25 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде әскердегі құқықтық және әскери тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы туралы брифинг өтті.
Іс-шараға Бас әскери прокуратураның, Қорғаныс министрлігінің, ІІМ Ұлттық ұланның және ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері қатысты.
Брифингте Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша әскери ведомстволардың атқарған жұмыстарының нәтижелері жарияланып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берілді.
Журналистердің сұрақтарына жауап берген Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев әскери прокуратура органдарының құқық бұзушылықтар профилактикасы, әскердегі ұрып-соғумен байланысты қылмыстарды анықтау және кінәлі тұлғаларды жауаптылыққа тарту бойынша қадағалау қызметінің негізгі нәтижелерін жария етті.
Әскери ведомстволармен бірлесе атқарылған бірқатар заңнамалық бастамалар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне жеткізілді.
Лудоманияға қарсы күрес жүргізу мақсатында әскери қызметшілердің құмар ойындар мен бәс тігулерге қатысуына тыйым салынды, осы үшін теріс себептермен қызметтен босату қарастырылған.
Мерзімді әскери қызметшілер үшін «несиелік демалыс» қарастырылған - қызмет мерзімі кезінде және оны аяқтағаннан кейін екі айға қарызды төлеу кейінге қалдырылады.
Бас әскери прокуратураның мерзімді әскери қызметшілерге несиелер мен микроқаржылық қарыздарды беруді шектеу туралы ұсынысы мемлекеттік органдармен келісу сатысында.
Бұл шаралар қызмет барысында табыс көзі жоқ сарбаздар үшін қарыздық ауыртпалықты болдырмауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Мақсат Қазиев құқық бұзушылықтар мен әскери қызметшілер арасында қаза болудың алдын алу саласында Бас әскери прокуратура әзірлеген «Әскердегі заң мен тәртіп» және «Цифрлық профилактика» кешенді жобаларының негізгі шараларының мазмұнын ашып айтты.
Бұл жобалар офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді жеке құраммен жұмыс істеуге оқыту процесін жетілдіруге, әскери бөлімдердегі бейнебақылау жүйелеріне жасанды интеллект элементтерін енгізуге бағытталған.
Сонымен қатар, азаматтарды әскери қызметке шақыруды, әскери мүлікті есепке алу мен беру процесін цифрландыру қарастырылған.
Мүдделі органдармен келісілгеннен кейін жобалар әскери ведомстволарға жүзеге асыру үшін жіберіледі.
Аталған бағыттағы жұмыс жалғасуда.
Бас әскери прокуратура