Іле ауданы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары мен аппараттық-бағдарламалық кешендерді орнату жұмыстары жалғасуда. Бұл шаралар құқықбұзушылықтардың алдын алуға, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге және қоғамдық тәртіпті күшейтуге бағытталған.
Қазіргі уақытта бейнебақылау камералары мына елді мекендерде орнатылды: Боралдай кенті, Байсерке ауылы, А. Тоқпанов ауылы, Жайнақ ауылы, Екпінді ауылы.
Жақын арада Байкент, Қараой, Н. Тілендиев, Қосөзен, Көктерек, М.Түймебаев, Жәпек батыр, Көкқайнар, Өтеген батыр, Қ. Әзербаев, Қарасу, Төле би ауылдарында орнату жоспарланған.
Қазіргі заманғы бейнебақылау жүйелері қоғамдық орындарды, жолдарды, алаңдарды және басқа да маңызды нысандарды тәулік бойы бақылайды. Камералар бірыңғай мониторинг орталығына қосылады, бұл құқық қорғау органдарына оқыс оқиғаларға жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бейнебақылау қылмыстарды ашуға, жоғалған адамдарды іздеуге және қоғамдық тәртіп бұзушылықтарды тіркеуге көмектеседі.
Алдағы жоспарларда бейнебақылау жүйесін кеңейту, адам жүзін және көлік нөмірлерін тану функциясы бар интеллектуалды кешендерді орнату, сондай-ақ жедел қызметтермен интеграция жасау көзделген. Бұл шаралар аудан тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін арттырып, жайлы өмір сүру жағдайларын жасауға ықпал етеді.