде сіздерде жақсы тәжірибе қалыптасқан. Түркітілдес елдер қатарында Әзербайжан Қожа Насреддин туралы анимациялық фильм түсіру жобасына қатысуда. Қазақстан аумағында түсірілім жұмыстарын ұйымдастыруда көмек сұраймыз. Басқа да көптеген жақсы жобаларымыз бар. Бірақ ең басты және маңыздысы – 2024 жылы өтетін Қазақстандағы Әзербайжан мәдениетінің күндері. Біз Қазақстанға еліміздің мәдени байлығын көрсету сәтін асыға күтеміз», – деді Мәдениет министрі.

Аида Балаева Мәдениет министріне мұрағат ісі, ақпарат, азаматтық қоғам, волонтерлік және жастар саясаты секілді маңызды салаларды қамтитын екі елдің өзара іс-қимылы Жол картасының жобасын тапсырды.

Құжат аясында тараптар мәдени іс-шараларды, ғылыми археологиялық зерттеулерді ұйымдастыруда тығыз ынтымақтастық орнатып, тарихи-мәдени мұра объектілерін, ғылыми-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану мәселелері бойынша пікір алмасып, ақпараттық материалдарды бөлісуде ортақ алаң құруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар халық жазушыларының кітаптарының тұсаукесері, көркем әдебиетті әзербайжан тілінен қазақ тіліне, қазақ тілінен әзербайжан тіліне аударуға арналған кітаптар тізімімен алмасу, бірлескен медиа жобаларды жүзеге асырып, анимациялық, деректі және көркем контентпен, үздік волонтерлік тәжірибемен және жобалармен алмасу да күн тәртібінде.

Креативті индустрия саласында да бірқатар іс-шаралар ұйымдастыру көзделіп отыр.

Сондай-ақ, Әзербайжан Республикасының Жастар және спорт министрі Фарид Гаибовпен кездесу өтті.

Тараптар жастар саясаты саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Атап айтқанда, қазақстандық тарап креативті индустрия, экологиялық акция, көрмелер бойынша жастар іс-шараларын ұйымдастыру арқылы ынтымақтастықты дамытуды жалғастыруды ұсынды. Бұл тәжірибе мен білім алмасуды жандандыруға, сондай-ақ жастардың шығармашылық әлеуеті мен кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.