ҚР Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыскерлікке қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы Бас әскери прокурор Дастан Секеновтің төрағалығымен өтті.
Отырысты ашқан Дастан Секенов әскери қызметшілердің қаза болу жағдайлары мен әскердегі қылмыстың алдын алу – барлық әскери ведомстволардың бірлескен қызметіндегі басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын кеңінен орнықтыру, сондай-ақ Қарулы Күштер мен өзге де күштік құрылымдарда темірдей тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруды жалғастыру қажет.
Отырыста әскери ортада құқық бұзушылықтарды азайтуға бағытталған профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру, әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауды, сондай-ақ қызмет атқару кезінде техника қауіпсіздігінің сақталуын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Бас Прокурор Берік Асыловтың тапсырмасы бойынша Бас әскери прокуратура әскери ведомстволармен бірлесіп, профилактикалық қызметтің тиімділігін арттыруға және әскери ортада құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған «Әскердегі заң және тәртіп» және «Цифрлық профилактика» бағдарламаларының жобаларын әзірледі.
Бағдарламаларды 2025–2028 жылдары іске асыру жоспарланған.
Басты назар жеке құраммен жүргізілетін түсіндіру жұмысының сапасын арттыруға аударылды. Бұл бағытта сабақтар барысында интерактивті құралдарды (бейнероликтер, слайдтар), жағдаяттық тапсырмаларды кешенді түрде пайдалану, психологтарды қатыстыру және аудиторияны осы процеске белсенді тарту көзделген.
Төменгі буын командирлерінің бағыныстылармен өзара іс-қимыл және жұмыс жүргізу бойынша даярлығын жетілдіру, сондай-ақ әскери психологтардың біліктілігін арттыру қарастырылған.
Құқық бұзушылықтардың алдын алуға IT-технологияларды енгізуге айрықша назар аударылды.
Үйлестіру кеңесінің шешімімен аталған бағдарламалар бекітілді.
Бұрын Бас Прокурор «Х» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялағандай, бағдарламаларды іске асыру шеңберінде әскери бөлімдерді жасанды интеллект элементтері бар заманауи бейнебақылау жүйелерімен кезең-кезеңімен жабдықтау, әскери қызметтің жекелеген міндеттерін орындау кезінде командирлер мен сарбаздарды бейнежетондармен қамтамасыз ету жоспарланған.
Әскери қызмет туралы ақпаратқа қол жеткізу және оны алу мәселелері бойынша азаматтарға көмек көрсету мақсатында жасанды интеллект негізінде цифрлық кеңесші әзірлеу жұмысы басталды (пилоттық жоба Қорғаныс министрлігінің armia.kz ведомстволық сайтында жүзеге асырылуда).
Шақыру комиссияларының жұмысының ашықтығы мен объективтілігін арттыру мақсатында олардың отырыстарын аудио-бейнетіркеумен қамтамасыз ету жоспарда бар.
Бас әскери прокуратура
#Заң_мен_Тәртіп