Бас әскери прокуратура мерзімді әскери қызметшілер мен әскери оқу орындары курсанттарын материалдық жауаптылыққа тарту тәжірибесіне талдау жүргізді.
Талдау нәтижелері кейбір әскери бөлімдер мен әскери жоғары оқу орындарында мерзімді әскери қызметшілермен және курсанттармен толық материалдық жауаптылық туралы шарттар жасалғанын көрсетті, бұл олардың құқықтарын бұзған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мерзімді әскери қызметшілер мен курсанттар залалды абайсызда келтірген жағдайда, олардың жауаптылығы бес айлық ақшалай ризық мөлшерімен шектеледі, ол бүгінгі күнге 17 695 теңгені құрайды.
Алайда әскери басшылық заңсыз жасалған шарттарға сүйене отырып, кей жағдайларда әскери қызметшілерден тіпті абайсызда келтірілген залалды да толық өтеуді талап еткен, бұл негізсіз сот талаптарының туындауына және сарбаздар мен курсантардың азаматтық сот процесіне тартылуына мүмкіндік тудырған.
Бас әскери прокуратураның араласуы нәтижесінде әскери қызметшілер мен курсанттардың құқықтары қалпына келтірілді. Олармен жасалған мыңнан астам толық материалдық жауаптылық туралы шарттар бұзылды. Кінәлі тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Мұндай бұзушылықтардың алдын алу мақсатында әскери прокурорлар әскери бөлімдер мен әскери оқу орындарының басшылығымен және заңгерлерімен тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бас әскери прокуратура