Бас әскери прокуратурада атқарылған жұмыстардың нәтижелері қорытындыланды

Бас әскери прокуратурада атқарылған жұмыстардың нәтижелері қорытындыланды

Бас әскери прокуратурада әскери прокурорлардың жартыжылдықтағы қызмет қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған жұмыстың басым бағыттары айқындалған кеңейтілген алқа отырысы өтті.

Бейне-конференцбайланыс форматында өткен отырысқа өңірлік және гарнизондық әскери прокурорлар қатысты.

Алқа отырысын ашқан Бас әскери прокурор Дастан Секенов әскери саладағы заңдылықты қамтамасыз ету, әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау және әскери тәртіпті нығайту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелерін атап өтті.

Қадағалау қызметінің нәтижесінде мемлекет кірісіне 2,6 млрд теңге өндіріліп, құны 7,8 млрд теңгені құрайтын мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды.

Қадағалау актілері арқылы 26 мыңнан астам азаматтың, оның ішінде 22 мыңнан астам әскери қызметшінің демалысқа және еңбекақыны уақтылы алуға қатысты құқықтары қорғалды.

Прокурорлық ден қою шараларының нәтижесінде 1 мыңнан астам мерзімді әскери қызметшіге қызмет өткеру кезеңінде кредиттік міндеттемелерін орындауды кейінге қалдыру құқығын жүзеге асыру қамтамасыз етілді.

Міндетті экологиялық сақтандыру шарттарын жасау кезінде шамамен 600 млн теңгенің негізсіз төленуіне жол берілмеді.

Бас әскери прокуратураның наразылығы бойынша әскери мақсаттағы тауарларды экспорттау мен импорттауға рұқсат беру құжаттарын алу кезінде әкімшілік кедергілер туғызған ведомстволық нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді.

Нәтижесінде әскери өнім өндіретін 14 ірі отандық кәсіпорынның мүдделері қорғалып, жеткізушілердің біріне құны 1,5 млрд теңгеден асатын өз өнімдерін шетелге экспорттауға мүмкіндік берілді.

Бас әскери прокуратура әзірлеген, заңдылықты нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және әскери саланы цифрландыруға бағытталған «Әскердегі заң мен тәртіп» және «Цифрлық профилактика» бағдарламаларын іске асырудың оң нәтижелері атап өтілді.

Мәселен, әскерлердегі бейнекамералар саны 25 пайызға артты, бұл бақылаусыз аймақтарды едәуір қысқартып, жағдайды бақылау деңгейін көтеруге мүмкіндік берді.

Мерзімді әскери қызметшілер қызмет ететін әскери бөлімдерде жасанды интеллект элементтері енгізілген бейнебақылау жүйелерін енгізу басталды.

Азаматтарды әскери қызмет мәселелері бойынша объективті ақпаратпен қамтамасыз ету бағытында шаралар қабылданды. Бас әскери прокуратураның бастамасымен Қорғаныс министрлігі ARMIA.KZ порталында Цифрлық әскери кеңесшіні іске қосты.

Сервис азаматтарға әскерге шақыру, әскери қызмет өткеру тәртібі, кейінге қалдыруларды беру, әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету және басқа да мәселелер бойынша тексерілген ақпаратқа тәулік бойы қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Бүгінгі таңда Цифрлық әскери кеңесші арқылы 3 мыңнан астам азамат өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

Сондай-ақ, екі мамандандырылған Telegram-бот іске қосылды.

«Айсұлу» функционалы азаматтарға психологиялық қолдау көрсетіп, қажет болған жағдайда мамандардың көмегіне жүгінуді ұсынады.

«Шаңырақ» сервисі тұрғын үй заңнамасы мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетеді. Биыл оның мүмкіндіктерін 12 мыңнан астам адам пайдаланды.

Психологиялық қолдауды қажет ететін әскери қызметшілерді анықтауға бағытталған «Сарбаз көмек» жобасы өзінің тиімділігін көрсетті.

Биыл 30 мыңнан астам әскери қызметші сауалнамамен қамтылып, оның нәтижесінде 350-ден астам сарбаз әскери қызметке бейімделу кезеңінде психологтардың уақтылы әрі атаулы көмегіне ие болды.

Қолжетімді кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы жұмыс істейтін «жедел желі» телефондары іске қосылды. Оларға кез келген әскери қызметші немесе оның туыстары хабарласып, құқық бұзушылықтар туралы мәлімдей алады. Әрбір дерек әскери құқық қорғау органдары тарапынан жедел түрде тексеріледі.

Отырыс қорытындысы бойынша Бас әскери прокурор әскери прокуратура органдарының күш-жігерін әскердегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті одан әрі нығайтуға, профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтарын сенімді қорғауды қамтамасыз етуге жұмылдыруды тапсырды.

 

Бас әскери прокуратура