Әскери соттардың сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдар өзара іс-қимылды күшейтуде

Әскери соттардың сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдар өзара іс-қимылды күшейтуде

Әскери сотта Бас әскери прокуратураның қатысуымен сот актілерін мәжбүрлеп орындау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараға Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитетінің, Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің, сондай-ақ Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының өкілдері қатысты.

Іс-шара аясында атқарушылық іс жүргізудің өзекті мәселелері талқыланып, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірленді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың әрекеттерін үйлестірудің қосымша тетіктері айқындалды.

Іс-шара қатысушылары алдында сөз сөйлеген Бас әскери прокурор Дастан Секенов сот шешімдерінің нақты орындалуы – заң үстемдігінің және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімінің басты көрсеткіші екенін атап өтті. Сот актісі өзінің мақсатына тек іс жүзінде орындалып, бұзылған құқықтар қалпына келтірілген жағдайда ғана жетеді.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша «Сот актілерін мәжбүрлеп орындау мәселелері жөніндегі мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастық туралы» меморандумға қол қойылды.

Құжат уәкілетті органдар арасында жедел ақпарат алмасуды; бірлескен іс-шараларды үйлестіруді; құқық қолдану практикасын жетілдіруді; сот шешімдерінің орындалуының бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету бойынша келісілген шараларды әзірлеуді көздейді.

Әскери прокуратура органдары атқарушылық іс жүргізу саласында сот шешімдерінің орындалуының бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ете отырып, жүйелі қадағалау жұмысын жалғастырады.

 

Бас әскери прокуратура