Контрабандалық валюта тәркіленді

Контрабандалық валюта тәркіленді

22.04.2022ж. Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының №2 сотының үкімімен Ресей Федерациясының азаматшасы 49 650 АҚШ долларды, 15 000 еуроны және Ұлыбритания Біріккен Корольдігінің 8 600 фунт стерлингті контрабандалық жолмен әкеткені үшін кінәлі деп танылды.

Аталған фактіні азаматшаның Нұр-Сұлтан қаласынан Варшава қаласына ұшып шыққан кезінде шекара қызметкерлері анықтады.

Қылмыстық істі қарау шеңберінде сот ақша қаражаты түріндегі контрабанда заттарын иесіне қайтарылуға жатады деген қате қорытынды жасады. 

Үкім прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша ҚПК-нің 118-бабының 3-бөлігінің 4-тармағына сәйкес түзетілді, шетел валютасы мемлекет пайдасына тәркіленді. 

Сонымен қатар, еліміздің азаматтары мен қонақтарының назарын кедендік бақылаудан өту кезінде міндетті декларацияға он мың АҚШ долларына баламалы сомадан асатын шетел валютасы жататынына аударамыз.

Бұл талаптар «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодекстің 343-бабы 1-бөлігінің 7) тармақшасында және Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден Кодексінің 260-бабы 1-бөлігінің 7) тармақшасында көзделген.

Бұдан басқа, елдің ұлттық мүдделерін қорғау және Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 14.03.2022ж. Жарлығымен 10 000 (он мың) АҚШ доллары баламасынан асатын сомада қолма-қол шетел валютасын және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын және алтын құймаларды әкету шектелді. 

Осыған байланысты, азаматтарды кедендік бақылаудан өту және мемлекеттік шекарадан өту кезінде мұқият болуға шақырамыз.   

Бас көлік прокуратурасы