«Бомба туралы әзілдің өзі – қылмыстық жауаптылық»: Қазақстан әуежайларының отырғызу талондарында ескертулер пайда болды

«Бомба туралы әзілдің өзі – қылмыстық жауаптылық»: Қазақстан әуежайларының отырғызу талондарында ескертулер пайда болды

Бас көлік прокуратурасының бастамасымен халықаралық әуежайлардың отырғызу талондарының артқы бетінде алдын алу материалдары орналастырылды. Онда жолаушыларға терроризм актісі туралы жалған хабарлама бергені үшін қылмыстық жауаптылыққа, сондай-ақ белгілі бір заттарды тасымалдауға тыйым салынғаны ескертіледі.

Енді жолаушылар отырғызу талонын алған кезде бомба туралы ойланбай айтылған «әзілдің» өзі қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін екендігі туралы қосымша ақпараттанады. Сонымен қатар, жадынамада тасымалдауға тыйым салынған заттар, соның ішінде кастеттер, атыс қаруы, оқ-дәрілер және басқа да қауіпті бұйымдар туралы мәлімет берілген.

Жаңа профилактикалық бастамаға әлеуметтік желі қолданушылары назар аударып үлгерді. Әсіресе, отырғызу талондарындағы ескертулер туралы блогер Айдархан Мейірхан айтып берді.

Қазіргі уақытта бұл тәжірибе Астана, Алматы, Түркістан және Қарағанды халықаралық әуежайларында енгізілді. Жақын арада мұндай алдын алу материалдарын елді басқа әуежайларында да орналастыру жоспарланып отыр.

Бұл бастама көлік және авиациялық қауіпсіздік деңгейін арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолаушылардың жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылуда.

 

Бас көлік прокуратурасы