Кірме жолдарды пайдалану үшін тарифтер төмендетілді

Кірме жолдарды пайдалану үшін тарифтер төмендетілді

Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасы кәсіпкерлермен жүктерді теміржол арқылы тасымалдау кезінде кірме жолдарды пайдалану үшін тарифтерді негізсіз көтеру фактілерін анықтады.

«Табиғи монополиялар туралы» Заңға сәйкес бәсекелес кірме жол болмаған кезде оны ұсыну бойынша қызметтер көрсететін жолдың меншік иесі уәкілетті органға табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне енгізу туралы өтініш беруге міндетті.

Алайда «ТАБЫС TRADE» ЖШС темір жол жалғау жолдарының меншік иесі бола отырып, табиғи монополиялар субъектілерінің тіркелімінде болмаған және контрагенттерден өз жолдары арқылы жүргені үшін артық төлем алған.

Прокуратураның қабылдаған шараларымен аталған ұйым табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне енгізілді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті кірме жолдарды пайдаланғаны үшін «ТАБЫС TRADE» ЖШС тарифін 16,3%-ға төмендетті.

Осылайша, көлік прокурорлары 2 жыл бойы кірме жолдарды негізсіз жоғары тарифпен пайдаланған 18 бизнес субъектісінің құқықтарын қорғады. Аталған кәсіпкерлердің артық төлемдері қайта есептелді.

Бизнес құқықтарын бұзу фактілері туралы Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасына (Өскемен қаласы, Увалиева көшесі,4) 8(7232)61-40-69; 8(777)855-84-96 «жедел желі» телефоны арқылы хабарласа аласыз.

Бас көлік прокуратурасы