Халықаралық автомобиль тасымалы саласындағы көліктік бақылаудың кемшіліктері Бас көлік прокуратурасы жанындағы Үйлестіру кеңесінде қаралды

Халықаралық автомобиль тасымалы саласындағы көліктік бақылаудың кемшіліктері Бас көлік прокуратурасы жанындағы Үйлестіру кеңесінде қаралды

Көліктегі үйлестіру кеңесінің жұмысына құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың, бейінді министрліктердің және басқа да орталық ведомстволардың өкілдері қатысты.

Кездесуде бірінші кезекте халықаралық көлік саласындағы көлік заңнамасы асығыс және құқықтық болжау рәсімін сақтамай қабылданған нормативтік актілерге негізделгені көрсетілді.

Сондықтан Көлік министрлігі үшін басым міндеттердің қатарында осы саладағы нормативтік құқықтық актілерді дайындау сапасын арттыру, сондай-ақ қолданыстағы нормаларда отандық тасымалдаушылардың жағдайын нашарлататын жағдайларды алып тастау қажеттігі айқындалды.

Сондай-ақ кеңес отырысында бейінді министрлікпен басқа да орталық органдар арасында көлік саласына қолайлы жағдайлар жасау және оны дамыту үшін халықаралық автомобиль тасымалдарына мониторинг пен бақылауды жүйелі негізде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірыңғай алгоритм жоқ екендігі атап өтілді.

Бұған қаржы, ішкі істер, денсаулық сақтау министрліктерімен және басқа да мүдделі органдар арасында цифрлық ортада жолға қойылған ведомствоаралық ақпараттық өзара іс-қимылдың болмауы айтарлықтай дәрежеде кедергі келтіреді.

Осыған байланысты Көлік министрлігіне қысқа мерзімде тиісті алгоритм әзірлеуге және көліктік бақылаудың автоматтандырылған жүйелерін басқа бақылаушы органдардың жүйелерімен интеграциялаудың проблемаларын шешуге мүмкіндік беретін шаралар кешенін қабылдау тапсырылды.

Еліміздің жолдарында автокөлік құралдарының салмақтық және габариттік параметрлерінің асып кетуін айқындайтын электрондық өлшеу құрылғыларының жұмысы бойынша елеулі кемшіліктер айтылды.

10 жыл ішінде олардың жұмысы реттелмеген, нәтижесінде 800 мыңнан астам көлік құралдары автоматтандырылған бақылаудан тыс қалды, ол өз кезегінде жолдарды жөндеуге бөлінетін миллиардтаған шығынға алып келеді.

Осы себепті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне көлік инспекторлары тарапынан ықтимал сыбайлас жемқорлық көріністерінің жолын кесуге бағытталған алдын алу шараларын әзірлеу ұсынылды.

Сондай-ақ бейінді министрлік үшін басым міндеттердің қатарына отандық тасымалдаушыларға жүктерді халықаралық тасымалдауға шетелдік рұқсаттар беру бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру белгіленді.

Көлік прокурорларының іріктеп тексеру нәтижелері бойынша осындай рұқсат құжаттарын заңсыз берудің 400-ден астам фактілері анықталды.

Сондықтан Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне көліктік бақылау органдарының мемлекеттік қызметтер көрсетуінің заңдылығына толыққанды талдау және тексеру жүргізу ұсынылды.

Осы және басқа да тапсырмалар бойынша орындаудың нақты мерзімдері айқындалып, оларды іске асыру барысын Көліктегі үйлестіру кеңесінің Хатшылығы бақылайтын болады.    

Бас көлік прокуратурасы