Бас әскери прокуратура алқасының кеңейтілген отырысы өтті, онда 2025 жылдағы әскери прокурорлар қызметінің қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге жұмыстың басым бағыттары айқындалды.
Отырысқа бейнеконференцбайланыс арқылы аймақ және гарнизон әскери прокурорлары қатысты.
Алқа отырысын аша отырып, Бас әскери прокурор Дастан Секенов әскери салада заңдылықты қамтамасыз ету, әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау және тәртіпті нығайту бағытында қол жеткізген нәтижелерді атап өтті.
Бас әскери прокуратураның ұсынысы бойынша Үкімет тұрғын үй төлемдеріне бірінші кезектегі мәртебе берді, бұл 40 мыңнан астам әскери қызметшінің құқықтарын қалпына келтіруге және 11 млрд теңге сомасындағы берешекті өтеуге мүмкіндік берді.
Мүмкіндігі шектеулі балалары бар әскери қызметшілердің отбасыларына қосымша тұрғын үй төлемдерін беру қамтамасыз етілді.
Әскери медициналық мекемелерді қамтамасыз ету нормалары қайта қаралды, нәтижесінде госпитальдар мен емханалар медициналық техникамен бірыңғай мемлекеттік стандарттар бойынша жабдықтау мүмкіндігіне ие болды.
Ауруларды ерте кезеңде анықтау және әскери қызметшілерге уақтылы медициналық көмек көрсету мақсатында міндетті медициналық скрининг пен заманауи диагностикалық әдістемелер енгізілді.
Әскери бөлімдерде әскери қызметшілердің қаржылық сауаттылығын арттыру жұмыстары жүргізіліп, несиелік міндеттемелер мәселелері бойынша тегін құқықтық көмек көрсетіледі.
Шақыру кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында Бас әскери прокуратураның бастамасы бойынша Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерімен шақырылушыларды жинау пункттеріне жеткізу алгоритмі әзірленіп, бекітілді.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 16 млрд теңге залал өтелді, оның ішінде мемлекет кірісіне 4,7 млрд теңге өндірілді.
Қадағалау шараларының нәтижесінде сотталғандарды теміржол көлігімен тасымалдау үшін бөлінген 300 млн теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді.
Қорғаныс қажеттіліктеріне арналған тауарларды сату кезіндегі әкімшілік кедергілерді жою 120-дан астам отандық өндірушінің құқықтарын қорғауға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, артық құжаттарды ұсыну талаптары жойылып, уәкілетті орган лауазымды тұлғаларының кейбір әрекеттері заңсыз деп танылды.
Отырысты қорытындылай келе, Бас әскери прокурор әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын қорғауды, «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруды, құқық бұзушылықтардың профилактикасын, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік құқықтарын қорғауды, әскери мүлікті, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтауды, сондай-ақ әскери инфрақұрылымды дамытуды басым міндеттер ретінде белгіледі.
Бас әскери прокуратура