Әуе көлігі жолаушыларының құқықтары туралы

Әуе көлігі жолаушыларының құқықтары туралы

Бас көлік прокуратурасы авиакомпанияның кінәсінен рейстердің күші жойылған немесе кешіктірілген кезде жолаушылардың құқықтары туралы түсіндіреді.

Қолданыстағы заңнамада ("Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" ҚР Заңының 86-бабы) авиакомпанияның жолаушылар алдындағы бірқатар міндеттемелері белгіленген.

Осылайша, тасымалдаушының кінәсінен рейс 2 сағаттан артық тоқтатылған немесе кідіртілген жағдайда жолаушыларға салқын сусындар, 4 сағаттан артық (күндізгі уақытта әр 6 сағат сайын және түнгі уақытта 8 сағат сайын) ыстық тамақ, ана мен бала бөлмесі (7 жасқа дейін), қонақ үй мен көлік (күндізгі уақытта 8 сағаттан артық және түнгі уақытта 6 сағаттан артық) беріледі.

Сондай-ақ, жолаушыға рейстің кешіктірілуінің әрбір сағаты үшін билет құнының 3% мөлшерінде (кідіріс болған ұшу учаскесі), бірақ билет құнынан аспайтын айыппұл төлеу көзделген.

Мысалы, авиабилеттің құны 35 000 теңге болса, рейсті кешіктірген әрбір сағат үшін айыппұл мөлшері 1 050 теңгені құрайды.

Айыппұл сомасын алу үшін жолаушы тиісті авиакомпанияға жүгінуі керек.

Авиакомпания міндеттемелерін орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 567-бабында әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Мұндай фактілер бойынша хаттамаларды азаматтық авиация комитеті жасайды.

Бас көлік прокуратурасы