ҚР АҚДМ онлайн форматта «Meta» компаниясының өкілдерімен кездесті

ҚР АҚДМ онлайн форматта «Meta» компаниясының өкілдерімен кездесті

2022 жылғы 30 мамырда онлайн-форматта Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Meta» компаниясының өкілдері арасында кездесу өтті.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров ағымдағы жылдың мамыр айында Мемлекет Басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң аясында қабылданған негізгі новеллаларды атап өтті.

Іс-шарада онлайн-платформалардың қызметіне қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында қабылданған өзгерістер аясында ынтымақтастықты одан әрі дамыту, кибербуллингке қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен шаралар қабылдау, жалған және алаяқтық контентті таратуды шектеу мәселелері талқыланды.

«Meta» компаниясының мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі өңірлік басқарушы директоры Джордж Чен Қазақстан Республикасымен реттеу мәселелері бойынша ашық және тікелей өзара іс-қимыл жасау дәрежесін оң бағалап; ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен онлайн-қауіпсіздік және реттеудің өзге де мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау үшін «Meta» компаниясының уәкілетті өкілі болуға дайын екенін растады.

Тараптар адам құқықтары, сөз және пікір білдіру бостандығы саласындағы, оның ішінде Интернет желісіндегі жалпыға танылған халықаралық құжаттардың талаптарын сақтауды ескере отырып, жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.

Джордж Чен «Meta» компаниясының машиналық оқыту технологияларын пайдалану арқылы және тәуелсіз факт-чекерлерді тарту арқылы Интернет желісінде жалған ақпарат пен құқыққа қарсы контент таратумен күрес бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы айтып берді.

Кездесу барысында «Meta» компаниясының өкілдері компанияның жаңа жоспарларымен және «Метағалам» («Метавселенная») жобасын дамыту перспективаларымен бөлісті. Чен мырза болашақта тараптар онлайн кездесулерге арналған "Meta" компаниясы әзірлеген «Horizon Workrooms» қосымшасын пайдалана отырып, виртуалды онлайн-кездесулер өткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Шара соңында министр А.Омаров жасанды интеллект және виртуалды шындық саласындағы озық тәжірибелерімен бөлісу үшін «Meta» компаниясын жыл сайынғы «Astana Media Week» халықаралық конференциясына қатысуға шақырды. Чен мырза өз кезегінде министр А.Омаровты АҚШ-тың Кремний алқабындағы «Meta» компаниясының штаб-пәтеріне шақырды.