9 келіден астам марихуана анықталған және тәркіленген

9 келіден астам марихуана анықталған  және тәркіленген

Шығыс Қазақстан көлік өңірінде аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау мен тасымалдаудың жолы кесілді.

Құқық қорғау органдарының есірткінің таралуына жол бермеу жөніндегі жұмысын үйлестіру көлік прокуратурасы қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.

Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасымен өткізілген ведомствоаралық кеңестің нәтижелері бойынша Өскемен-1 станциясындағы Желілік полиция бөлімімен бірлесіп, көлікте есірткінің таралуына жол бермеу жөніндегі нақты іс-шаралар жоспары әзірленді, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге нұсқау берілді, бұл өз нәтижесін берді.

2021 жылдың желтоқсанында Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде бұрын сотталған Өскемен қаласының тұрғыны К. азаматты есірткі құралдарын заңсыз сақтау және өткізу күдігі бойынша ұстады.

Оның жұмыс істейтін және тұратын жерлерінде, сондай-ақ автокөлікте тінту жүргізу кезінде жалпы салмағы 9 килограмнан асатын «кептірілген марихуана» есірткі құралдары табылып, өлшеп-оралған күйінде тәркіленді.

Бұл әрекеттер ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі 3-тармағында көзделген аса ауыр қылмыс ретінде сараланған.

2022 жылғы 12 мамырда ШҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен К. азаматы аталған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды, есірткі құралдары жойылды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

 

 

Шығыс Қазақстан облысы

көлік прокуратурасы