Бас әскери прокуратурада Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

Бас әскери прокуратурада  Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

30 қарашада Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Күн тәртібінде 2022-2024 жылдарға арналған Әскердегі құқық бұзушылықтың алдын алу бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі қаралды.

Статистикалық мәліметтер әскери қылмыстардың төмендеуінің оң динамикасын көрсетеді.

Бағдарламаны іске асыру барысында күш қолдануға, құмар ойындарға тәуелділікті және суицидті барынша азайту бойынша профилактикалық жұмыстарға аса назар аударылады.  

Қорғаныс министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, 70-тен астам жоғары оқу орындарымен әскери борышын үздік өтеген азаматтарға білім гранттарын беру туралы келісімдер жасады.

Бүгінгі таңда ЖОО-на 180-нен астам әскери қызметші тегін, 400-ден астамы ақылы – (ҰБТ және қабылдау емтихандарынсыз) қабылданды.

Бағдарламаны іске асыру шеңберінде объектілерді бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау бойынша барлық әскери ведомстволар үшін бірыңғай талаптар әзірленді.

Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігіне әскери қызметкерлердің өлімі мен жарақаттану мәселелері бойынша ғылыми зерттеулерді арттыруға бастамашылық ету туралы шешім қабылданды.

Талқылау барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Тұрмыстық құқық бұзушылықтың латенттік жоғары деңгейін ескере отырып, әскери басқару және қылмыстық қудалау органдарына әскери қызметшілердің отбасыларында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдау ұсынылды.