Бас әскери прокуратура алқасының кеңейтілген отырысы: бірінші жартыжылдықтың қорытындылары

Бас әскери прокуратура алқасының кеңейтілген отырысы: бірінші жартыжылдықтың қорытындылары

Бас әскери прокуратурада аймақтық және гарнизондық әскери прокурорлардың қатысуымен алқаның кеңейтілген отырысы өтіп, онда ағымдағы жылдың өткен кезеңіндегі қадағалау қызметінің нәтижелері қорытындыланды.

Отырысты аша отырып, Бас әскери прокурор Дастан Секенов әскери прокуратура органдары заңдылықты нығайту, әскери қызметшілердің құқықтарын қамтамасыз ету және әскердегі құқықтық тәртіпті сақтау жөніндегі міндеттерді дәйекті түрде іске асырып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттағы негізгі құрал – қорғаныс жүйесінің жұмыс істеуін құқықтық қамтамасыз етуге және әскери қызметшілер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға кешенді тәсілді көздейтін «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы болып табылады.

Тұжырымдаманы іске асыру аясында әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау тетіктерін кеңейту, профилактикалық жұмысты күшейту және қорғаныс саласындағы заңнаманың сақталуына қадағалауды арттыру шаралары жандандырылды.

Қадағалау қызметінің тиімділігіне ерекше назар аударылуда.

Әскери прокурорлардың қадағалау шаралары нәтижесінде 12 миллиард теңгеден астам қаржы өтелді, оның 1,6 миллиард теңгесі – мемлекет пайдасына өндірілді. Мемлекеттік меншікке жалпы құны 390 миллион теңгені құрайтын мүлік қайтарылды. Оның ішінде нарықтық құны 1,7 миллиард теңге болатын 85 пәтер әскери ведомстволардың есебіне қойылды.

Басты басымдықтардың қатарында – әскери қызметшілердің әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету мәселесі тұр. Прокурорлардың қабылдаған шаралары нәтижесінде 40 мың әскери қызметшінің тұрғын үй төлемдері бойынша 11 миллиард теңгеден астам қарыз өтелді.

200-ден астам мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған әскери қызметшіге жалпы сомасы 3 миллиард теңге көлемінде өтемақы төленді. Бас әскери прокуратураның қадағалау актісі негізінде осындай балаларға медициналық-әлеуметтік қолдау көрсетуге жағдай жасалған облыс орталықтарына 74 әскери қызметшіні ауыстыру (ротациялау) мүмкіндігі қамтамасыз етілді.

Шақыру саласында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Шақыру науқанын өткізу кезінде заңдылықтың сақталуына қадағалау күшейтілді. Тексерулер нәтижесінде жіберілген заңбұзушылықтар үшін бірқатар өңірлерде қорғаныс істері жөніндегі департамент басшыларын, әкімдердің орынбасарларын және аппараттарының жетекшілерін қоса алғанда, 175 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Әскери қызметке шақырылушыларды заңсыз жеткізу фактілерін болдырмау мақсатында, Бас әскери прокуратураның бастамасымен Қорғаныс және Ішкі істер министрліктері тиісті іс-қимыл алгоритмін әзірлеп, бекітті. Бұл құжат азаматтардың шақыру орындарына келу заңдылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Құқық бұзушылықтардың алдын алу шеңберінде әскери бөлімдерде көшпелі (көрсетілімді) сот процестері белсенді түрде өткізіліп келеді. Бұл тәжірибе құқықтық тәрбиенің және тәртіпті нығайтудың тиімді құралы ретінде өз тиімділігін дәлелдеді. Соттарға жолданған істердің жартысы дәл осындай форматта қаралды. Ашық тыңдаулармен 8,5 мыңнан астам әскери қызметші қамтылды.

Профилактиканың жаңа түрлерін енгізуге ерекше назар аударылуда. Әскери органдармен бірлесіп, 2025–2028 жылдарға арналған «Әскердегі заң және тәртіп» және «Цифрлық профилактика» атты ведомствоаралық бағдарламалар бекітілді.

Бағдарламалар мүлікті есепке алуды цифрландыруды, жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйелерін енгізуді, сондай-ақ атыс, оқу-жаттығулар, қарауыл қызметі мен жауынгерлік кезекшілік кезінде әскери қызметшілерді бейнежетондармен жабдықтауды көздейді.

Сонымен қатар, жеке құрамды құқықтық ағарту жұмыстарының жаңа формаларын енгізу және кіші буын командирлерін бағынысты қызметкерлермен өзара іс-қимыл, қауіпсіздік шараларын сақтау, оның ішінде қарумен жұмыс істеу мәселелері бойынша арнайы даярлықтан өткізу қарастырылған.

Әскери ведомстволар бағдарламаларды іске асыруды бастап кетті. Нақты оң нәтижелер күтілуде.

Отырыстың қорытындысында Бас әскери прокурор заңдылықты күшейту, әскери қызметшілердің әлеуметтік құқықтарын іске асыру және құқықбұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыру бойынша негізгі бағыттарды айқындап, нақты тапсырмалар берді.

Әскери прокуратура органдары жеке құрамды құқықтық ағарту, құқықбұзушылықтардың алдын алу және әскери ортадағы қылмысқа қарсы күресті үйлестіру бағытында кешенді шараларды іске асыруды жалғастырады.

 

Бас әскери прокуратура