Бас әскери прокурордың Приозерск гарнизонына іссапарының қорытындылары

Бас әскери прокурордың Приозерск гарнизонына іссапарының қорытындылары

Приозерск гарнизонына жұмыс сапары барысында Бас әскери прокурор Дастан Секенов әскери бөлімдер мен мекемелердің қолбасшылығы, құқық қорғау органдарының өкілдерінің қатысуымен  ведомствоаралық кеңес өткізді.

Назарға алынған негізгі мәселе – Бас әскери прокуратураның әскери ведомстволармен бірлесіп әзірлеген «Әскердегі заң және тәртіп» және «Цифрлық профилактика» бағдарламаларын іске асыру болды.

Өз сөзінде Дастан Секенов Президент жариялаған «Заң мен Тәртіп» идеологиясына және құқықбұзушылықтарға нөлдік төзімділік қағидатына сәйкес әскерде жүйелі профилактикалық жұмысты жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

Басты назар оқ-дәрі сақтау орындарында және «Сары-Шаған» полигонында далалық оқу-жаттығуларды өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне аударылды. Әскери қызметшілердің қаза табуы мен жарақаттануының алдын алу, әскери қызметке шақыру кезінде заңдылықты сақтау және әскери қызметшілердің әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету шаралары талқыланды.

Сапар барысында Бас әскери прокурор әскери қызметшілерді әлеуметтік және құқықтық сипаттағы өзекті мәселелері бойынша қабылдады, әскери бөлімдерде жеке құрамның тұрмыстық жағдайымен танысты. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ағаш көшеттерін отырғызуға қатысты.

Бас әскери прокуратура еліміздің Қарулы Күштерінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды одан әрі жүзеге асырады.

 

Бас әскери прокуратура