Берік Уәли «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы болып тағайындалды

Берік Уәли «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы болып тағайындалды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің бұйрығымен Берік Уәли «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы лауазымына тағайындалды.

Берік Уәли Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын «Кинотанушы», Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «Журналистика», Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның журналисті болып бастады, сондай-ақ «ТАҢ» телекомпаниясының, «НТК» телеарнасының, «31 канал» ЖШС-нің, ақпараттық бағдарламаларының редакторы, «Нұр Медиа» ЖШС-нің жемқорлыққа қарсы медиа орталығының жетекшісі болып жұмыс жасады.

Берік Уәли Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, баспасөз қызметінің басшысы, ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы, «Нұр Отан» партиясы төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі, ҚР Инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі, Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры, Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.

Бұл лауазымға тағайындалғанға дейін ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы ретінде жұмыс істеген.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. «Құрмет» орденімен, 4 медальмен марапатталған.