Жүк тасымалдаушыларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы мыңнан астам хабарламасы жойылды

Жүк тасымалдаушыларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық  туралы мыңнан астам хабарламасы жойылды

Автожолдарда ауыр жүк көліктерінің салмақ параметрлерін автоматты түрде өлшеу (бұдан әрі – ААӨҚ) үшін арнайы құралдар орнатылғаны белгілі.

Тасымалданатын жүк салмағы тиісті мөлшерден асып кеткен жағдайда автокөлік туралы мәліметтер көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлеріне жолданады.

Олар істің мәні бойынша қарауды бастап, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хабарламаны көбінесе кәсіпкерлікпен айналысатын автокөлік иелерінің мекенжайына жолдайды.

Жүк тасымалдаушылардың инспекция қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты шағымдары көлік прокурорларының назарын аударды.

Нәтижесінде, Ақмола, Көкшетау және Жамбыл көлік өңірлерінде уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, ААӨҚ бақылау өлшеулері жүргізілді.

Техникалық іркіліс себебінен өлшеу аппараты жалған параметрлерді көрсетіп, оның негізінде кәсіпкерлерге әкімшілік құқық бұзушылық жасалғаны туралы хабарламалар жолданғаны анықталды.

Оларды пайдалануды тоқтата тұру туралы шешім бірден қабылданды.

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша жалпы сомасы 190 млн.теңгеге 1 194 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хабарлама жойылды.

Бас көлік прокуратурасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топтар жұмысының басқа да мысалдары бар.

БҚО кәсіпкерлерінің өтінішіне дереу жауап берген мобильді топ кеденшілердің 8 ауыр жүк көлігін ұзақ тексеру фактісінің жолын кесті. Жүк босатылып, кінәлілер жазаланды.

ҚТЖ Павлодар филиалы қандай да бір заңды негіздерсіз кәсіпкерлердің тауарларын тиеуге тыйым салды. Прокуратураға жүгінгеннен кейін филиалдың шешімі жойылды.

Осылайша, барлық деңгейлерде мобильді топтардың жұмысы күшейтіліп, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша жедел шаралар қабылдауға бағдарланған.

 Бас көлік прокуратурасы