Халықты ауыз сумен қамту үшін 2500 шақырым су құбыры салынып жатыр

Халықты ауыз сумен қамту үшін 2500 шақырым су құбыры салынып жатыр

Еліміздің 9 облысында жалпы саны 30 су құбырын салу және қайта жаңарту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Ақмола, Атырау, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында, деп хабарлайды ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Барлық жоба жүзеге асқанда, шамамен 1,3 миллион адам тұратын 468 елді мекенде ауыз су жағдайы жақсарады.

«Президенттің қазақстандықтарды ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында былтыр топтық су құбырларын салу және қайта жаңарту бойынша 8 жоба аяқталды. Жұмыстар еліміздің алты өңірінде жүргізілді. Олар: Ақмола, Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстары. Бұл 208 мың адам тұратын 49 елді мекеннің сумен қамтылу жағдайын жақсартты», – деді су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.