
Шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарын уақытылы әрі сапалы ұйымдастыру еліміздің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басым бағыттардың бірі. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан барлық қажетті шаралар қабылдануда. Соңғы жылдардағы динамикаға сәйкес, 2022 жылдан бастап шегірткелер санының өсуі байқалып, 2024 жылы шарықтау кезеңі болды – шамамен 3,1 млн га жер өңделді. 2025 жылдан бастап төмендеу үрдісі байқалуда. Бұл туралы ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның айтуынша, 2025 жылдан бастап төмендеу үрдісі байқалады. Былтыр 2,7 млн га өңделді (бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 13%-ға төмен), ал бүгінгі таңда 2,2 млн га өңдеу болжануда (бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 31,5%-ға төмен).
Сонымен қатар 532 бірлік арнайы бүрку техникасы жұмылдырылды. Зерттеп-қарау жұмыстарына шамамен 3 400 адам, сондай-ақ 57 зерттеп-қарау дрондары тартылды.
Айта кетерлігі, өңдеу көлемдерінің төмендеуіне өсімдіктерді қорғау жүйесін кешенді жетілдіру нәтижесінде қол жеткізілді. Фитосанитариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын жаңғырту аясында техникалық жарақтандыру күшейтіліп, мониторинг пен нүктелік өңдеу жүргізуге арналған 103 дрон сатып алынды.
Сондай-ақ химиялық өңдеу қызметтеріне бірыңғай сатып алу жүйесі енгізілді. Бұл – процестерді орталықтандыруға және бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Желдеткіш бүріккіштердің өнімділік нормалары қайта қаралды. Көрсеткіш 100 гектардан 70 гектарға дейін төмендетілді, бұл өңдеу жұмыстарының өнімділігін арттырып, мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік берді.
ТМД елдерінің шегірткеге қарсы күрес жөніндегі келісімі іске асырылуда, бұл іс-қимылдарды үйлестіруге және зиянкестердің трансшекаралық көшуінің алдын алуға мүмкіндік береді.