Қазақстанда қауіпті және ауыр салмақты жүктерді тасымалдау қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Қазақстанда қауіпті және ауыр салмақты жүктерді тасымалдау қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Қазақстанда қауіпті және ауыр салмақты жүктерді тасымалдау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі хабарлады.

Жаңа бұйрық автомобиль көлігімен қауіпті, ірі габаритті және ауыр салмақты жүктерді тасымалдауды реттеуге бағытталған. Құжат ЕАЭО талаптарына сәйкестендіріліп, көлік құралдарының рұқсат етілген салмағы, осьтік жүктемелері мен габариттері нақтыланды. Сонымен қатар, мемлекеттер арасындағы көлік логистикасын дамыту көзделген.

Құжат аясында қауіпті жүктерді тасымалдау, ірі габаритті және ауыр салмақты тасымалдарды ұйымдастыру, сондай-ақ көлік құралдарының параметрлеріне қатысты нормалар жаңартылды.

Қауіпті жүктер бойынша ДОПОГ талаптарына сәйкес «E» санатындағы тоннельдерден өту тәртібі қатаңдатылды. Мұндай бағыттарда шектеулер енгізіліп, тасымалдаушыларға балама маршруттарды алдын ала жоспарлау міндеттелді.

Ірі габаритті және ауыр салмақты жүктерді тасымалдау кезінде салмақ пен габариттен асқан жағдайда қозғалысты жалғастыру шарттары нақтыланды. Жүріп өткен және алдағы бағыттар үшін төлем жасау тәртібі белгіленді.

Мемлекеттік қызмет көрсету де жаңартылды: арнайы рұқсаттар енді «электрондық үкімет» порталы арқылы өтініш берушінің тіркелген жері бойынша беріледі. Рұқсаттардың мерзімі сапар санына байланысты белгіленеді: 5 сапарға дейін – 45 күнге дейін, 10 сапарға дейін – 90 күнге дейін, ал одан көп болса – 6 айға дейін.

Сондай-ақ көлік құралдарының рұқсат етілген параметрлері қайта қаралды. Осьтер арасындағы қашықтық пен дөңгелек түріне қарай жүктеме нормалары жаңартылып, жақын орналасқан осьтер тобы ұғымы енгізілді. Кейбір жағдайларда осьтік жүктеме шектері ұлғайтылды.

Бұл өзгерістер жол қауіпсіздігін арттыруға, автомобиль жолдарын сақтауға және тасымалдау саласын жетілдіруге бағытталған. Бұйрық 2026 жылғы 25 сәуірден бастап күшіне енеді.