Сарбаздың қаза болу дерегі бойынша әскери бөлімнің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу аяқталды

Сарбаздың қаза болу дерегі бойынша әскери бөлімнің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу аяқталды

Бас әскери прокуратураның арнайы прокурорлары а.ж. 23 қаңтарда сарбаз Қ. Оспановтың қаза болу дерегі бойынша Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінің батальон және взвод командирлеріне қатысты қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеу барысында лауазымды тұлғалардың бірнеше рет жарғыдан тыс қарым-қатынасқа жол бергені, қаза болған әскери қызметшіге және оның алты қызметтесіне психологиялық қысым көрсеткені анықталды.

Сонымен қатар, взвод командирі қару-жарақты сақтау тәртібіне тиісті бақылау жүргізбей, қызметтік міндеттерін орындаудан шет қалған.

Тергеу әрекеттерін тиісті түрде ұйымдастыру нәтижесінде жеткілікті дәлелдемелер базасы жедел жинақталды, қысқа мерзімде қажетті сараптамалар жүргізілді, қылмыстарға қатысы бар барлық тұлғалар анықталды.

Билікті асыра пайдалану және қызметке салғырт қарау фактілері бойынша бірнеше эпизодтан тұратын қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.

Бірқатар кадрлық шешімдер қабылданды: әскери бөлім командирі және оның екі орынбасары лауазымдарынан босатылды, 9 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Әскери қызметшілердің қаза болу фактілері бойынша істерді тергеп-тексерудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында Бас әскери прокуратура тарапынан тұрақты негізде тиісті шаралар іске асырылады.

Атап айтқанда, тергеу әрекеттерін жүргізу, оның ішінде оқиға орнын қарау әдістемесі, оқиғаның жағдайын егжей-тегжейлі тіркеу және заттай дәлелдемелерді алу рәсімдері жетілдірілді.

Істерді тергеудің жеделдігін арттыру мақсатында әскери қылмыстық қудалау органдарының басшыларымен және Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығымен қажетті сараптамалық зерттеулерді барынша қысқа мерзімде жүргізу туралы Меморандумға қол қойылды.

Осы бағыттағы жұмыс әскери прокуратура органдарымен  жалғастырылады.

 

Бас әскери прокуратура