Бас әскери прокурордың Петропавл гарнизонына жұмыс сапарының қорытындылары

Бас әскери прокурордың Петропавл гарнизонына жұмыс сапарының қорытындылары

Бас әскери прокурор Дастан Секенов Петропавл гарнизонына жұмыс сапары аясында әскери бөлімдер мен мекемелердің командалық құрамы, сондай-ақ құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық кеңес өткізді.

Гарнизонның өзіндік ерекшелігін ескере отырып, Бас әскери прокурор Дастан Секенов басым бағыттардың қатарында Ұлттық ұлан күштерімен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету, олардың материалдық-техникалық жабдықталуын жаңғырту, сондай-ақ Мемлекеттік шекараны күзету және шекаралық инфрақұрылымды дамыту бойынша Шекара қызметі бөлімшелерінің қызметіне қатысты мәселелерді атап өтті.

Сонымен қатар, ол әскердегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған ортақ міндеттерді бұлжытпай орындаудың маңыздылығын атап өтті. Осы орайда, әскери қызметшілер арасында қаза болу мен жарақат алу жағдайларын болдырмау, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту, әскери қызметке шақыру кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке құрамның әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру міндеттері қойылды. Профилактикалық жұмыс «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасына сай, нөлдік төзімділік қағидаты негізінде жүргізілуі тиіс.

Бас әскери прокуратураның әскери ведомстволармен бірлесіп әзірлеген «Әскердегі заң және тәртіп» пен «Цифрлық профилактика» бағдарламаларын іске асыру шаралары қаралды.

Кеңестен кейін Дастан Секенов әлеуметтік-құқықтық мәселелер бойынша азаматтар мен әскери қызметшілерді жеке қабылдап, әрқайсысына тиісті түсіндірмелер берді.

 Сондай-ақ ол гарнизондағы әскери прокуратура қызметкерлерінің қызмет ету жағдайымен танысты.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Петропавл қаласындағы Прокурорлар аллеясында Бас әскери прокурор ағаш көшеттерін отырғызу шарасына қатысты.

Бас әскери прокуратура әскердегі заңдылықты қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларын жалғастыратын болады.

 

Бас әскери прокуратура