Д.Қыдырәлі «Көпшілік алдында сөйлеу. БАҚ-пен өзара әрекеттесу» атты семинарда сөз сөйледі

Д.Қыдырәлі «Көпшілік алдында сөйлеу. БАҚ-пен өзара әрекеттесу» атты семинарда сөз сөйледі

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы өткізген «Көпшілік алдында сөйлеу. БАҚ-пен өзара әрекеттесу» тақырыбындағы семинарда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі сөз сөйлеп, коммуникация жөніндегі ой-пікірін айтты.

Іс-шараның ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбаев та қатысты.

«Қазіргідей ақпарат жылдам тарайтын заманда коммуникацияның маңызы өте зор. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүргізу үшін кез келген мемлекеттік құрылым ашық, шынайы болуы керек. Мекемеге қатысты кез келген сұраққа жауап беретін өкілді немесе баспасөз хатшысын даярлау маңызды. Қазіргі таңда баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыруға бағытталған әдістемелік кітаптарды дайындап, шығарып жатырмыз. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тиісті құрылымдарға, мемлекеттік қызметшілерге қолдау көрсетуге дайын», - деді Дархан Қыдырәлі.

Семинарға орталық және жергілікті атқарушы органдардан басшылық лауазымдағы 45 мемлекеттік қызметші қатысып жатыр.

Мемлекеттік қызметшілер үш күндік семинарда көпшілік алдында еркін сөйлеу техникаларын үйрену, сұхбат берудің тәсілдерін меңгеру, аудиториямен коммуникация орнату, дағдарыс жағдайында БАҚ-пен жұмыс істеу сияқты тақырыптар бойынша тренингтерге қатысып, практикалық тұрғыда біліктілігін арттырады.

Семинардың теориялық бөлігі Мемлекеттік басқару академиясында,  практикалық бөлігі «Qazaqstan» телеарнасының «Ашық алаң» студиясында өткізіледі.