Бас әскери прокурордың Орал гарнизонына іссапарының қорытындылары

Бас әскери прокурордың Орал гарнизонына іссапарының қорытындылары

Бас әскери прокурор Дастан Секенов Орал гарнизонына барған іссапар аясында әскери бөлім командирлері мен құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық кеңес өткізді.

Кеңесті аша отырып, Дастан Секенов «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде гарнизонның ерекшеліктерін ескере отырып, негізгі күш-жігерді Шекара қызметі мен Ұлттық гвардия бөлімшелерінде құқық бұзушылықтардың профилактикасына, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағыттау қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ кеңес барысында әскери қызметшілердің әлеуметтік құқықтарын жүзеге асыру және әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Бас әскери прокурор кеңестен кейін гарнизон қызметкерлерімен кездесіп, олардың қызмет пен тұрмыс жағдайларымен танысты, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың профилактикасын іске асыруда көзге түскен кіші құрам командирлеріне — 5517 әскери бөлімінің аға сержанты Сәкен Төлеев пен «Шалқар» шекара бөлімшесінің аға лейтенанты Елдар Сайлауовқа — алғыс хаттар тапсырды.

Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін қабылдау өткізілді, оның барысында әлеуметтік-құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

 «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Дастан Секенов Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының аумағында ағаш көшеттерін отырғызуға қатысты.

Сонымен қатар, облыс басшылығымен және аумақтық құқық қорғау органдарының өкілдерімен жұмыс кездесулері өткізілді, олардың барысында қорғаныс және әскери қауіпсіздік саласында заңдылықты қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимыл мәселелері  талқыланды.

Бас әскери прокуратура әскердегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған шараларды одан әрі жалғастыратын болады.

 

Бас әскери прокуратура

#Заң_мен_Тәртіп