2025 жылғы 25 қаңтарда Бас әскери прокуратураның кеңейтілген алқа отырысы өтті, онда 2024 жылдағы қызмет нәтижелері қорытындыланып, алдағы кезеңге міндеттер белгіленді.
Алқа жұмысына аймақтық және гарнизондық әскери прокурорлар қатысты.
Отырысты ашқан Бас әскери прокурор Дастан Секенов өткен жылы әскери прокуратура органдары әскери қызметшілердің құқықтарын және мемлекет мүдделерін қорғау бойынша едәуір жұмыстар атқарғанын атап өтті.
Қадағалау шараларымен мемлекетке 6 млрд теңгеден астам шығын өтелді, құны 1,2 млрд теңге тұратын мүлік қайтарылды, оның ішінде 265 пәтер тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілердің отбасыларына қайта бөлінеді.
Аяқталған қылмыстық істер бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтармен келтірілген 2,7 млрд теңге шығындардың өтелуі қамтамасыз етілді.
Ден қою актілермен 10 мың азаматтың құқықтары қорғалып, қылмыстық процесс қатысушыларының конституциялық құқықтары бұзылуына жол берілмеді.
Ауруларды ерте анықтау және уақтылы медициналық көмек көрсету мақсатында әскери қызметшілер үшін міндетті скринингтік зерттеулер жүргізу енгізілді.
5 мыңнан астам әскери қызметшілердің отбасы мүшелері мен әскери зейнеткерлердің әскери медициналық ұйымдарда медициналық қызмет алу құқықтары қамтамасыз етілді.
Бас әскери прокуратураның бастамасымен мерзімді әскери қызметке шақырылған солдаттарға қызмет мерзімінде және оны аяқтағаннан кейін екі ай ішінде бұрын рәсімделген несиелерді төлеуді кейінге қалдыру туралы заңнамалық өзгерістер енгізілді.
Бас әскери прокуратураның мерзімді әскери қызметшілерге қызмет өткеру кезеңінде несие беруге шектеу енгізу туралы ұсынысы тиісті мемлекеттік органдармен қолдау тауып, жүзеге асыру сатысында тұр.
Аталған заңнамалық шаралар мерзімді әскери қыметшілерге материалдық ауыртпалықты болдырмауға мүмкіндік береді, өйткені олар қызмет барысында табыс көзіне ие емес.
Алқа отырысын қорытындылай келе, Дастан Секенов алдағы кезеңде әскери прокурорлардың қызметін «Заң және тәртіп» принципін жүзеге асыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға; әскери қызметшілер мен олардың отбасыларының конституциялық құқықтарын қорғауға; әскери мүлік, қару-жарақ және оқ-дәрілердің сақталуына; әскери инфрақұрылымды жетілдіруге бағыттауды тапсырды.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауы мен Бас Прокурордың тапсырмаларына сәйкес, әскери прокуратура органдарының жеке құрамына ең басты міндет ретінде әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, қауіпсіз қызмет ету жағдайларын қамтамасыз ету, әскерде тәртіп пен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма қойылды.
Бас әскери прокуратура