Бас әскери прокурор Дастан Секенов Сарыөзек гарнизонына барып, әскери бөлім командирлері мен гарнизондағы құқық қорғау органдарының өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық кеңес өткізді.
Кеңесті аша отырып, Дастан Секенов әскери прокуратура органдарының, әскери ведомстволар мен құқық қорғау органдарының үйлесімді өзара іс-қимылының, сондай-ақ «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын белсенді жүзеге асырудың арқасында биыл әскерде, оның ішінде Сарыөзек гарнизонында қылмыс деңгейін төмендетуге қол жеткізілгенін атап өтті.
Әскери қызметшілер мен олардың отбасыларының әскери қалашықтарда шоғырлана қоныстануын ескере отырып, негізгі назарды көше қылмыстарының профилактикасына, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреске, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, сондай-ақ әскери қалашықтарда және одан тыс жерлерде жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын болдырмауға аудару қажет.
Кеңес барысында әскери қызметшілердің әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету, олардың тұрғын үй жағдайын жақсарту және өңірдің әскери инфрақұрылымын дамыту мәселелері де қаралды. Әскери бөлімдерді бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау және жеке құрамды тамақтандыруды ұйымдастыру кезінде ведомстволық нормативтік актілер талаптарының сақталуын қамтамасыз ету шаралары талқыланды.
Гарнизон басшылығы әскери қалашықтағы құқықтық тәртіпті нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және тұрғындардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етуге бағытталған Бас әскери прокуратураның «Әскери қалашық: қауіпсіздік пен жайлылыққа» жобасының іске асырылуы туралы хабарлады. Бүгінгі таңда жоба аясында зейнеткерлерге арналған бос уақытты өткізу орталығы, балалар ойын және спорт алаңдары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізуге арналған орын пайдалануға берілді.
Сондай-ақ Дастан Секенов «Айбын» және «Жұлдыз» әскери қалашықтарына барып, әскери қызметшілермен, олардың отбасыларымен және мерзімді қызметтегі сарбаздармен кездесті, оларды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Көшпелі жеке қабылдауда Бас әскери прокурор әскери зейнеткерлер мен кәсіпкерлік қауымдастық өкілдерін қабылдады. Қабылдауға келгендер әлеуметтік және құқықтық сипатта қойылған сұрақтар бойынша түсіндірмелер алды.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай «Жұлдыз» қалашығында «Естелік аллеясы» құрылған, мұнда Бас әскери прокурор ағаш отырғызу шарасына қатысты.
Жұмыс кездесулерін аяқтай отырып, Дастан Секенов гарнизон прокуратурасының жеке құрамымен кездесіп, олардың қызмет және тұрмыс жағдайларымен танысты.
Гарнизон прокуратурасының қызметкерін туған күнімен құттықтап, оның қызына балалар сурет байқауында жүлделі орын алғаны үшін грамота мен естелік сыйлықты табыс етті.
Бас әскери прокуратура әскерде құқықтық тәртіпті нығайту және заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.
Бас әскери прокуратура
#ЗАҢ_мен_ТӘРТІП