Нұр-Сұлтанда IV Astana Media Week медиа-апталығы басталды

Нұр-Сұлтанда IV Astana Media Week медиа-апталығы басталды

2020 жылғы 11-13 қарашада «Қазмедиа орталығының» қатысуымен және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен IV Astana Media Week медиа-апталығы өтеді. Шара «қашықтықтан» режимінде  ұйымдастырылады.

Шараның негізгі мақсаты - отандық медиа саланы дамыту, сондай-ақ өңірлік және халықаралық деңгейде индустриядағы іскерлік қатынастарды ілгерілету.

Шара жаңалықтарымен Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі @astanamediaweek ресми аккаунттарынан таныса аласыздар.

Дәстүр бойынша, медиа-апталық төрт жылдан бері әлемнің түкпір-түкпірінен жетекші сарапшылардың басын қосып, өзекті тақырыптарды талқылауда. Биыл ұйымдастырушылар келешекте медиа жұмысты құру жолдарына зейін қояды.

Басты тақырыптар: медиа мазмұнды тұтынудың жаһандық тенденциялары; пандемия және БАҚ-қа деген сенім дағдарысы; жаңа жағдайдағы редакциялардың жұмысы; көпплатформалылық; медиа кеңістіктің жаңа көшбасшылары. Шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ашты.

Бірегейлік, икемділік, құзыреттілік, серіктестік және коллоборация секілді дағдыларымыздың бүгінгі күні қалыптасқан жағдайда тамаша шешім бола алатынын анық білеміз. Үздік тәжірибені зерделеу және қолдану, дамыған коммуникация және жоғары кәсіпқойлық медиа саланы болашақтың саласына айналдырады, – деп атап өтті А.Балаева.

AMW шарасына қатысуға отандық және шетелдік топ-менеджерлердің өкілдері, жетекші медиа-агенттіктердің сарапшылары, ірі халықаралық ұйымдар мен шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары, мемлекеттік сектор мен продакшн-компаниялардың өкілдері шақырылды. Олардың ішінде:

Роберт Скиннер – БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің аға кеңесшісі; Джавад Моттаги – Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының (ABU) бас хатшысы; Михаил Зыгар – журналист, редактор, жазушы; Петр Федоров – Бүкілресейлік мемлекеттік телевизия және радио хабар тарату компаниясы халықаралық қатынастар дирекциясының басшысы; Михаил Гузман – Ресей ТАСС АА бас директорының бірінші орынбасары; Шамиль Садыков - Тат-медиа бас директоры; Ирина Шихман – «А поговорить?» YouTube арнасының авторы, сұхбат алушы, журналист; Әлішер Елікбаев – PR-маман, сондай-ақ, әлемнің және Қазақстанның медиа-қоғамдастығының басқа да басты сарапшылары бар.

Сонымен қатар, Astana Media Week медиа-апталығына қатысушылар онлайн-шаралардың тұтас сериясына қатыса алады.

Қазақстандағы Америка елшілігінің қолдауымен Нью–Йорк киноакадемиясының профессорлары журналистерге арналған воркшоптар ұсынады: Билл Айнрайнхофер – америкалық телепродюсер, Америка режиссерлер гильдиясының мүшесі, үш Эмми сыйлығының иегері; Евгения Власова - журналист, NYFA оқытушысы.

Ресей мен Қазақстанның медиа жаттықтырушылары да өз шеберліктерімен бөліседі: Андрей Дорожный - дата-журналист және деректерді визуализациялау жөніндегі маман; Александр Данилов – «Stop Fake» жобасының жетекшісі; Айнұр Коскина – журналист, медиа жаттықтырушы; Айдос Сарым – саясаттанушы; Дәуіржан Ауғамбай – «Akyl – kenes» журналының баспагері; Жанна Ибраева - шешендік өнер жөніндегі жаттықтырушы; Махаббат Есен - журналист, теле-радио жүргізушісі.

Медиа саласының қатысушыларына арналған жыл сайынғы «Контент-маркет» көрмесі алғаш рет онлайн форматта өтеді және «келушілерге» отандық және халықаралық продакшн-компаниялардың медиа нарықтағы өзекті ұсыныстарымен жылдам әрі ыңғайлы танысуға; өндірушілерге әлеуетті сатып алушыларға өз жобаларын таныстыруға мүмкіндік береді.

AMW аясында алғаш рет баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы жетістіктері үшін жыл сайынғы «Үркер» ұлттық сыйлығы табысталады. Дәстүр бойынша жеңімпаздарға эксклюзивті мүсінше мен 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Салтанатты шараны онлайн-трансляция арқылы сайттан тамашалауға болады.